maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

«Қазіргі отбасыларға сырласу жетпей жатыр»

«Қазіргі отбасыларға сырласу жетпей жатыр»

Халықтық мектептен ажырап қалдық

- Отбасы тақырыбын қозғауымызға қазақ қоғамында соңғы кездері ажырасу фактілерінің көбеюі себеп болып отыр. Отбасындағы тұтастықтың сақталуына, шаңырақтың шайқалмауына кім жауапты?

 

-  Шындық қашанда ащы ғой. Осы жағдайды ақтап  алғысы келетіндер кейде «заман өзгерді» деседі. Бірақ, өзгерген заман емес. Неге? Себебі, күн шығыстан  шығып, батыстан батуда, яғни, табиғат заңдылығы өзгерген жоқ. Бұдан шығатын қорытынды біреу. Қоғамды жасап отырған адамдардың санасы өзгерді. Қарапайым логикаға көшсек, отбасын құрып, оны асырау үшін қаржы керек. Ал, нәпақа табу әу бастан ер адамның мойнында. Шариғат бойынша да талап осындай. Екінші мәселе әйел адамға келіп тіреледі. Яғни, шаңырақтағы жылулық, бала тәрбиесіне әйел адам жауапты. Бірақ, отбасы алдындағы негізгі міндеттер жалпыға мәлім бола тұра, шаңырақ шайқалып жатыр. Неге? Біздіңше мәселе дәстүр сабақтастығының үзілуінде. Қазақта «Қызға қырық үйден тыю» деген мақал бар. Мұны қазақ не үшін  айтты? Яғни, қыздың әр қадамын оның ата-анасынан бастап, туыстары, көршілері бақылауда ұстаса, қажет жағдайда кеңестерін айтып, тәрбиеге араласса, көпшілік біріккен жерде міндетті түрде нәтиже болады. Сол сияқты, кезінде халқымыз осындай ауызбіршілікпен  жігіттерді де тәрбие тезіне салып отырған. Қазір біз мұндай халықтық мектептен ажырап қалдық.

Баланы өмір сынақтарына дайында!

- Демек, ажырасу проблемасының алдын алуды бала тәрбиесінен бастау керек дейсіз ғой?

- Әлбетте. Айтыңызшы, сіз өз балаңыздың тәрбиелі, оның әрдайым жақсылықтың жаршысы болғанын қалайсыз ба? Ендеше, өзіңіз сондай болыңыз. Рухыңызды иманмен қоректендіріңіз. Сонда балаңыз да сізге еліктеп өседі. Қазақтың тарихына қарап отырсақ, кезінде мұндай ажырасу, жалғызбасты аналардың көбеюі, ата-анасын қарттар үйіне өткізу сияқты жағдайлар болмаған. Неге? Себебі, ол кезде халқымыз рухтың мықтылығы, сана, тәрбие деген мәселелерге көп көңіл бөлді.

Өткен заманмен салыстырғанда, еліміздің әлеуметтік, экономикалық әлеуеті қазір мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Осындай молшылық жағдайында әрине, әр отбасы өзінің қызын, ұлын тоқшылықта өсіреді. Абайша айтқанда, тамағы тоқ, көйлегі көк. Бірақ, қызымыз бой жетіп, ұлымыз ер жетіп, отбасын құрған кезде де мұндай тоқшылықтың өмір бойы сақталатынына кепілдік бар ма? Демек, арасында тоңазытқышымызды бос қойып, жоқшылықтың да болатынын балаға білдіру, сездіру арқылы сабақ беру маңызды. Себебі, өмірді үлкен теңіз деп алатын болсақ, теңіз үнемі тынық бола бермейді. Яғни, бала өмірдің сынақтарына дайын болып өсуі керек.

Баланы жастан өнерге бейімдеу де маңызды. «Жігітке жеті өнер де аз»  деген қазақтың мақалы да осы жағдайға арналса керек. Ұлымыз атқа қонсын, ағаш жонысын, қызымыз дәмді етіп ас әзірлеп, көрпе тігуді үйренсе, белгілі бір кәсіпке бейімділік баланың кез келген өмірлік сынақтан сынбай өтуіне ықпал етеді. Және көркем мінез, жауапкершілік, мейірімділік, кешірімшіл болу деген дүниелерді де бала санасына жастайынан құйып отыру қажет. Яғни, әңгіменің барлығы ата-ананың күнделікті «тірі» мысалы арқылы, перзентіне үлгі болуына келіп тіреледі. Ұшқан ұясынан жақсылықты көріп өскен бала жаман болмайды. Мұның барлығын неге санамалап отырмыз? Себебі, жастар некені өте жеңіл қабылдайды. Сөйтеді де, өмірдің сынақтарына дайын болмай жатады...

Өзгені емес, өзіңді түзет

- Жалпы, отбасы беріктігіне материалдық құндылықтардан да зор деңгейде әсер ететін фактор бар ма?

- Айша анамыз (р.а) кезінде Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с) «Иә, Алланың Елшісі әйел адам ең бірінші кіммен сырлас болуы керек?» деп сұрапты. Сол кезде «әуелі анаңызбен, содан кейін күйеуіңізбен» деген жауап алған екен. Қазіргі қоғамды жасап отырған отбасыларда осындай сырласулар жетіспей жатыр. Қараңыз, таңнан күн батқанға дейін жұмыс, үйге келгенде уақыт кешкі ас ішіп, телефон тексеру, одан қалды ұйқымен кетеді. Және бұл процесс күнделікті қайталанып жатады. Жұбайлардың арасында ашылып әңгімелесу болмағаннан кейін, әйел адам сериалдармен сырласа бастайды. Осыдан кейін отбасы бәрібір іштей құлдырайды.

Ал, егер аптаның бір күнін ері отбасына арнаса, ата-анасымен де осындай мәміледе болуға асықса, бір-біріне көңіл бөліп, әр істеген ісіне алғыс айтып отыру, отбасы мүшелерінің маңызын арттырады. Нәтижесінде жанұя берік болады.

- Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Ертегі айтпайтын әжеден қорқамын» деген сөзі бар. Расымен де, кейде ата-әже мен немере арасындағы байланыс жібі үзіліп бара жатқандай көрінеді...

- Бауыржан атамыз атына заты сай, бір өзі – бір кітапқа татитын қайталанбас тұлға ғой. Бұл жерде ол кісі «бала тәрбиесіне үлкендер үлес қосуы керек» деген мәселені меңзесе керек. Бұрын әжелеріміз баланы әңгіме-дастандармен, батырлар жырымен немесе Құраннан болған ғажап оқиғалармен өсіретін. Болмаса үйге үлкендер келген кезде олардың әңгімесін балаларға тыңдататын. Біз ұрпағымызға «Абай жолын» айтсақ немесе Мағжан Жұмабаев, Сайын Мұратбеков шығармаларын, өмір жолдарын оқытсақ несі жаман? Мұның барлығы сайып келгенде бала үшін мотивация ғой.

Тәрбиені бесіктен бастаған елдің болашағы жаман болмайды. Алдымен, өзімізді түзетуге асығайық. Әркім өзінің берекелі ісімен үлгі бола білсе, отбасы тұтас, қоғам да мықты болады.

Бақытжан ЖОЛДАСОВ,

«Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологы:

Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Медиа

Жоғарыға