maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

«Отты нүктелердегі» қанша баламыздың жетім қалғаны белгісіз

«Отты нүктелердегі» қанша баламыздың жетім қалғаны белгісіз

Кеңшілік ТЫШХАН, дінтанушы ғалым:

 

- Сирия  ылаңына тікелей жауапты «ДАИШ талқандалды» деп АҚШ бірнеше мәрте мәлімдеме жасағанымен, кей әлемдік ақпарат агенттіктері аталған лаңкестік ұйым жақтастарының, яғни содырлардың Ирак, Ауғанстан, Пәкістан территориясына қарай ойысып жатқанын хабарлауда. Былайша айтқанда, олар жаңа ұяшықтарға бекініп жатыр. Қазіргі аралықта біздің мемлекетіміз қандай   қауіпсіздік шараларын қолға алуы керек? Себебі, Сирия соғысын қолдайтын әсіре діншілдер өз арамызда да бар.

 

- Кезінде әлемге қауіп төндіргенӘл - Каида деп жар салсақ, уақыт өте келе ол ұйымды ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйымдар) алмастырды. Олардың атауы өзгеріп, осы сипаттағы террористік ұйымдар басқа да мемлекеттерде пайда болуы мүмкін. Қалай десек те, радикализм қаупі жақын болашақта тоқтай қоймайды. Өйткені, дүниежүзінде трансұлттық, трансшекаралық деңгейге көтерілген қылмыстық ұйымдар өте көп. Және ол ұйымдар қару-жарақ, есірткі тасымалы есебінен қаржыланып отыр. Сол себепті, олар өз бизнестерін жүргізу үшін кез келген мемлекеттің әлсіз тұсын пайдаланады.

Демек, бізге шекара қауіпсіздігін күшейту керек. Біздің елімізде миграциялық тіркеу мәселесі өте әлсіз жүргізіледі. Мейлі ол мигрант, гастрабайтер болсын,  жалпы, шет елден келген адамдардың, этникалық ұлт өкілдерінің ортақ базасы жасалмайды. Қазақстанда шет елдің қанша адамы жүр,  олардың елге келудегі мақсаты, айналысып жатқан ісі, тұрғылықты жері деген нәрселер жіті қадағалауда болуы тиіс. Және осындай принципті жұмыстарды тез арада қолға алуымыз қажет.

«Интерпол» іздеу салған қылмыскерлердің ішінде, Қазақстанға келіп бой тасалағандығы туралы фактілер бар. Мысалға, бір адам өз еліндегі қауіпсіздік органдарынан қашып шығып, Қырғызстанға барады да, сол мемлекеттің азаматтығын алып алады. Қырғызстанның паспортымен Қазақстанға келеді. Әлбетте, ол паспортта ешқандай криминал болмайды. Радикалдар осындай әдістерді жақсы пайдаланып отыр. Қазір оларда үлкен технология, менеджмент, әлеует бар. Сондықтан, мемлекеттің қауіпсіздік технологиясы олардан да жоғары деңгейде болуы керек.

- Сирия соғысына қатысу үшін бірқатар Қазақстан азаматтарының  отбасымен, бала-шағасымен бірге шекара асып кеткені жасырын факт емес. Қақтығыс аймақтарындағы қазақстандық балалардың арасында жетім қалып жатқандары да болуы мүмкін. Осындай «отты нүктелерге» әкетілген балаларымызды елге қайтару мүмкіндіктерін қарастыруға бола ма?

- Бұл айтып отырғаныңыз қолданыста бар тәжірибе әрі, өте күрделі мәселе. Жақында, бірқатар Қазақстан  азаматшалары балаларыменбірге Ресей арқылы елге әкелінді.Мұндай мүмкіндік егер, азаматтар сол жердегі Үкіметтің қарамағындағы территорияларға түскен жағдайда туады. Өйткені, біздің ресми мемлекет террористік ұйымдармен емес, мемлекетпен ғана келіссөздер жүргізеді.  Егер, балалар лаңкестердің лагерінде немесе бүлікшілер иемденген территорияларда қалған болса, нысанадағы аумақ алынбайынша, сол жердегі лаңкестердің көзі жойылмайынша, қайтару операцияларын жүргізу мүмкін емес.

Қазіргі таңда мұндай «отты нүктелерде» қанша бала жетім қалып жатыр, оларға кім иелік етеді, бұл жағы беймәлім. Ал, осындай қақтығыс аймақтарынан әкелінген азаматтарды оңалту, қоғамға қайта бейімдеу бағытында жүйелі жұмыстар бар. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Медиа

Жоғарыға