maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Дінтанушы ғалым мұсылман елдеріне тән артта қалушылықтың себебін айтты

Дінтанушы ғалым мұсылман елдеріне тән артта қалушылықтың себебін айтты

Қазіргі таңда мұсылман елдері әлеуметтік, экономикалық даму көрсеткіштері жағынан артта қалып қойды.  Оның кезінде тарихи себептері де болды. Кезіндегі өркениетті жаңғыртып, босаған вакумның орнын толтыруда қандай қадамдар жасалуы керек? Осынау үлкен проблемалық тақырыпқа байланысты философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы ғалым Кеңшілік Тышханның пікірін білген едік. 

 

 «Әлемдегі үлкен жиырмалықтың, үлкен сегіздіктің ішінде бірде бір мұсылман мемлекеті жоқ» деп, кезінде Қазақстан төрағалық еткен Ислам Ынтымақтастық Ұйымының Астанада өткен саммитінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осы мәселені көтергені белгілі. Неге біз индустрия, инновация, басқа да технология жағынан  артта қалып отырмыз? Меніңше, бұл мұсылман азаматтардың білім мен ғылымға деген бейқам көзқарасынан туып отырған жағдай» дейді ғалым.

Спикердің пайымдауынша, мұсылман мемлекеттердің денінде шикізат қоры мол болғандықтан, жер асты байлығы экспортынан түсетін қаражатқа қанағат тұту психологиясы сақталып отыр. Және мемлекеттің дамуына үлес қосатын ғалымдар жоқтың қасы, болса да, жетіспей жатыр. «Бұл жағдайға діни фактордың да әсері болуы мүмкін. Мәселен,  діндегі тағдырға қатысты дүниелер. «Яғни, менің маңдайыма жазылғаны осы» деп әрекетсіздік танытса, ондай қоғам мемлекетті дамытпайды. Уағызшылар көп жағдайда исламды о дүниенің дініне айналдырып жіберді. «О дүниеге барғанда ғылыми диплом керек емес» деген бағыттағы уағыздар ислам жүктеген міндеттерден алшақтатып жібереді. Мұсылмандар дінді меңгерумен бірге, әлемге танылған ғалым болуы да керек. Мұның үлгісін біз орта ғасырлар арқылы көре аламыз. Орта ғасырларда мұсылман әлемінде астрономия, математика, физика ғылымдары керемет дамыды. Оны дамытқан ғалымдарымыз да мұсылман болды ғой. 15-16 ғасырдағы мұсылмандар мен 21 ғасырдағы мұсылмандардың арасында қандай айырмашылық бар? Дінде айырмашылық жоқ. Бірақ, мұсылмандардың діни түсінігінде үлкен фундаментальды айырмашылық бар.

 Қандай факторларға болмасын, мұсылман елдері  шикізат шығарушыдан өндірістік экономикаға көшіп, жаңа технологияларды меңгеруі керек. Мұсылман мемлекеттері дамыған елдердің қатарына қосылуға міндетті» дейді ғалым Кеңшілік Тышхан.

Айта кетелік, мұсылман мемлекеттерін тұтынушы елден дамыған мемлекеттер қатарына қосу мәселесі жақында ғана Астанада өткен Еуразия мұсылман ғұламаларының халықаралық форумында да көтерілген болатын. Форумға Еуразия құрлығының 21 мемлекетінен келген 40-қа жуық делегат, еліміздің беделді дін ғалымдары мен Ғұламалар кеңесінің мүшелері қатысқан еді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Медиа

Жоғарыға