maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Дін маманы балгердің өзіне жүгінген адам туралы ақпаратты қайдан білетінін айтты

Дін маманы балгердің өзіне жүгінген адам туралы ақпаратты қайдан білетінін айтты

Елімізге белгілі дінтанушы, «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологы Бақытжан ЖОЛДАСОВ исламдағы «мұғжиза», «керемет» және «сиқыр» деген ұғымдарға түсінік берді.

 

«Мұғжиза» табиғат заңдылығынан тыс, адам мүмкіндігінен жоғары, уақыт пен мекенге тәуелсіз жүзеге асатын Алланың пайғамбарларға берген кереметі. Оның кереметтігі сол, бұл ғажайыпқа тіпті физиканың заңдары да түсінік бере алмайды. Пайғамбарымызға (с.ғ.с) қатысты оқиғаларда құрма талының сөйлеуі, түйенің жылауы сияқты дүниелер бар. Алла Елшісінің (с.ғ.с) айды екіге бөлуі, Қағба жанында намаз оқып отырған Пайғамбарымызды (с.ғ.с) ислам жаулары өлтірмек болған кезде, Алла Елшісінің (с.ғ.с) көзге көрінбей кенеттен ғайып болуы – мұның барлығы  «мұғжиза» деп аталады.

Екінші «керемет» деген нәрсе. Омар есімі бізге тарихтан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сахабаларының бірі ретінде жетті. Бірде Омар бір топ әскерді ғазауатқа жібереді. Кейін Омар сахаба Медина мешітінде уағыз айтып тұрған кезде Алла Тағала ғайыптан оның көзіне бір топты көрсетеді. Топтың артынан исламның жаулары келе жатады. Сол кезде Мединада тұрған Омар  «тауға шығыңдар!» деп айғайлап жібереді. Ғазауатқа аттанған әлгі әскер Алланың қалауымен Омардың дауысын естіп, тауға шығып, жаудан құтылған екен. Алланың қалауымен болатын мұндай құбылыс кезінде уақыт, ара қашықтық деген факторлар еш роль ойнамайды. Мұны Алла Тағаланың өзінің сүйген құлдарына берген қасиеті десек те болады. Бірақ, осындай керемет қасиетке ие болған адамды Алланың қатарына қосудан сақ болуымыз керек.

Үшінші нәрсе – сиқыр. Сиқырды Алла Тағала харам еткен. Бұл туралы «Бақара» сүресінің 102 аятынан толығырақ оқып-білуге болады. Сиқыр Құран сөзін бұрмалау арқылы жасалады. Сиқыр жасаған адам аяттарды теріс, қате жазып, оны лас нәрсемен сүртеді. Осыдан кейін шайтан екеуі сыбайлас болады. Кейде адамдар «емшінің айтқаны айдай келді» деп жатады. Бұл нәрсеге кезінде Алла Елшісі (с.ғ.с) түсінік беріп кеткен. Исламда «тағдыр тақтасы» деген нәрсе бар. Шайтандар сол тақтадан ақпарат ұрлайды. Кейде аспаннан аққан жұлдызға куә болып жатамыз. Жынның ең ақымағы жоғарыға мініп, ақпаратты ұрлаған кезде, бұйрық келген періштелер оларды атқылайды екен. Сол кезде жын күйіп, күл болып кетеді. Жоғарыда айтқан аспандағы көріністің жауабы осы. Бірақ, жын күйіп бара жатып, жартылай көріп, жартылай көрмеген ақпаратын жанындағыларға айтып кетеді деседі. Сол тізбекпен жеткен ақпаратты жын сиқыр жасайтын адамға жеткізеді. Бірақ, бір ақиқатқа он өтірік қосып айтады.

Шариғатымыз балгерлерге сенуге тыйым салған. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Кімде кім балгерге, құмалақшыға сенсе, оның қырық күнгі намазы қабыл болмайды» дейді. Асылында, ғайыптың кілттері тек қана Аллада» деген теолог мұсылман қауымды иманды берік етуге шақырды. «Дұға – мұсылманның қаруы әрі, қорғаны. Не нәрсені де дұға ету арқылы, Алла Тағаладан сұрағанымыз әлдеқайда абзал қадам» дейді теолог.

Жазып алған: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Медиа

Жоғарыға