maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

«Псевдодіншілдердің өзара топтасуының салдары орасан болуы мүмкін»

«Псевдодіншілдердің өзара топтасуының салдары орасан болуы мүмкін»

Дінтанушы ғалым Кеңшілік Тышхан псевдодіншіл жамағаттың балаларына арнап діни мектеп ашуды ұсынды. «Балаларға діни біліктілігі, таным-түсінігі жоғары ғалымдар ілім береді. Бірте-бірте псевдодіншілдер қоғаммен байланыс орнатады. Біз оларды бауырымызға тарту арқылы, нақты нәтижелерге жете аламыз. Ал, ең қатаң деңгейдегі шаралар ақырғы жағдайда ғана қолданылуы керек» дейді спикер.

-  Еліміздегі діни ахуалды  қалай бағалайсыз?

- Қазіргі таңда елдегі діни ахуал тұрақты, әрі қалыпты. Қалыпты дейтініміз, діни мәселелерді реттеуде тиісті деңгейде жұмыстар атқарылуда. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, мүфтият, өзге де көптеген орталықтар, ғылыми институттар бар. Негізінде діннің өзінде ахуалды күрделендіретін элемент жоқ. Діндарлық деңгей көтерілуі мүмкін, бірақ, мемлекетте діннен проблема болуы мүмкін емес. Ал, қай заманда да діни ахуалды күрделендіретін адами фактор.

Жоғарыда «елдегі діни ахуал тұрақты» деп айттық.  Бірақ, бұл қауіп жоқ дегенді білдірмейді. Себебі, экстремистік, лаңкестік сипаттағы түрлі радикалдық актілерді ешкім болжай алмайды. Радикализм күтпеген жағдайда болады. Болашақта халық арасында діни сауаттылық деңгейі саналы түрде көтерілген жағдайда, діни ахуал мәселе тудырмайды деп сенемін.

- Жат ағымдармен күрестің жаңаша формасын іске қосатын уақыт келмеді ме? Бұлай дейтініміз, қазір псевдодіншілдер мешіттерге бара бермейді. Олар оңашаланып, үй-үйде дастархан басында насихат жүргізу арқылы, өз идеологияларын кеңінен тарату формасын жақсы меңгеріп алды. 

- Мұндай жамағаттардың арасына кіріп, жұмыс жүргізу қиынның қиыны. Себебі, псевдосопылық немесе псевдосалафилік сынды сипаттағы азаматтар бөлінуге, оңашалануға қашанда талпыныс жасап отырады. Осылай оқшауланып отыру – өз идеологияларын таратуда оларға еркіндік береді. Мемлекет олармен байланыс орнатуға кей жағдайларды туғызса артық болмайды. Мәселен, қазір мектептегі орамал мәселесі біраз басылды дегенімізбен, сабаққа мүлде келмей қойған оқушылар бар. Оқушының мектептен түбегейлі безуі - мәселенің шешімі емес. Егер, осындай жамағаттың балаларына арнайы діни мектеп ашсақ, оқшауланғандарға жақындайтын жол табылар еді. Өйткені, псевдодіннің соңында жүрген жамағаттың өзара топтасуының салдары болашақта орасан болуы мүмкін.

Мұның сыртында үгіт-насихат, ағарту, құқықтық бағыттағы жұмыстар жүре береді. Ал, ең қатаң принциптер ақырғы жағдайда ғана қолданылуы керек. Қазіргі жағдайда олармен ортақ тіл табысатын мамандарды дайындау, былайша айтқанда, бауырға тарту бағытындағы жұмыстар маңызды болып тұр. Егер біз «сен адасқансың» деп итере берсек, олар қазіргіден бетер изоляцияға түседі. Бұл жерде жекелеген мамандарға да жауапкершілік көбірек түсіп тұр.

Кеңшілік ТЫШХАН,

философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы ғалым

Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Медиа

Жоғарыға