maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Мәңгілік ел және ұлы дала құндылықтары: отбасының орны мен рөлі

Мәңгілік ел  және ұлы дала құндылықтары: отбасының орны мен рөлі

Отбасы – тұлға тәрбиелеудің және оны қоғамның сан қырлы жақтарын игеруіне мүмкіндік туғызатын ең алғашқы әлеуметтік орта. Тұлға отбасында өмірдің мәнін, оның мақсаты мен міндеттерін, құндылықтарын игереді, басқалармен қарым-қатынас жасау дағдыларын, өмірлік ұстанымдарын қалыптастырады, өзін-өзі ұстаудың нормалары мен мінез-құлқын реттеудің өлшемдерін меңгереді.  Демек, отбасы – адам баласының алтын діңгегі, оның адамзат ұрпағына деген ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды.

Қазіргі таңда әлемдік жаһандану үдерісінің ұлттық мәдениетке, дәстүрлі ұлттық құндылықтарға тигізетін кері ықпалы күшейді. Қоғамымызда осындай үдерістердің үдеуі салдарынан жас буын жат елдің мәдениетіне еліктеп, сан ғасырлық ата дәстүрлерімізді, ұлттық құндылықтарымызды ұмыта бастады. Осыған орай жас ұрпақты ұлттық құнды­лықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Әлемдік өркениет бұл – мәдениеттердің бір-біріне кірігуі ғана емес, әр халық мәдениетінің өз болмысын сақтай отырып, әр халықтың өзін-өзі танып-білуі, өркениетті елдер арасында тең дәрежеге жетуі. Ұлттық мектебіміздің философиясы дәстүрлі түркілік өркениетпен тең қарым-қатынаста сұхбат жасай алатындай болуы керек. Мектепте баланың тарыдай болып кірген күнінен таудай болып шыққанына дейінгі аралығында жандүниесінің ұлттық рухта қалыптасып, оған ұлттық мәдениет, салт-дәстүр сіңіре білген жөн.

Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде: «Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауалдың жиі талқыға түсіп жүргенін естіп, біліп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстырар ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – «Мәңгілік Ел» идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – «Мәңгілік Ел», – деді. Елордада өткен патриоттар форумы да Елбасымыздың осы идеясына арналды. Форум кезінде «Бір ел – бір отбасы» атты жобаның басталғанының хабарлануы көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл жоба аясында патриоттық тәрбие басымдықтарын, болашағы біртұтас ұлтымыздың зияткерлік, мәдени және рухани құндылықтарын ілгері бастыруға бағытталған кең ауқымдағы акциялар мен әлеуметтік шаралар өткізу көзделуде. Мемлекет басшысы өз тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау арқылы «Мәңгілік Ел» бола алатынымызды атап өтті. Сонымен қатар, Елбасы «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезі барысында: «Мәңгілік Ел» идеясы оқу бағдарламасына енуі керек. Бұл идея қазақстандық бірегейлік бағытындағы ең маңызды құжатқа, екінші конституцияға айналуы қажет. Осыны ұғынуға тиіспіз», – деді.

Кез-келген мемлекет пен қоғамның өмір сүруі оның біртұтастығының сақталуына тәуелді. Бәлкім, сондықтан да болар, Республика Президенті тілін, тарихын, мәдениеті мен дәстүрін қадірлей білген халықтың ғана толыққанды ұлт бола алатындығын, ал қоғамда салт-дәстүр үрдістерін сақтаудың маңызды институты – отбасы болып табылатындығын, соған байланысты, мемлекеттікті нығайтудың маңызды факторы ретінде, ең алдымен дәстүрлі отбасылық құндылықтардың қадіріне жету қажеттігін атап көрсеткен болатын. Міне, осынау маңызды міндеттің үдесінен шығу үшін, әуелі тартымды отбасы үлгісін қалыптастыруға жағдай туғызу қажет. Өйткені, қай уақытта да болсын, қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылымы ауысқанымен, отбасы тұрақты түрде оның арқау-негізі болып қала беретіндігі белгілі. Осыны ескерген Елбасы «Отбасылық құндылықтарды, көпбалалы ата-ана болуды насихаттау – бұл біздің мемлекетіміздің ең басты міндеттерінің бірі», – деп өркениеттілікке қарай көштің бетін түзеген қоғамымыздың алдында тұрған басты басымдықтарды айқындап берді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабында  «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала қоғам мен мемлекеттің қорғауында болады» деп жазылған. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі отбасы-неке қатынастарын белгілейді және реттейді. Олардың негізгі принциптері – отбасында ерлі-зайыптылардың құқықтарының теңдігі, ал теңдікке жету қоғамдағы және отбасыдағы теңдікке бағытталуы тиіс, сондай-ақ балаларды отбасында тәрбиелеудiң басымдылығы, кәмелетке толмағандар мен мүгедектер отбасы мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесін де заңды тұрғыдан қарастырған.

Түркі ха­лықтарының дүниетанымында от-­басыны «ошақ» деп атайды. Ал, «ошақ» – тек ас-ауқат дайындайтын орын емес, сонымен бірге, мейірім мен нәзіктікке баулитын мекен. «Отан – отбасынан басталады» дейді халық. Отбасының екі тірегі – әке мен ана. Адамды әлеуметтендіру, яғни оның қоғамға енуі, өзгелермен қарым-қатынасы отбасынан басталады. Үлкенді құрметтеп, қадір тұтуды, сыйласа білуді қазақтар отбасында берік ұстанған. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген ұлағатты сөзге ұйыған халықпыз.

