maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН: Сатира салт-дәстүрді дәріптейді

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН: Сатира салт-дәстүрді дәріптейді

Күлкі де – тәрбие құралы. Қуантатыны, қазіргі театр сахнасында жүрген жастарымыз өнерлері арқылы төл құндылықтарымызды насихаттап, жат ағымдардың теріс пиғылдарын оңдырмай сын садағының нысанасына айналдаруда. Олар көрерменге қуаныш сыйлай отырып, дәстүрлі дініміздің маңыз-мәнін айшықтап жүр. Солардың бірі – актер, Мәдениет қайраткері, Ақтөбе қаласындағы Т.Ахтанов атындағы драма театрының, «Екі езу» сатира театрының директоры Нұрлыбек Жұбатқан тілшімізбен әңгімелесіп, ойымен бөлісті.

 

– Нұрлыбек Хайруллаұлы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында рухани жаңғыру тақырыбын негізге алғаны мәлім. Онда ендігі шаруа ұлттың барын паш етіп, жоғын түгендеу мәселесі кеңінен қаузалды. Президент тапсырмалары мен міндеттерін орындауда әріптестеріңіздің де арқалар жүгі жеңіл емес. Десе де, әзіл-сықақ театрлары ұлттық, діни, рухани дүниелерді қалай насихаттап жүр, көңіліңіз тола ма?

– Кез-келген ұжымды басқару үшін, бірінші өзің біреуге бағына білуің керек. Өзім үш бірдей ұжым басқарып жүрмін: «Екі езу» сатира труппасы, қазақ және орыс труппасы. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларын үнемі басшылыққа алып, серпінімізді сергітіп, мақсатымызды айқындап отырамыз. Биылғы жылдың басындағы рухани жаңғыру туралы айтқанын ұжым болып талқыладық, шама-шарқымызша үн қостық. Елдің тағдыры, жұрттың ертеңі, ұлттың болашағы өнер адамдарын да қатты ойландырады. Толғандырады.

Біздің басқа сатира театрларынан ерекшелігіміз – мемлекеттің аяулы алақынында отырмыз. Кейде, қоғамдағы олқылықтарды көтеріп қалғанда ас жеп отырған асханамызға түкіргендей болатынымызды несін жасырайын. Қысылып, қымтырылатынымыз рас. Бірақ, сатирада туыс болмау керек. Біз қазір «Сатира – сыбайлас жемқорлыққа қарсы» деген ұранмен концерттік бағдарлама жасап алдық. Бұған дейін ұйымдасқан корупция тақырыбында «Командос» атты комедия жазып, оны өзім сахнаға шығарған едім. Бұл туынды әлі театр репертуарында жүріп жатыр.

Былтыр біздің театр діни тақырыпта Ж.Ерғалиевтің «Есігімді қаққан кім?» атты драмалық шығармасын қойды. Қазіргі таңда өте өзекті мәселеге айналған жат пиғылды діни ағымдардың әрекетін керемет сынайды мұнда. Халықтың ойындағы нәрсені айтқандықтан болар, өте жақсы қабылдады. Сатира театрлары арасынан діни тақырыпқа көп баратын – «Өнер қырандары». Олардың шығармаларын өзім жоғары бағалаймын. Негізі діни тақырыпта көп әзіл жаза бермеймін. Оған сауатым да жетпейді. Өте ауыр мәселе. Қаламым да жүрмейді.

– Жақында ғана телерналардың бірінен қайырымдылық шараларына атсалысатыныңызды айтып қалдыңыз. Бұл өзге де әріптестеріңізге үлгі болар дүние ғой. Осы ниетіңіздің қалай жүзеге асып жатқандығы жайында әңгімелеп беріңізші.

– Негізі театр әртістері ылғи да игілікті істің басында жүретінін мойындауымыз керек. Өткенде Ақтөбенің айналасын су шайып кеткенде қалалық мәдениет бөлімімен бірігіп, үйсіз-күйсіз қалған отбасыларға арнап қайырымдылық концертін ұйымдастырдық. Шарадан түскен қаражатты арнайы ашылған есеп-шоттарға аудардық.

