maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Қазақ халқында діни потенциал өте жоғары болған

Қазақ халқында діни потенциал өте жоғары болған

Қазақ даласындағы мұсылмандық мектепті қалай жаңғыртамыз?

«Қазақтың діндар қауымы тұғырын бекемдеп, өзгеден үйреніп емес, керісінше, өзгелер бізден үйренетіндей жағдай туғызуы керек. Сол үшін де қалыптасқан мұсылмандық тарихи жолымызды табанды түрде дәріптеу маңызды».  Атырау өңіріне жұмыс сапарымен келген Бас мүфти Серікбай қажы Ораз аймақтың зиялы қауым өкілдерімен кездесу кезінде осылай деген болатын. Яғни, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазақ даласындағы мұсылмандық мектепті жаңғыртуды қолға алып жатыр. Осыған орай, қоғамдық пікір туғызып жүрген бірқатар азаматтардың пікірін білген едік.

Кеңшілік ТЫШХАН,

 философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы ғалым:

Қазақ халқында діни потенциал өте жоғары болған

- Дінде ұлттық бояу деген нәрсе бар. Егер, исламды қазақ халқының дәстүрлі діни көзқарасын назарға алмай оқытатын болсақ, мұның соңы үлкен радикализмге алып барады. Яғни, салт-дәстүр, мәдениет, руханият сынды ұлттық құндылықтарымызды мансұқтау бізді ұшпаққа шығармайды. Сол үшін де діни білім деген кезде, ата-бабаларымызбен арадағы рухани сабақтастықты сақтау маңызды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы да осындай дүниелерге түрткі болып жатыр. Қазақ даласынлағы мұсылмандық мектеп қалай зерттеледі? Оны кім оқытады? Осы мәселеде мүфтият ойлануы керек. Қазір арамызда діни білімі жоғары болмаса да, рухани ағартушылық деңгейі биік дәрежедегі азаматтар бар. Сол кісілерді пайдаланып, діни медресе, колледж, Нұр Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетіне арнайы сабақтар енгізу де артық етпейді.

Имам уағыз айтқан кезде, Құран аяттары, хадистерден ғана дәлел келтірумен шектелмей, қазақ ағартушылары, зиялылар, қазақ даласынан өткен діни лидерлердің қанатты сөздеріне сілтеме беріп отырса, мұның өзі тарихи қалыптасқан мұсылмандық мектебімізді дәріптеу болар еді. Кеңес Үкіметі кезеңіне дейін қазақ халқында діни потенциал өте жоғары болған. Бұл сөзімізге Мәшһүр Жүсіп, Абай, Шәкәрім, Науан хазірет сынды тұлғаларымыздан қалған мұра дәлел бола алады. Сол үзілген дәстүр жібін жалғай алсақ, ол бізге және ұрпаққа үлкен бағдар болар еді.  

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

Республикалық Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары:

Діни қайраткерлерімізді танытсақ

Қысылтаяң кезеңде қасиетті дінімізден бас тартпай, қази болып исламды халықтың санасына сіңірген тұлғаларымыз болған. Сол қайраткерлеріміздің галереясын жасап, өмірі, жүріп өткен жолын шолып, кітаптар шығарсақ деген ұсынысым бар. Мәселен, Ақмола өңірінде Сәдуақас Ғылмани деген діни тұлға болған. Сол жерде сандаған жыл қази болып, ислам дінін таратқан адам.

Ақтөбе өңірінде Досжан атты хазірет өткен. Ол үш мәрте Меккеге барған адам. Бірінші сапарында Құнанбайды, екінші сапарында Ғұбайдолла генералды, үшінші сапарында Мәшһүр Жүсіпті Меккеге алып барған. Кейін бес мың адам сиятын мешіт салдырған. Жүз елу орындық медресе ашқан. Сол маңды суландырып, үлкен алқапқа айналдырған. Деректерде сол алқапта алпыс екі түрлі өсімдіктің өскені айтылады. Атырау өңірінде Қуанай хазірет бар. Жаһанша мен Халел үлкен білім сапарына аттанар кезде, Қуанай хазірет оларды «екі Досмұхамедов» деп біріктіріп,  ақ батасын берген. Маңғыстауда пір Бекет жатыр. Осы кісілердің барлығының өмір жолдары ерекше болған. Олардың өмірінен үйренетін, тәлім алатын дүниелерді мүфтият зерделеп, насихаттайтын болса, қазақ даласындағы мұсылмандық мектепті жаңғырту бастамасында үлкен нәтижелерге қол жеткізе аламыз.

P.S.

Еске сала кетелік, Атырау облысына  ресми жұмыс сапары барысында Серікбай қажы Ораз «Біз кеше немесе бүгін мұсылман болған жоқпыз. Әртүрлі үдерістен өткен тарихи кезеңде халқымыздың қолдаушы тірегі болған дәстүрлі мұсылмандық жолымыз бар. Осы мәселені жастардың санасына сіңіру – басты міндетіміз. Әр кезеңді қарап отырсақ, кешегі халқымыздың бірлігін ұйыстырған үш биіміз діни ережеге сүйене отырып, пәтуә беру жауапкершілігімен қызмет еткен. Олар діни білімді терең алған тұлғалар болды» деп атап өткен еді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Медиа

Жоғарыға