maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

«Кешіріңдер, мен кеттім!»

«Кешіріңдер, мен кеттім!»

Жасөспірімдер суицидінің астарында не тұр?

            Жылбасынан беріАтырауда үш жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған. Мектеп жасындағы балалар арасында бұл жағдайлар Атырау қаласы және Жылыой ауданы бойынша тіркеліп отыр. Тағы бір бала суицидке ұмтылыс жасаған. Мамандар мұны өз тілінде «аяқталмаған суицид» деп атап жүр. Өмірі басталмай жатып, онымен қош айтысуға асығудың астарында не жатыр? Әсіресе, мектеп жасындағы балалардың өз өзіне қол салуына кім кінәлі?

 

Арқанға жүгіну...

            Жақында Жылыой ауданында осындай қайғылы жағдай орын алды.Мектеп жасындағы баланың өмірін мойнына салған арқан шешкен. Қара жамылған шаңырақ оқиға туралы ашып айтпаса да, ел арасында өтпелі кезеңде жүрген жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауының астарында жатқан себеп туралы алып-қашпа әңгімелер көп айтылып жүр. Әдетте, егде тартқан адам өз-өзіне қол жұмсап жатса, «Өмірі қиын болды ғой. Ауыр сынақтарға төзе алмағаннан осылай болған» деп, тақырыпты жабулы қазан күйінде қалдырып жатамыз. Бірақ, жасөспірімдерге байланысты тақырып мүлде басқаша. Бейресми деректерде түрлі қорқыту-үркітулердің жасөспірімдерге телефон арқылы келетіні айтылып жүр. «Сен біреуді өлтір. Оны істей алмасаң, өзіңді өлтір» деген сияқты нұсқаулықтар жеке тұлға ретінде қалыптаса қоймаған жасөспірімдердің психологиясына ауыр тиіп жатады» дейді марқұм болған баланың есімін атамауды өтінген туысы.

Осыдан үш жылдай уақыт бұрын  қайғылы жағдай Қызылқоға ауданында да орын алды. Оныншы сыныпты тәмамдар алдында өз-өзіне қол салған қыз баланың мұндай қадамға не себепті барғаны белгісіз. Оқуда озат, мұғалімдерінің мақтаулысы, құрбыларының алды болған қыз баланың арқанға жүгінуінің астары жұмбақ күйінде қалды...

Себеп қайда жатыр?

            Мамандар жасөспірімдердің суицидке бару себебін түрлі жағдайлармен байланыстырады. «Шапағат» деструктивті ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының психологы Салтанат Нұрбекованың айтуынша, ең басты себеп - жасөспірімдердің максималист болуында. «Яғни, өтпелі кезеңде балалар барлық нәрсені өз қалауымдай болуы керек деп ойлайды. Жауапсыз махаббат, өзінің сырт келбетіне көңіл толмаушылық, жақын адамының қазасы сияқты жағдайларда жасөспірімдердің жаны жалғызсырайды. Сөйтеді де, өлімді ең дұрыс жол, мәселенің шешімі ретінде қабылдайды. Бірге жүрген құрдастарының мазағы, ұзаққа созылған күйзелістің де ақырғы нәтижесі осындай қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін» дейді ол. Психолог маман әдетте, өмірімен қоштасуға бекінген баланың көңіл-күйі болмайтынын алға тартты. Сәйкесінше, асқа да тәбеті болмай, сүлесоқ күйге түскен бала төсек тартып жата береді. «Сондықтан, жабырқап жүрген баланы алдымен ата-ана, мектеп психологтары дер кезінде байқай алатын болса, жас өмірді құтқарып қалу ықтималдылығы жоғары» дейді маман.

Психолог Салтанат Нұрбекова өз тәжірибесінде суицидке ұмтылған екі пациентпен жұмыс істегенін айтады. «Бірақ, менің пациенттерімнің ерекшелігі, өлімге ұмтылған кезде олардың екеуі де мектеп жасынан асып кеткен жастар еді. Бірінші жағдайда, бозбалаға ата-анасының махаббаты жетіспеген. Сол себепті, осындай жолмен ол ата-анасының назарын өзіне аудартпақ болған. Ал, екінші жағдайда қыз бала ұзақ уақыт достасқан жігітімен арадағы қарым-қатынастың тоқтағанын қабылдай алмаған. Яғни, жігіті тастап кеткеніне көндіге алмаған қыз бала дәрі ішу арқылы өмірімен қоштаспақ болған. Кезең-кезеңімен жүргізілген оңалту жұмыстары нәтижесінде қазір кейіпкеріміздің екеуі де өмірден өз орындарын тапты. Бұл жерде мәселе қиын жағдайда қалған адамға дер кезінде көмек бере білуде» дейді спикер.

