maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Ислам дінін қалай түсінеміз?

Ислам дінін қалай түсінеміз?

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Мансұров Батыржан Берденұлымен сұхбат

– Ислам дінінің шынайы таза екендігін білеміз. Дегенмен, ислам дегенде жадыға жат ағым оралатын жағдайға жеттік. Сұқбатымызды осыдан бастасақ ...

 

– Алдымен сізге алғыс білдіріп кетейін. Себебі, жат ағым мен хақ исламның ара-жігін білу үшін арнайы сұхбат алуға келіп отырсыз. Иә, ислам – адамзат баласын бірлікке, бейбітшілікке, татулыққа шақыратын дін. Себебі, бірлік бар жерде – береке, бейбітшілік бар жерде – тыныштық, татулық бар жерде – достық қатынас беки түседі.

Әрине, исламға бүгін ғана емес, бұрыннан да талай күйе жағылғаны белгілі. Алайда, ислам өз шынайылығын, тазалығын әсте жоғалтпайды. Бүгінгідей жат ағымдар тарих сахнасынан талай рет ағып өтіп кеткен. Құдай қаласа, біз дәстүрлі діни бағытымызды берік ұстансақ, бұл күндер де артта қалар.

– Сөзіңіздің жаны бар. Осыған қандай да бір мысал айта аласыз ба?

Жат ниетті діни ағымдардың түпкі мақсаты – бұқара халықты сонау ата-бабадан жалғасып келе жатқан дінінен, салт-дәстүрінен үркітіп-шошыту. Ол үшін әбден сүзгіден өткізіп алған түрлі айлы-шарғыларын жасап әлек. Мәселен, тәуелсіздік алған алғашқы он жылдықтар шамасында құраниттер, ахмадияшылар, хизбутшылар, зікіршілер әрбірі менен асқан ешкім жоқ деп, ел ішін алалайда-бұлалай еткен еді. Дер уағында оларға тыйым салына білді. Алдауына түскен талай жандар өкініште қалды. Кейінгі он бес жыл шамасында найзағайдай жарқ еткен исламды мөлдір, тап-таза жеткіземіз деген уаһһабизм пайда болды. Кейін өздерін сәләфиміз деген олар өз ішінде тағы бөлініп, еліміздің батыс аймақтарында осы ағымнан кең таралған тәкфіршілер саны артты. Бұлар нағыз «сен тұр мен атайын» дегендері. Жастарды имандылыққа емес, «жихад» деген желеумен қатыгездікке, зұлымдыққа насихаттайды. Нәтижесі, соғыс оты жалындап тұрған Сирия еліне алданған отандастар отбасымен баруға мәжбүр болды. Осы секілді ағымдар ашық та, жасырын да ел ішінде теріс бағытқа қызмет жасап келеді. Әсіресе, қазақтың дүниетанымына сай келетін Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабын мойындамай, жоққа шығарғысы келетіндердің әрекеті жиі байқалады.

Қазіргі таңда біздің қоғамдағы ең үлкен қайшылық уаһһабизм, сәләфизм пікірін ұстанушылармен жүріп жатыр. Олар да өз іштерінде бірнеше «измге» бөліне бастады. Барлығының түпкі мақсаты тыныш отырған жамағатты ішінара бөлу.

Жалпы сәләф десе, көз алдымызға қазіргі діни ағымдар елестейді. Орайы келіп тұрғанда мына сұрақты қойғым келіп тұр. Дінімізде кімдер «сәләф» деп аталады?

– Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп айтқан: «Ең қайырлы буын менің кезеңімде өмір сүргендер. Кейін олардың соңынан ергендер, одан кейін олардың артынан жүргендер». Хадистен байқасаңыз «ең қайырлы буын» деген сөз бар. Ал осы атқа ие болған алғашқы үш буынды арабша «сәләф» деп атайды. Яғни «сәләф» сөзі араб тілінде «бұрынғы», «алғашқы» деген мағыналарды білдіреді. Сол себепті де ғалымдарымыз хадиске сүйене отырып, ислам дінінің даму сатысында ең биік шыңға жеткен мына үш буын екендігін айтқан. Сол алғашқы үш буынды қатарымен айтар болсақ, олар – сахабалар, табиғиндер (сахабаларды көргендер) және табаға-табиғиндер (табиғиндерді көргендер), яғни Исламның алғашқы үш ғасырында өмір сүргендер. Бұлар наным-сенімде, ілім алуда және амал жасау барысында барша мұсылмандарға үлгі-өнеге болған буындар. Бұл үш буын исламның алғашқы үш ғасырында өмір сүрген. Ал бүгінгі біз сәләф жолындамыз дейтін (жат ағым жетегіндегі) топ, қазақша айтқанда «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» ағымдар. Сондықтан біз оларды сәләф деп айтпаймыз, жат ағым өкілдері дейміз. Өйткені олар сүйенетін, оқитын әдебиет жоғарыда айтқан үш буын өкілдерінің қатарына кірмейді.

Қазіргі «сәләфизм» жолын ұстанып жүрміз дегендер елді біріктіріп жатыр ма, әлде қалай?

– Жасыратыны жоқ, соңғы кездері ел ішін ала тайдай бүлдіріп, жаңашылдық әкелмек болған «сәләфи» ағымы қанатын жайды. Аталған ағымның шырмауына түскен бауырларымыз хақ дін мен діни ағымның арасын ажырата алмай тағы дал. Діни сауатсыздығының кесірінен ұлт қауіпсіздігі мен тәрбиеге тұнған халқымыздың салты мен дәстүріне дұшпандық жасап жатқаны жанымызға аяздай батады. Бұл өз кезегінде ұлттық құндылықтарымызға да өзінің кері әсерін тигізуде. Қазақ халқы үшін дәстүрлі дін ретінде исламның құндылықтары әу бастан-ақ күнделікті өмірінде өз орнын алғаны белгілі. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 59-аятында: «Уа, мүміндер! Аллаға, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріңе бойұсыныңдар», – деп бұйырған. Міне, осы қағидатқа бабаларымыз қашан да берік болып, бөлінуге жол бермеген. Алла елшісі (с.ғ.с.) өз хадистерінде «Алла сендерден үш нәрсені ұнатады, олар:

1.Алаға ғана ғибадат ету, Оған серік қоспау;

2.Түп-түгел Алланың жібіне жабысып, бөлінбеу;

3.Сендерге басшы болғандарға мойынсұну», – дейді. Өкінішке қарай, Ислам шариғатын теріс түсінген ағым өкілдері бұл сөзге бет бұрып, алған беттерінен қайтар емес. Алла разы болатын істі істемегеннің сауапқа қалмайтыны анық. Бейкүнә халықты ағым мүддесіне пайданалып, хақ дінге қарсы үгіттеу Алла Тағала разы болатын істерден емес. Алла Тағала оларға һидаят (пайым-парасат, тура жол) берсін.

Жат ағым өкілдері қарапайым халықты өздерінің ұстанған сенім жолына қалай түсіреді?

Біріншіден, кез келген діни ағым топқа жаңа қосылған жамағатты, ең алдымен, психологиялық қысымға алады. Өздерінен басқаның бәрін «адасқан, кәпір» санатына қойып, сананы улайды. Осыдан кейін діні мен дәстүріне қарсы шығып, Отанына, ата-ана, ағайын-туыс, қоршаған ортасына деген өшпенділікті оятады. Екіншіден, дәстүрлі емес діни ағым өкілдері қоршаған ортасынан іргесін аулақ салып, қоғамнан жаттана бастайды. Ұстазға тәуелді болып қалады. Демек осыдан кейін ұстаздан өзге жанның сөзін құлаққа ілу, осыған дейінгі уақытта өмір сүрген ортаның салтымен санасудың қажеттілігі көрінбей кетеді. Үшіншіден, жамағаттың ойлау қабілетін тежейтін тәсілдерді қолданады. Мәселен, ұстаздардың бір сарынды уағызын тыңдату. Бұл адам психологиясын тәуелділікке әкеліп соқтырады. «Тыңдарман» өзінің бұрынғы отбасынан алған қадір-қасиеттерін, тәлім-тәрбиесін бір сәтте жоққа шығарып, өзі түскен ағымға ұнамды бейнені қабылдайды. Мұның соңы бөлінуден басқа ешнәрсеге алып бармасы анық. Ал, ислам мұсылмандардың басқа жолдарға бөлінуіне әрқашан да қарсы. Алла Тағала бұл жайлы былай дейді: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» («Әли Имран» сүресі, 103-аят).

