maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Дін мен дәстүр сабақтасқанда қоғамда иммунитет қалыптасады

Дін мен дәстүр сабақтасқанда қоғамда иммунитет қалыптасады

-          Соңғы кездері ислам дінін халыққа түсіндірудің ұғынықты формасын енгізу туралы  мәселе жиі көтеріле бастады. Сіздіңше ол форма қандай болуы керек?

 - Исламның ұғынықты формасы әсіресе діннен аса көп хабары жоқ бауырларымыз үшін аса маңызды. Айталық, дінге қызығушылық танытқан баласы әкесіне сұрақпен келетін болса, әр мұсылманда ұрпағына қанағаттанарлық деңгейде жауап беретіндей деңгей болуы керек. Мысалға, Аллаға сыйыну дегеніміз не? Пайғамбар дегеніміз кім? Ғибадат дегеніміз не? Намаз дегеніміз не? Намаздың пайдалары, ораза ұстаудың мәні, адамдармен қарым-қатынас, көркем мінез деген сияқты мәселелерді әрбір индивид, әрбір ата-ана білуге міндетті.

 

            Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көптеген жаңашыл жобаларды қолға алып жатыр. Дінді түсіндірудің ыңғайлы, ықшам, ұғынықты формадағы кітаптары шығарылып, ол кітаптан барлық отбасылар және дінге қызығушылық танытқан адамдар ақпарат алатындай мүмкіндік жасауымыз керек. Дәстүріміз бен дінімізді сабақтастыра отырып, ұрпағымызға ең керекті дүниелерді дарытсақ, бізде жат ағымдарға төтеп бере алатын иммунитет қалыптасады.

            - Діни қауымдастық арасында «Қырық парыз» кітабы туралы жиі айтылып жүр. Ол кітапты мұсылмандықтың әліппесіне теңеп жатады. Аталмыш кітаптың ерекшелігі неде және оны қайта жаңғыртуға не кедергі?

            - Қырық парыз дегеніміз Құраннан және сүннеттен алынған дүниелер. Мысалға, исламның бес парызы, иманның алты парызы сияқты шарттардан қырық парыз құралады. Кезінде медреселерде Құран әліппесін үйрене бастаған шәкірттерге осы «Қырық парыз» кітабы қоса оқытылатын. Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсаринның «Мұсылманшылық тұтқасы» деген кітабы бар. Біздің зиялыларымыз өз еңбектерінде сол қырық парызды негіз ретінде алған екен. Тарихты қарап отырсақ, өз заманында әр ауылда молда, қази болған. Ондағы мақсат – халықты сауаттандыру, дінді тарату және елдегі бірлікті сақтау еді.

            Рас, тәуелсіздігімізбен бірге дініміз қайта келді. Бірақ, жетпіс жылға созылған атеистік идеологияның қазақты  мұсылманшылықтан алыстатып арыға алып кеткенінің зардабы әлі жойыла қойған жоқ. Алла Тағала баршамызға әртүрлі мамандық берді. Біреуіміз қой бағамыз, екіншіміз егін егеміз. Осындай өзімізге жүктелген мамандықты, міндетті атқара жүріп, қырық парызды өзін мұсылман санаған әр адам біліп және оны ұстанатын болса, дініміздің, діліміздің нәзік қылы үзілмейді деген сөз.

- Кемел мұсылман дегеніміз кім?

- Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) әйелі Айша (р.а) анамыздан «екі дүние сардарының мінезі қандай?» деп сұраған екен. Сол кезде Айша (р.а) анамыз «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мінезі – Құран» деп жауап беріпті. Себебі, Алла Елшісі (с.ғ.с) Жаратушы Иеміз Құранда нені бұйырса, соны орындайтын еді. Демек, Алланың бұйрығын ісінде, сөзінде және мінезінде бұлжытпай орындаған адам – кемел мұсылман бола алады. Бұған «Шынайы мұсылман – өзгеге қолымен де, тілімен де кесірі тимейтін адам» деген керемет хадисті қосыңыз.

 Және Алланың қалауымен мұсылмандар мешітте жиналады. Неге? Себебі, мұсылман бір-біріне бауыр және олардың арасында жылулық байланыс сақталуы керек.  

- Баспасөз конференцияларының бірінде Атырау облысы Дін істері басқармасы басшысы Қайролла Көшқалиев теологтарды қорғаныс, ішкі істер  саласына, жалпы, мемлекеттік органдардың әрқайсысына арнайы штат ашып, жұмысқа алу керек деген мәселені көтерген болатын. Біздіңше, мектептерге де арнайы дін саласының теолог мамандары керек сияқты. Осы мәселеге байланысты көзқарасыңызды білсек.

            -  Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «деструктивті ағымдармен күресеміз деп жүріп, дінмен күресіп кетпейік» деген сөзі бар. Айтса айтқандай, деструктивті ағым мәселесі қазір өткір тұр. Және сол идеологияның соңынан жүргендерді білімсіз деп те айтуға болмайды. Себебі, олар да кітаптарды оқып, ең аяғы әлеуметтік желілер арқылы уағыз айтып жүрген өздерінің лидерлерін тыңдап жатыр. Бұл жерде проблема түсініктің тарлығынан туындап отыр.

Асылында, адамның жүрегінде ең алдымен ықылас болуы керек. Яғни, әр амал Алла разылығы үшін жасалуы тиіс. Бірақ, адамда дұрыс түсінік болмаса, оны кез келген ағымға алып кетуге болады. Сондықтан да, елімізде тапшы болып отырған  діни ағарту саласындағы кадр мәселесін бәрібір шешуіміз керек. Қазір Атырау облысына қарасты жеті ауданға да теолог мамандарды тартуды көздеген жобалар қарастырылып жатыр. Ондағы мақсат – жалпы бұқараға дұрыс бағыт-бағдар беру.

Бақытжан ЖОЛДАСОВ,

«Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологы:

Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Медиа

Жоғарыға