Экран артындағы қауіп

            Осы тақырыпқа зерттеу жүргізіп жүрген сарапшылар тобының арасында өлімге ұмтылуға құштарлыққа интернет кеңістіктің де әсері көп екендігі жиі айтылып жүр. Әсіресе, әлеуметтік желілерде суицидке итермелейтін арнайы парақша, топтардың да белсенді жұмыс істеп жатқандығын жасыруға болмайды. Керек десеңіз атышулы Youtube желісінде «ең оңай, әрі ең тиімді өлім жолдары» туралы бейнероликтердің түр түрі бар. Ал, әсіресе, жасөспірімдер арасында танымалдыққа ие «ВКонтакте» әлеуметтік желісін кезінде атышулы «Синний кит» аталған ажал ойынының ұтымды пайдаланып келгені де белгілі. Осындай желілердегі жабық топтарда түсініксіз тапсырманы орындаған оқушы қыздың ұзақ мерзімдік оңалту шараларынан кейін журналистерге берген сұхбатынан біраз мәлімет алуға да болады. 14 жастағы кейіпкер бір әріп пен екі цифрдан тұратын «өлім топтарының» интернетте өте көп екендігін айтқан. «Мысалға, Д28, М24, Л52 деген атаудағы топтар өте көп. Бірақ, бұл сандардың нақты нені білдіретінін әлі күнге дейін түсінген емеспін. Мұндай жабық топтарда ойын түрлері өте көп. Және  оған қатысатындардың саны да жеткілікті. Қатысушыларды топ әкімшілері белгілейтін хэштегтер арқылы табуға болады. Топтың әкімшілері қатысушылардың барлығына бір мезгілде тапсырма жібереді. Және оны орындайтын уақыт белгілейді. Кейде тапсырма бір тәулікте орындалу керек болса, кейде үш сағатта орындалуы тиіс. Мысалға, менің ең бірінші тапсырмам поезд релсіне жатып, өз өзімді суретке түсіру болды. Мұндай тапсырмалардың жалпы саны бес, он үш, кейде елуге дейін жетіп жатады» дейді жұмбақ кейіпкер.

            Және белгілі болғаны, «ажал ойынына» қатысушылармен алдымен жабық топ әкімшілері тікелей байланысқа шығып, ол туралы жеке мәліметтерді сұрастырады екен. Ойынға қатысушылардың жасын, кіммен тұратындығын, ата-анасымен қарым-қатынасы, отбасылық жағдай, ойынға қатысуға не нәрсенің түрткі болғандығы туралы ақпараттарды біліп алады да, өзінің ережелерін ойластырады. Сарапшылар «ажал топтарының» біреуі жабылса, екіншісінің мүлде басқа атаумен жаңадан құрылып жатқандығындығына алаңдаулы.

Жылына бірнеше миллион адам...

            Стастистика деректері мүлде қорқынышты. Жылына әлемде бірнеше миллион адам өз-өзіне қол жұмсау арқылы өмірден өтеді екен.  Ондаған миллион адам өз-өзін өлтіруге ұмтылады. Соңғы он жылда әлемде мектеп жасындағы балалар мен студенттер арасындағы суицид көрсеткішісі үш есеге дейін көбейген. Сарапшылар суицид қаупі жоғары елдердің қатарында Ресей, Беларусь, Украинамен бірге, Қазақстанды да атап жүр.

            Психиатр мен психолог мамандар жүргізген зерттеулерді жіктегенде, жастарды суцидике итермелейтін себептердің негізгісі төмендегідей. Оқу орнында туындаған мәселелер, жауапсыз махаббат, ата-ана, туыстармен арадағы кикілжің, жіберілген қателіктер, жалғыздық, қаржылық проблемалар, сырқатқа шалдығу жағдайлары. Демек, бұдан шығатын қорытынды біреу. Қандай жағдайда да ата-ана баласымен материалдық қана емес, рухани тұрғыда жақын болуға назар аударғаны абзал ау...

            Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

 

            Сіз не дейсіз?

 

            Назарбай АБДУРАМАНОВ,

            Атырауқалалық Құспан молла мешітінің бірінші наиб имамы:

Өмір – адамға берілген сый

             Адам баласы қуанышта немесе қайғылы жағдайға тап болса да исламға жүгінуі тиіс. Иманды адам қиын жағдайда сабыр етеді, ал қуанышты сәтте Аллаға шүкір айтады. Міне, бұл мүміннің сипаты.

             Расында да біз кейде болмашы жағдайлар үшін күпірлікке салынып, «әттең былай еткенде, олай болмас еді» деген сезіммен өкініш білдіреміз. Тіпті, өз өмірімізге қол салуға дейін барамыз. Бұл ислам құптамайтын нәрсе. Денсаулық, өмір Алланың адамға берген аманаты. Демек, оны сақтау, Аллаға мойынсұну парыз.

 

Ерлан АЙТМҰХАМБЕТ,

BilimFoundation  қоғамдық қорының жетекшісі:

Мәселе – психикалық саулықта

Мамандардың айтуынша, психикалық саулықтың нашарлауының үш деңгейі болады. Жеңіл, орта және ауыр. Ауыр психикалық деңгейдегі науқасты психиатрия мамандары тіркеуге ала отырып, стационарлы емдеу жұмыстарын жүргізеді. Ал, орта және жеңіл деңгейді күнделікті өмірде байқасақ та, оған жеткілікті көңіл бөлмейміз. Әсіресе, оны жасөспірімдердің бойынан анықтай қою қиынға соғады. Себебі, эмоциялық саулық нашарлай бастаса, онда мінез – құлық та өзгере бастайды. Біз оны жасөспірімдердің өтпелі шағы деп қана қоямыз. Тіпті, дертке шалдыға бастаған балаларымызды жазалаймыз, бостандығын шектейміз. Кейде жек көріп те жатамыз. Оның салдары депрессияға, қоғаммен тіл табысу қиындығына, суицидке әкеліп соғады. 

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « Ислам дінін қалай түсінеміз?
Жоғарыға