maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Серікжан ЕНШІБАЙҰЛЫ, "Адасқандардың дені түрмеде ғана өкінеді"

Серікжан ЕНШІБАЙҰЛЫ, "Адасқандардың дені түрмеде ғана өкінеді"

Серікжан ЕНШІБАЙҰЛЫ,

дінтану магистрі, «Шапағат» деструктивті діни

ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету

орталығының теологы:

«Адасқандардың дені түрмеде ғана өкінеді»

«Дін атын жамылған жат идеологияға өтіп кеткендердің көпшілігі түрменің аржағында отырғанда өкініп жатады. Түрмеде жазасын өтеп отырған 1992 жылы туған атыраулық жас жігіттің тағдырымен жақсы таныспын. Жылдар бойы тұрақты жүргізілген жұмыс нәтижесінде, ол жігіт қазір дәстүрлі мәзһабқа оралды» деген теолог адасқан тағдыр жөнінде кеңінен айтып берді.

 

- Бастапқы кезде ол жігіт діни сауатын мешіттен ашады. Кейін әлеуметтік желілер арқылы түрлі діни топтарға қосылып, уағыздарды тыңдай бастайды. Сөйтіп жүрген кезде ол әйелін, баласын алып, Ресей арқылы Сирия шекарасына өту туралы шешім қабылдайды. Жігітпен арада бірнеше рет жекелеген сұхбаттар құру нәтижесінде, оның діни білімінің төмен екендігі анықталды. Десе де, кейіпкеріміз кезінде Атырау қаласына қарасты Геолог елдімекеніндегі өзгеше ойлайтын топтың ішіндегі лидерлердің қатарында болған. Түрлі уағыздарға әбден уланған олар уақыт өте келе мешітке келуді де доғарады. Себебі, олар мешіт имамдары бидғатшы, яғни, дінге жаңалық енгізушілер деген пікірде болған. Осылайша, үйді-үйге жиналып, өзара диалог құру кезінде бұл жігіт бірнеше адамды Сирияға кетуге үгіттеген. Базардың төңірегінде жүріп, біраз ақша жинаған жігіт Сирияға аттанып бара жатқан жерінен ұсталды. Терроризмді насихаттағаны үшін алты жылға бас бостандығынан айрылды. Енді ол дер кезінде теологтарды тыңдамағанына өкінеді. «Бар арманымыз Сирияға аттану болды. Ол кезде баланы да, әке-шешені де, отбасымызды да ойлаған жоқпыз. Сондықтан, Саид Бурятский, Дарын Мубаров сияқты жалған ұстаздарды тыңдамауға шақырамын» дейді жігіттің өзі. Сол жігіт келер жылдың басында бостандыққа шығады. Қазіргі кезде әйел-баласы оны күтіп отыр. Кезінде радикалды бағытта болған жұбайы да бүгінде дәстүрлі мәзһабқа оралды.

- Бұл сіз бөлісіп отырған бір оқиға ғана. Жалпы, уахабилік, салафилік ағымдардың басты қателігі неде?

- Дін атын жамылған уахабизм 18 ғасырда пайда болған түсінік. Абдуль Уахабтан тараған идеяның ерекшелігі сол, бұл ағым пікірлерді, көзқарастарды салыстыруға мүмкіндік бермейді. Абдуль Уахабтың тұсында ол берген жалған пәута мұсылмандардың қанын да төкті. Қазіргі уақытқа дейін Сауд Арабиясында Абдуль Уахабтың ұрпағынан тарағандар ғана мүфти бола алады. Сауд әулетінен тарағандар ғана король бола алады. Ал, салафилік ағымның жетегінде жүрген біздің жастарымыз саяси ойынның құрбаны екендерін де түсінбейді. Айталық, салафилер намаз оқымағанның барлығын кәпір дейді. Сөйтеді де, ата-анасын кәпірге шығарып, олармен арадағы туыстық байланысын түпкілікті үзеді. Бұл әрине шариғат тыйым салған амал. Өзіңіз салыстырып көріңізші, адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ағасы Әбутәліп дінді қабылдамаса да, оны әкесіндей сыйлады. Оның үстіне, Алла Елшісі (с.ғ.с) әкесінен жастай жетім қалған кезде, оны ағасы тәрбиелеп өсірген болатын. Міне, біз осындай жағдайларды нақты мысалмен келтіре отырып, оңалтудан өтіп жатқан бауырларымызға салыстыру, ойлану мүмкіндігін береміз.

- Жат ағымда жүргендермен жұмысты тиімді ұйымдастырудың жолымен бөліссеңіз?

- Салафи ағымына ергендердің өзі төрт санатқа бөлінеді. Мәселен, радикалдар «джиһад», «такфир» ағымын берік ұстанады. Олардың ойынша, мемлекет – ширк. Байсалды салафилер мемлекетті мойындайды, имамға қарсы келмейді. Бірақ, өздерінің идеологиясын жасырын тарата береді. Атырауда қазір осындай радикалды бағыттағы үш-төрт топ бар. Оның әрқайсына шамамен жиырма адамнан мүше.  Сонда біз оларды шартты түрде жүз адам деп алып қарастыратын болсақ, оңалту процесінде негізгі күшті олардың лидерлеріне арнағанымыз тиімді. Себебі, бір лидердің соңынан ұйыған елу адам көзқарасын өзгертуі мүмкін.

Қазіргі таңда Атыраудағы 157/9 түзету мекемесінде терроризм бабымен сотталған 42 адам отыр. «Шапағат» орталығы олардың барлығымен де жұмыс жасауда. Жат идеологияға өтіп кеткендердің арасында қазақтың салт-дәстүрлерін мойындап бастағандары да бар.

 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Медиа

Жоғарыға