maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Балғабек МЫРЗАЕВ: Дәстүрлі емес дін өкілдері некені ойыншыққа айналдырды

Балғабек МЫРЗАЕВ: Дәстүрлі емес дін өкілдері некені ойыншыққа айналдырды

«Мұсылмандық кімде жоқ, тілде бар да, ділде жоқ» деген ілгергі замандағы баба сөзінің бүгінгі күнде де өзектілігі өшпей келеді. Ислам діні қазақ халқының қазыналы тарихымен тамырлас болса да, қазір дін «пәлсапасын» соғып, өздігімен «пәтуа» бергіштер қарасы азаяр емес. Неке мен талақ мәселесі осындай күн тәртібіне шықты. Шариғи тұрғыдағы некенің мән-маңызы мен ел заңнамаларындағы талап-шарттары туралы белгілі исламтанушы, теология ғылымының докторы Балғабек Мырзаев әңгімелейді.

 

– Балғабек аға, қазіргі қоғамдағы некелесудің ел заңнамаларындағы талап-тәртіптері қандай? Сұхбатымызды осыдан бастасақ.

– Отбасы мемлекетті құраушы фактор екені белгілі. Содан болса керек, «Отан отбасынан басталады» дейтін қанатты сөз халық арасында кең тараған. Ал, отбасын құру үшін ең алдымен некеге тұру талап етіледі.

Некеге тұру дегеніміз кәмелет жасына жеткен ер азамат пен қыз баланың ғұмырлық, яғни белгілі бір мерзім көрсетілмей некеге тұрып, ерлі-зайыпты болып өмірлерін бірлестіруі деген мағынаны білдіреді.

Біздің заңымызға сәйкес неке жасы – 18 жас. Одан төмен жаста некелесуге дәлелді себептері болған жағдайда заңнамаларда көрсетілген тәртіппен реттеледі және мұндай жағдайларда адамдардың некеге тұруына ата – аналарының келісімі бойынша ғана рұқсат етіледі.

Қазақстанда мемлекеттік АХАЖ органында тіркелген неке ғана неке деп танылады. Заңда неке таңдауға ерік берілген, яғни некеге тұру немесе оны бұзу үшін тараптардың өзара ерікті келісімі қажет. Некеде ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері тең, әйелдердің құқығын шектеуге жол берілмейді. Неке қию ерлі-зайыптылардың одағына ізгілік, тұрақтылық, беріктік, татулықты орнатуға міндеттейтін, олардың отбасындағы құқықтары мен міндеттерін белгілейтін, өмірге ұрпақ әкеліп, балаларын мейірімділікпен тәрбиелеуге бағыттайтын ізгі шара.

– Әлмисақтан мұсылман қазақ халқында неке рәсімі қалай атқарылған? Қазақы салтқа сай неке жоралғысы жайына тоқталсаңыз...

– Қазақтар арасында ертеден келе жатқан некелесудің шарттары болды. Неке қиюшы мен некелесушілер арасында келіссөз жүргізушілер есебінде «куәгерлер» жүреді. Некеқияр кезде eкi арада жүретін eкi куәнің (кей деректер де үш адам), күйеу мен қыздың ырзалығын сұраған уақытта айтатын сөздерін «неке қияр сөз» немесе «куәлік сөз» деп айтады. Қалыңдық құрбыларымен шымылдық артында отырады, ал күйеу жігіт екі куә, өкілдермен бірге киіз үйдің ортасында отырады. Неке қиюшы күйеу жігіттен қалыңдықтың және оның әке-шешесінің атын айтып (бәленше қызы түгеншені) «өзіңе жұп қылып алуға келісесіз бе» деп сұрайды. Күйеу жігіт «қабыл қылдым, қабыл тұттым» деп жауап береді. Осы сұрақты қалыңдыққа да қойып, осындай жауап алады. Әр сұраққа жауап алғаннан кейін олар міндетті түрде «куә жырын» айтып отырады. Ізінше, ақсақалды ата бата жасап, дұға оқиды, қосылатындардан ризашылығын сұраған соң, неке суы құйылған ыдыстан су ішкізеді, содан кейін некеге куә болғандардың бәріне ішкізеді. Осындай жолмен некені қиюдағы мақсат «екі жасты бақытты қыла гөр» деген көптің тілегін алу және неке одағын «неке суын» ішкізу арқылы бекіту. Бұл олардың ендігі жерде бір шаңырақтың астында бірге болатындықтарын білдіреді. Осылайша неке сертінің берік болуын меңзейді.

– Дегенмен, қазір қаракөз қазақ жастары арасында некенің түпкі мақсатын ұғынбай үйленіп, артынша ажырасып жататындары да көбейіп келеді. Мұның себебі неде? Неке мәселесіндегі мұсылмандық қағидалары қандай талаптардан тұрады?