Ақтөбе қаласында он балалы үйге барып, театр әртістерімен кездесу өткіздік. Онда да құр қол барған жоқпыз, сол шаңырақтың үлкені – студент балаға ұялы телефон сыйлағанымыз бар. Әке-шешесі қайтыс болған бір үйдің балалларын азық-түлікпен қамтыдық. Жақында Орал қаласына барып, Мұхтар мен Інжу атты балалардың сауығып кетуі үшін арнайы Ақтөбеден концертімізді ұсындық.

Дін қағидаттарында жасаған жақсылықты айтпау керек деп жатады. Алайда, басқаларға сабақ болсын деп, айтып қойдым. Қайырымдылық шараларын өткізу – біздің театрдың басты ұстанымы, мұқтаж адамдарға көмек бергеннен ұтылмаймыз. Адамдық тұрғыдан қарағанда ұтарымыз көп. Әйтеуір, Алладан бір игілік болып қайтатынына сенемін.

– Өзіңіз мұсылманның бес парызын қандай деңгейде орындап жүрсіз?

– Намаз оқымаймын. Бірақ, әр-түрлі жамандықтан, тіл-көзден сақтайтын дұғалар оқып жүремін. Былтыр ораза ұстадым. Биыл денсаулығыма байланысты толық ұстай алмадым. Бірақ ауылда өсіп-жетілгендігімізден, бойымызда дәстүрлі исламның иммунитеті бала кезімізден қалыптасып қойғанына күмәнім жоқ. Ата-әжелеріміздің шариғат негіздеріне қайшы келмейтін, тіпті, астасып жататын ырым-тыйымдарын, салт-дәстүр жоралғыларын естіп, соларды орындап есейдік қой. Құдай сәтін салған күні бес парыздың реті келер.

– Ұлтты күлкімен де тәрбиелеуге болатыны рас. Қазіргі көрермен мен бұрынғы көрерменнің айырмашылығы бар ма? Болса, тарқатып айтып берсеңіз.

– Әр әзілдің өзіне тән астары мен салмағы бар. Күлкі жақсы. Күлген де жақсы. Бірақ, ел алдында күлкі болу – масқара. Сондықтан сатира театрлары күлкіні қару ретінде ұтымды пайдалана білуі керек. Біз ұлтты күлкімен тәрбиелей алмаймыз. Тек, ой саламыз. «Көрермен көрінгеннің ермегі емес» деп, ылғи айтып жүремін. Көрермен, ол – халық. Олар өзгермейді.

Айырмашылық туралы айтсам, әрине, бар. Өйткені, бүгінгі көрерменнің талабы – үлкен. Сауатты көрермендер десем артық емес шығар. Ілгеріде бір әртіс сахнаға шығып, «ойбай» десе зал ду етіп күле беретін еді. Қазір олай емес. Көрермен сахнадан салмақты дүнеиені қалайды, театрға соны іздеп келеді. Талантты адам көрерменсіз қалмайды. Талантсызға қиын бүгінде. Қысқасы, көрермендерді қазір алдай алмайсың. Оның алдына шығу үшін үлкен дайындық және талап, еңбек қажет

– Дінге бет бұрған әріптестеріңіз баршылық. Мәселен, «Өнер қырандары», Құрмаш Махан, Балғынбек Имашев... Олардың өнеріне қандай баға бересіз? Дінге бет бұру өнерді шектемей ме?

– Менің ойымша, дінге бет бұру әр адамның жеке басының міндеті. Дін үлкен – ғылым. Қазір біз түсінбейтін діннің тармақтары көп. Кейбіреулар өнерді мұсылман адамға жат дейді. Біреулері діннің өнерге қатысы жоқ деп жатады. Сондықтан әлі де болса бізге діни сауаттылық жетіңкіремейтінін сеземін. Дербес ел болғаннан кейін әр ұлттың өзіне тән тілі, дәстүрі. ұлттық киімі мен талғамдары болады. Сол арқылы біз әлемде бір-бірімізді ажырата аламыз. Жер шарының адамдары бәрі бірдей болуы мүмкін емес. Қысқасы, дін мен салт-дәстүрді шатастырып алмағанымыз жөн сияқты.

– Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңізге жеміс тілеймін.

Сұхбатты жүргізген Асхат РАЙҚҰЛ

 

 

Медиа

Жоғарыға