Ұлтымыздың сан ғасырлық тарихында осыған дәлел болып отырған мысалдар жеткілікті. Теорияны шартты түрде заң десек, қазақ үшін ол заңдардың негізгісі салт-дәстүрлері. Ал қазақ халқының ежелден өзіндік мәдени, рухани, әдеби, ұлттық дәстүрі қалыптасқан. Халқымыздың тәрбие туралы ұғымдары өз өмірінде заң ретінде қолданылып келді, олардың іске асуын ақсақалдар қадағалаған. Әрбір көшпелі қазақ туыстық-қандастық жүйені тарата білуді өмір сүрудің нормасы, моральдық-этикалық өлшемдері деп білген. Мұндай дәстүрдің бұлжымай сақталуына жеті аталық үрдіс ұйытқы болып отырған. «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы», «Ат тұяғын тай басар» деп қазақ халқы атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді сақтап, өсиет-өнегелерін өзіне үлгі тұтып, әулеттік тағылымдарды құрметтеп, адамгершілік қағидаларын қалтқы­сыз орындауды жас ұрпақтың міндеті, ұрпақтық борышы деп білген. Сол себепті ата-бабаларымыз: «Ата-тегін айтқанның айыбы жоқ» деп ұрпақтарына жеті атасын білуді аманат етіп қалдырған. Қазақ халқында ұлттық құндылықтардың бірі ретінде отбасында ағайындық-туысқандық қарым-қатынастарға ерекше көңіл бөлінеді.

Әр отбасында «жеті ата» шежіресін ұғындыру, оның маңыздылығын түсіндіру ежелден бар. Балалар өздерінен бас­тап жеті атасына дейін жатқа біліп, олардың кім және қандай адамдар болғаны туралы мақтанып айтып жүрген. Атап өтетін болсақ: тегіміз бала, әке, ата, арғы ата, баба, түп ата, тек ата деп жіктеледі. Ағайындықтары жеті атаға толмайынша қазақтар қыз алысып, қыз беріспеген халық. «Туыстық қан араласса, ұрпақ азады» деп ата-бабаларымыз бұл тәртіпті берік сақтаған. Бұның өзі қанның тазалығын сақтап, дүниеге дені сау, салауатты ұрпақ әкелу мақсатынан туған дәстүр. Қазақ отбасында қалыптасқан құн­дылықтар ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұра болып қалып отырған. Ата-бабаларымыздың өсиеттерін жас ұрпаққа жеткізуші әулеттерге байланысты «текті адам», «тегі дұрыс ұрпақ», «тегі жақсы адамдар» деген ұғымдар көп қолданылған.

Отбасы болмаған жағдайда, жетімдер мен жесірлер көбейеді. Жетім бала көбейген соң, жетімдер үйі қаптайды. Ана мен әкенің тәрбиесін көрмеген, мейіріміне бөленбеген ұрпақ ертең мемлекеттің, ұлттың тізгінін қалай ұстамақ?! Әрбір мемлекеттің ең басты құндылығы адам екені анық. Адамның құндылығы жүрегіндегі адамгершілік, аяушылық, имандылық сияқты сезімдер. Сондай мейірімнен ада, отбасының байлығын сезінбеген тастанды балаларға әлемнің бар байлығын жинап берсең де, ата-ана, отбасының орнын толтыра алмайды. Өткен тарихымызға көз жүгіртсек жетім мен жесірін ел болып тәрбиелеген. Оны мына өнегелі сөздерден көреміз, «Жесір ерден кетсе де елден кетпейді», «Жетім көрсең, жебей жүр», «Ағасы өлсе, ініге мұра» деп мақалдап, әрбір адамгершілік, туыстық қатынасты өз орнына қойған кешегі қазақ қоғамы жетім мен жесірді қорғансыз қалдырмаудың қамын ойлап, тұтас қамқорлық  институтын қалыптастырған болатын. Астан сыбаға, малдан сойыс, егінен кеусен беріп, кез-келген жағдайда асыраушысы жоқ отбасына көмек көрсету бір рулы ел үшін айнымас дәстүр болған. Баз біреуге ескіліктің қалдығындай көрінетін  әмеңгерлік салтының негізінде де осы қамқоршысыз қалдырмау қағидасы жатқан болатын.

Әр халық өзінің жас ұрпағын қайырымды, адал, үлкенді құрметтейтін, ержүрек, ар-ожданы мол болып өссе дейді және бұл мәселені өзінің тұрмыс-салтына байланысты шешіп те келеді. Дегенмен де біз отбасы құндылығын ұлттық құндылықтардың ажырамас бөлігі ретінде қарастыра алмай жүрміз. Жастарымыз босаға киесін ұлықтай алмайтындай халде. Жастарымызға, жалпы, ұлттық салт-дәстүрге негізделген отбасының рөлін сіңіре алсақ, онда халқымыздың санын арттыруға да мүмкіндік алар едік. Әуелі оған мемлекет тарапынан арнайы тетіктер керек. Ол тетіктер отбасын қолдауға бағытталса, берік отбасын құруға жастарды ынталандырар еді. Отбасы құндылығын сақтау арқылы саналы азаматтар тәрбиеленген адамгершілікті қоғам құруға мүмкіндік туады.

Таңатарова Жамиға Тәжікқызы,

Х. Досмұхаметов атындағы Атырау

мемлекеттік университетінің

ғылыми істер жөніндегі проректоры,

тарих ғылымдарының докторы

 

Медиа

Жоғарыға