– Иә, бұл ащы да болса ақиқат. Бүгінде кейбір жастардың отбасын құрып, оны сақтау мәселесіне атүсті қарап, оны ойыншыққа айналдыра бастағаны көңілге қауіп ұялатады. Әсіресе, дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушылар арасында некеге жеңіл қарау белең алды. Неке қию ағайын-туысқандардың қатысуымен және қолдауымен болған жағдайда жас жұбайлардың сол ортаға тез үйренісіп кетуіне мүмкіндік береді және үлкен жауапкершілікті жүктелгенін сезінеді. Мұндай жағдайда жастар оңайлықпен ажырасуға бара қоймайды. Бүгінгі күні ата-анасының хабарынсыз, әлі оңы мен солын танып үлгермеген өздерінің жақтастарын жинап алып діни некені қия салудың салдары ажырасудың тез болуына апарып соқтыруда. Тіпті, діни некенің өзін дұрыс түсіне алмай адасып жүргендері қаншама. Осы тұрғыдан ислам дінінде некенін орны мен маңызы туралы тереңірек тоқталып өткенді жөн көріп отырмын.

Ислам құқығында отбасы құрудың алғашқы шарты неке қидыру болып табылады. Неке қиюдың өз шарттары бар. Біріншіден, екі жастың ризашылығының болуы. Яғни, екі адамның бір шаңырақ астында тұра алатындығын түсініп, өз жүрек қалауларымен келісуі. Неке алдау жолымен немесе мәжбүрлеу арқылы болмауы керек. Некені қию адал мен харамның аражігін ажырататын шара болғандықтан, оның көпшілікке жария етілуі тиіс. Сүннизмнің құқықтық төрт мазхабы мүмкіндігінше некеге тұруға ата-атаның келісімі мен разылығын алғанды қалайтынын да назарда ұстаған жөн.

Екіншіден, екі куәгердің болуы. Куә болатын адам – осы екі адамның отбасын құрып, бірге тұра алатынына куәлік беретін адам. Ал, куəгерлер ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған жандардан таңдалады. Қиылған некеге екі куəгердің қатысуы шарт. Куəгерлердің саны Құранда да анық айтылған: «Екі ер адамды куəгер етіңдер. Егер екі ер адам болмаса, өздерің куə ретінде құп көретін бір ер кісі мен екі əйел жеткілікті».

Үшіншіден, некелесу ерге де, әйелге де белгілі бір жауапкершіліктерді жүктейді. Ер адам – отбасының асыраушысы, ол әйелі мен баласын материалдық және рухани тұрғыдан қамтамасыз етуге, оларды қорғап, пана болуға міндеттейді. Ал, жұбайына күйеуінің шағырағын абыороймен қорғау міндеттеледі.

Бұл дегеніміз үлкендерді қадірлеу, өзара құрмет, сүйіспеншілік, қамқорлық және имандылық. Бүгінгі қоғамымызда шариғаттың шарттарын бұрмалап, дұрыс орындамай, әйелін оп-оңай талақ ету жөнімен қаракөз қыздарды мазақ ететін «робот мұсылман» жігіттердің саны көбейді. Олар ұрпақ сүйіп, үлгілі отбасы құруды көздемейді, нәпсісінің қалауымен қыздарды қорлау әрекетіне еркін барады. Бастапқыда көңілдері жарасып үйленген сияқты болып көрінгенімен, кейде арадан 1 ай, кейде 2 ай өтпестен «3 мәрте талақ» айтып ажырастым деп әйелін айдалада тастап кетіп жатыр. Онысымен қоймай, мен әйелімді талақ қылдым, араларыңда алатындарың бар ма деп достарына жар салады. Осындайлардың некені ойыншыққа айналдырғандар дегеннен басқа не айтамыз? Одан қалса, әйелдердің «жыныстық жиһад» дегенді шығарып, Сирияға қарулы қақтығыс аймағына баруы тағы бар. Сирияға барып, көтерілісшілердің жыныстық қатынас жөніндегі қажеттілігін өтейтін «джихад-аль-никах» («неке джихады») жолындағы әйелдер осы амалын шариғатпен ақтап ала аламыз десе түбегейлі қателеседі. Ақылы басында болған пенде «жалған шейхтардың» айтқанымен емес Құран Кәрімнің көрсеткен жолымен жүреді емес пе?

