maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Мұхиддин ОМАРОВ, Дін мен дәстүр сабақтас

Мұхиддин ОМАРОВ, Дін мен дәстүр сабақтас

            Мәзһабтар географиясы, әулиеге зиярат, емшілік. Белгілі теолог Мұхиддин Омаровпен арадағы сұхбат негізінен осы тақырыптарға арналды.

             Мұхиддин ОМАРОВ,

«Шапағат» дестурктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығы қоғамдық қорының теологы:

Дін мен дәстүр сабақтас

 

– Ислам діні мәселесінің проблемалық деңгейге көтерілуінің себебі неде?

– Аса қамқор еркеше мейірімді  Алланың атымен бастаймын. Кеңес Үкіметі дәуірінде халқымыздың рухани ваккумы босап қалды. Осы жағдайды тәуелсіздік елең-алаңында сырттан келген спекулянттар, дінді жамылған радикалдар тиімді пайдаланып кетті. Салт-сана, дәстүр, дінімізді бұрмалаушылықтың соңы – исламофобияның күшеюіне алып келді.  Қазір елімізде жат идеологияға уланып, адасқан бауырларымыздың саны көбейді. Сондықтан, білімді кадрларды көбірек дайындау арқылы, халықтың сауатын арттыру мәселесіне жұмыс істеуіміз керек. 

            – Мәзхабтар географиясы деген мәселе сан ғасырлардан бері қалыптасқан қағида. Бірақ, «өзгеше ойлайтындар» «Қазақстан мұсылмандары Әбу Ханифа мәзхабын ұстануы тиіс» деп міндеттеулеріңіздің өзі зорлық қылу»  дегенді алға тартады.

Мемлекетіміз де, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы даӘбу Ханифа мәзхабын күштеп таңумен айналысып отырған жоқ. Біздің мақсат – адасқан бауырларымызға сенім мәселесінде тура жолды нұсқау. Және руханиятқа, ислам дініне қызығушылық танытқандарды қазақ халқының дәстүрлі мәзһабына үндеу. Қалай десек те, біздің мақсатымыз еліміздің бірлігін, тыныштығын сақтау.

 «Басшыға бағынғандарың маған бағынғандарың, маған бағынғандарың Алла Тағалаға бағынғандарың. Басшыға бағынбағандарың, маған бағынбағандарың. Алла Тағалаға бағынбағандарың» деген адамзаттың асылы Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздан жеткен  хадис те барын естен шығармаған абзал.

            – Көп жағдайда әулиелерді зиярат ету мәселесі дау туғызып жатады. Исламдағы әулиелердің ролін ажыратып берсеңіз.

            – Әулиелердің өмір-тарихын, өз заманында адамдарға жасаған жақсылықтарын білу немесе оның еңбектерімен, жазбаларымен танысу мақсатында зиаярат еткіңіз келсе, ислам оған рұқсат етеді. Ал, егер пенденің ойы немесе ниеті әулиелерден жақсылық, тілек сұрау болса, бұл құпталмайтын амал. Шыны керек, қарапайым халық арасында әулиелердің басына барып, дүние немесе перзент сұрап, «жолымды аша гөр», «мені қолдай гөр» деп амал жасайтын жағдайлар жиі кездеседі. Асылында, мұндай қадамдарға шариғатымыз қатаң тыйым салады. Өйткені, адамзат баласына пайданы да, берекені де беретін Алла Тағала ғана.

            Яғни, біздер Алла Тағалаға құлшылық ету үшін ғана жаралдық. Ал, марқұмдардың рухына дұға бағыштау, қашан да сауапты амал болып қала береді.

– Жеті шелпек мәселесіне көзқарас қалай болуы керек?

Абу Хурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен бір хадисте тандыр нан деп келтірген анықтама бар. Осы мәселеге тоқтала кетсек. Бірде мен Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп, «Ей, Алланың елшісі 100 бас нәпіл намаз  оқығаным абзал ма, әлде тандыр нан таратып садақа еткенім артық па?» деп сұрағанымда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «сіздің тандыр нан таратқаныңыз, 100 бас нәпіл намаз оқығаннан артық» деп жауап берді. Міне, осы жайтқа сүйенген ата- бабаларымыз шелпек таратуды үрдіс етіп қалыптастырған. Бірақ, нақты «жеті шелпек» деп қатып қалу шариғатта жоқ. Нанды қаншалықты таратсақ та артық етпейді. Демек, Құран оқылған шелпек мәселесін жоққа шығару – бекер әурешілік.

– Халық емшілері, сынықшы, көріпкел дегеніміз кімдер? Оларға жүгінудің исламдағы үкімі қандай?

            – Халық емшілері науқасты Құран оқып, шөп дәрілермен емдесе, шариғат бұған қарсылық танытпайды. Егер, керісінше бұл жерде пайда табу мақсатымен көз бояушылық жасап, адамдарды алдайтын болса, мұндай нәрсе әрине, исламда харам саналады. Сол сияқты, жындар әлемімен қарым-қатынас жасайтын балгерлікке де ислам тыйым салады. Сынықшыларға келсек, егер ол адам медицинадан хабары бар мықты маман болса, әрине көмекке жүгінуге болады.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Медиа

Жоғарыға