– Шындығында мұсылман қандай болу керек? Қысқаша айтсаңыз...

Нағыз мұсылман адам әрбір іс-амалында Алладан қорқып, Құдай Тағала көріп тұрғандай құлшылық жасауы керек. Екіншіден, кісіге үкім шығарып, «сен кәпірсің, күнәһарсың» деген сөздерді қолданбауы қажет. Үшіншіден, айналасына пайда тигізетін мейірімді жан болуы тиіс. Өйткені Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ең жақсы мұсылман – басқаларға тілімен және қолымен зиян келтірмейтін адам»,  деген.

– Қазақ даласындағы мұсылмандық діни мектепті жаңғырту туралы пікіріңіз. Бізге діни мектеп керек пе?

Керек... Кез келген мұсылман елдердің ислам дінімен ұштасқан діни мектептері бар. Жоқ дей алмайсыз. Ұлт болғаннан кейін салты мен дәстүрі болады. Түркия, Мысыр, Пәкістан, Сауд Арабиясы, тіпті көршілес Өзбек, Қырғыз елдеріне қарасаңыз да өзіндік рухани мектебі қалыптасқан. Дәл сол секілді ғасырлар бойы бабаларамыз да діннің шеңберінде рухани мектеп қалыптастырып кеткен. Біздің де діни мектебіміз бар, сол жоғарыдағы үш буыннан бастау алған мектеп бүгінгі күнге дейін келген, Құдай қаласа әлі де жалғасатын болады. Өкінішке орай, біз одан кешегі кеңес дәуірінде қол үзіп алдық. Шүкір дейік, қазір қазақ даласында рухани мектебіміз қайта жаңғыру үстінде. Еліміздегі діни жоғарғы оқу орындары мен медресе-коллеждердің ашылуы, соның айғағы. Біз өз тарихымыздан да, діни шариғат ілім тұрғысынан да ұялатын, қысылатын ешнәрсе жоқ. Тек соларды меңгеріп, оқи білуімізде.  

– Мазмұнды, мағыналы сұхбат болды деп ойлаймын. Жат ағым жайында біршама мәселенің ара-жігін ажыратып айттыңыз. Сізге рахмет. Сөз соңында айтарыңыз болса...

Жалпы, қай елге болмасын бөліну деген ешқашан береке әкелген емес. Оны тарихтың сарғайған парақтарынан білуге болады. Ал, бірліктің, бейбітшіліктің, татулықтың алмаған асуы жоқ. Оны да Исламның алтын дәуірі дәлелдей түседі. 

Ардақты сахаба Әбу Зәрр (р.а.) риуаят еткен хадисте ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кім көпшіліктен (жамағаттан) сүйемдей жер алыстаса, ол өз мойнындағы Исламның арқанын алып тастағандай болады», – деген. Яғни, жамағаттан алыстаудың нәтижесі діннен алыстау, тіпті исламнан шығып та кету қаупі бар екенін осы хадис білдіреді. Әр елдің тәуелсіздігінің мәңгілік болуы ынтымақ, бірлікте. Дана халқымыз «Береке басы – бірлік», – деп бекер айтпаса керек. Ұлт пен ұлысты бауырына басқан бүгінгі Қазақ елі берік ынтамағының арқасында талай-талай игіліктерге қол жеткізіп келеді. Қашан да ынтымақты ту еткен ел азаматтарының болашағы жарқын болады деп білген жөн.

Сұқбатты жүргізген Баян Жанұзақова

Медиа

Жоғарыға