Сирияға аттанып, онда «20, 30, 100 содырдың жыныстық қатынас жөніндегі тілегін қанағаттандыруға аттанғандар» мен айдың күні аманда ай сайын талақ айтып ажырасып, артынша қайта тұрмыс құрып жатқандар толығымен дәстүрлі емес ағымды ұстанатындар екені белгілі. Шариғатты білгендер мұндай қадамға, сірә, бара қоймас еді. Ертең осы әйелдер жүкті болып жатса, оның әкесі кім екенін басқа түгілі сол әйелдің өзі айтып бере алмайды. Егер, шынайы мұсылмандықтың жолын ұстанған болғанда жаңадан некеге тұру үшін шариғатта талап етілетін төрт ай, он күн идда мерзімін сақтап, осы мерзім өткен соң басқа біреумен некелесуі керек еді. Себебі, Құран Кәрімде «Бақара» сүресінің 234 аятында: «Араларыңда біреу-міреу қайтыс болып, олардың жесірлері қалса, ол әйел (әдет бойынша) төрт ай, он күн аза тұтуы керек. Мерзімі толғаннан кейін әдептен аспай, өз қамын ойлай бастаса (бой түзей бастаса), оның жауапкершілігі сендерге жүктелмейді. Егер ол әйел ерінен екіқабат күйінде қалса, онда баласын тапқанға дейін тосады» деп бұйырылады.

– Шариғатта ерлі-зайыптылардың ажырасуына қандай жағдайда рұқсат етіледі? Тек діни рәсіммен неке қиғандардың заңдық тұрғыдағы құқылары қалай болмақ?

– Исламда ерлі-зайыптылардың бірге өмір сүруі мүлдем мүмкін болмаған жағдайда ғана ажырасуға рұқсат беріледі. Онда да бірден талақ айтып, ажыраса салмайды. Әйел белгілі ғиддет мерзімін күтеді. Бұл мерзімді олардың келісіп, татуласуы үшін қарастырылған жағдай деп бағалауға болады. Бұл мезгіл өтіп, екі жақтың жарасуы мүмкін болмаған жағдайда ғана түпкілікті ажырасады. Яғни, талақ үкімі жанұяны бұзу үшін емес, керісінше жанұяның беріктігі үшін қолданылады. Енді заң талаптарына сәйкес киылған некенің қажеттілігіне тоқталсақ. Құқықтық нормаларға жүгіну отбасылық қатынастар бұзылғанда қажет. Егер АХАТ органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен ерлі-зайыптылар айырылысатын болса кәмелетке толмаған балалары және ол балалардың кіммен қалатындығы жөніндегі мәселені сот шешеді. Сот арқылы қорғау – отбасы құқығын қорғаудың бір түрі болып табылады. Бұл істе прокуратура, ішкі істер органдары, АХАТ органдары, тәрбиелік мекемелер, атқарушы органдар орындайды. Атап айтқанда, ата – аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ алимент төлетуді өз еркімен немесе заң талаптарымен мәжбүрлеп қамтамасыз ету шаралары болып табылады.

Ал, тек қана діни неке болған жағдайда, әртүрлі себептермен немесе белгісіз қандай да бір жағдайлармен отбасылар ажырасып жатқан жағдайларда әйел адам мен олардан туылған балалардың құқықтарын заңмен қорғайтын тетіктер жоқ болып шығады. Нәтижесінде, қорғаусыз жандар көшеде қалып, қиындық көріп жатады. Құқығы заңмен қорғалмайтындықтан бұл жерде де зардап шегушілер аналар мен балалар болары анық. Еліміздің заңнамаларына сәйкес отау тігетін екі жас азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне тіркелуі тиіс. Бұл қандай да бір қиын жағдай туған жағдайда азаматтардың құқықтарының қорғалуы үшін өте маңызды. Қазір еліміздегі мешіттерде неке қияр алдында АХАТ органдарының неке куәлігі талап етілетіндігі де ең алдымен болашақ отбасының бүтіндігін қамдағандықтан туындап отыр. Осындай ресми некеден соң діни неке қиылады.

– Қазіргі уақытта мешітте неке қияр кезде заңдық құжат талап етіледі ме?

– Иә, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз кезегінде заңды некеге тұрмағандардың діни некесін кесуге болмайтыны туралы бірнеше мәрте мәлімдеме жасады. Алайда, өкінішке қарай жауапкершіліктің маңғыздылығын сезінбеген кейбір дін адамдары және өз беттерімен діни неке кесуді үйреніп алғандар әлі де неке қию рәсімдерін өткізіп жатады. Неке мәселесіне жеңілтек қарайтын мұндай әрекеттерге түбегейлі тосқауыл қою тетіктері қажет екені көрініп тұр. Сондықтан, мұндай жағдайға жол бермеу үшін АХАЖ мекемелері арқылы заңды неке куәлігін алмағандардың некесін қиған дін адамдары мен басқа да тұлғаларға заңмен тыйым салуды тәжірибеге енгізген жөн болады деп санаймын.

Неке қию мәселесін ойыншыққа айналдырғандар осылайша маңдайлары тасқа соғылып, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылғанда мүмкін ойланар. Қорыта айтқанда, неке қию – жеңіл-желпі қарауды көтермейтін маңызды мәселе. Отбасындағы қатынастар нәпсіні қанағаттандыру үшін емес адамгершілік, ізгілік-өнегелік нормаларға негізделсе ғана мығым болады.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Әңгімелескен Жайық НАҒЫМАШ

 

Медиа

Жоғарыға