maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Ершат Оңғаров. ТАЛАҚ ДЕП ТАҚЫЛДАҒАНДАР ҰЛТ БОЛАШАҒЫНА БАЛТА ШАБАДЫ

Ершат Оңғаров. ТАЛАҚ ДЕП ТАҚЫЛДАҒАНДАР ҰЛТ БОЛАШАҒЫНА БАЛТА ШАБАДЫ

Жасыратыны жоқ, қазір елімізде шайқалған шаңырақтар мен ойран болған отбасылар саны күн санап көбеюде. Оған енді «Талақ!» деп тақылдайтын жастар шығып жатыр. Бұрын қазақ қоғамында ақ неке деген ұғымның орны қандай еді осы?

Неке халқымызда қасиетті ұғым. Сондықтан оны жәй ғана неке деп емес, ақ неке, ақ некелі асыл жарым, құдай қосқан қосағым, ақ отауым, ақ шаңырағым деп ерекше құрметтеген. Асыл аналарымыз бен ардақты әкелеріміз қара басының қамынан отбасы-ошақ қасының татулығын бірінші орынға қойған. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бұрын әжелеріміз отбасында болып жатқан түсініспеушіліктерді сыртқа білдірмеген. Барлығын ақылмен, сабырмен өзара шешіп отырған.  Қашан да «ұят болады» деген сөз саналарында тұратын.

Бір-бірінің жамандығын жасырып, жақсылығын асырып отырған. Шаңырақтың биік, босағаның берік болу құпиясының бәрі осында жатса керек. Ұзақ жыл отасқан аналарымыздан бақытты отбасы болудың құпиясын сұрағанда көпшілігі «қиындықты бірге жеңдік, сабырлы болдық, бір-бірімізге кешірімді болдық» деп жатады. Психологтардың айтуына қарағанда, ерлі-зайыптылардың   өмірде кездескен қиындықтарды бірге жеңе білуі нәтижесінде олардың қарым-қатынастары жаңа сатыға көтеріліп, бір-біріне деген сүйіспеншіліктері одан сайын арта түседі екен. Яғни, өмірде кездесетін қиындықтар оларды шыңдай түседі.

 

Көпшілікке топырақ шашудан аулақпыз, әрине! Тамыры тастай бекіген небір мықты отбасылар бар. Дегенмен қазіргі отбасылардың түйткілдері  туралы не айтасыз?

Ал қазіргі әлемдік жаһандану заманында  отбасының баға жетпес құндылық ретіндегі мәні жойылып барады. Статистика мәліметіне сүйенетін болсақ, елімізде некелескен жұптар саны азайып, ажырасқан отбасылар саны артып келеді екен. Мәселен елімізде 2016 жылы 140 840 неке тіркелген болса, соның 51 775-і ажырасып кеткен. Ал некесін заңды түрде тіркемей, тек шариғи неке қиғызумен шектеліп, содан соң үйленбей жатып ажырасып, талақ беріп жатқандар қаншама? Ең сорақысы да осы болып тұр. Бұрын-соңды ел естімеген, елімізде болмаған, ұлтымызға, дінімізге мүлдем жат, жиіркенішті әрекеттер белең алып барады. Бірнеше әйелге үйленіп, ертеңіне «талақ» деп некесін заңдастырмай, ажырасып жатқандар көбейді. Бұл ұлттың болашағына балта шауып, халықтың арасына іріткі салуды көздеген жаман ниеттегі адамдардың іс-әрекеті екені анық. Өкінішке қарай, біздің ештеңеден бейхабар, сауатсыз, аңқау қаракөз қыздарымыз солардың арбауына оңай түсіп, сан соғып қалып жатыр. Нәтижесінде заңсыз туған жетім балалар, жесір аналар саны артуда. Осының бәрі  өзіміздің сан ғасырлардан бері келе жатқан ұлттық құндылықтарымызға, асыл дінімізге мән бермей, өзге мәдениетке еліктеудің нәтижесі болса керек. Бұған тосқауыл қоймасақ, елдігімізге, ұлтымызға  зиянын тигізеді, тіпті мемлекеттің тұрақтылығына нұқсан келтіретіні анық. Ол үшін ел болып, ұлт болып жан-жақты күресуіміз керек. Бұл мәселеге еліміздің әрбір азаматы атсалысуы тиіс. Опық жеп қалған қыз сіздің туған қарындасыңыз, қызыңыз немесе сіңліңіз болуы да мүмкін еді ғой.

 

Енді мұның қандай шешімдерін көріп отырсыз?

Мемлекеттік  мекемеде тіркеуден өткен соң барып мешітте неке қидыру керек. Сондай-ақ «қызға қырық үйден» тыйым салып, ата-ана олардың әрбір қадамын жіті қадағалап отыруға міндетті. Егер балаларының немесе қыздарының қандай да бір іс-әрекетінен күмәнданса, оғаш қылықтар байқаса, онымен сөйлесіп, сөздеріне құлақ аспаса тиісті орындарға хабарлауы қажет. Білім ордаларының жоғары сынып оқушылары арасында, жоғарғы оқу орнында оқитын қыздарымыздың арасында арнайы мамандардың түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуі қажет. Тіпті теледидар, радиохабарларында берілетін жаңалықтарда құлаққағыс етілуі қажет. Сонымен бірге алданып қалған аруларымызға да зерттеу жүргізу артық болмайды. Алданып қалатын көбіне кімдер, қай жастағылар, не себепті?

Біреудің арын таптап, қорлауға, тағдырымен ойнауға тек имандылықтан, ардан, адамгершілік қасиеттерден жұрдай адамдар ғана бара алады. Оларға қатаң жаза берілуі тиіс. Ал отбасында тәрбие көрген, ізетті жан, шынайы мұсылман мұндай әрекеттерге әсте жол бермесе керек. Себебі ол Алланың алдында жауап беретінін білгендіктен адам түгілі тіршілік атаулыға титтей де қастандық жасамайды. Әрбір ата-ана отбасында біреуді қорлаудың түбі жақсылыққа апармайтынын, ата-ананың ақ батасын алып, бас қосқан екі жастың ғана бақытты болатынын баласының құлағына құйып отырса артық болмас еді.

Мұндай мәселелер біздің елімізде ғана емес, өзге елдерде де кездесететіні анық. Осы орайда өркениетті елдерде бұл мәселе қалай шешімін тапқан, көршілес елдер қалай күресіп жатыр, олардың жақсы әдістерін қолдануымыз керек. Әсілі, біздің ата-бабаларымыз ұстанған қағидаларды біз де санамызға сіңірсек, адалдық, өтірік айтпау, біреудің ала жібін аттамау сияқты адамгершілік құндылықтарды ардақтай білсек, адамның бір-біріне деген құрметі артып, бақытты отбасылар қатары да көбейер еді.

 Тұщымды ой-пікірлеріңізбен бөліскеніңізге көп рақмет!

 

Сұхбаттасқан Құдайберді Бағашар

Медиа

Жоғарыға