maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Төлеби ОСПАН: Қоғамның талабы, діннің жауапкершілігі жоғары

Төлеби ОСПАН: Қоғамның талабы, діннің жауапкершілігі жоғары

Имам бейнесі бүгінде мұсылман қауымының, қазақ қоғамының рухани тұлғасы ретінде қалыптасып келеді. Дәстүрлі дініміздің жанашыр өкілдерінің дін жолындағы өмірі, еңбек баспалдақтары көпті қызықтыратыны да бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының орталық аппаратында, еңселі Елорда мешітінде абыройлы қызмет атқарған Төлеби Оспан қазіргі уақытта Ақтөбе облысының өкілдігіне жетекшілік етеді. Өкіл имамнан дін саласындағы еңбек жолы, имамның тұлғалық бейнесі және иманды қоғам қалыптастырудағы маңызы жайында сұрап білген едік.

 

– Төлеби Дәділұлы, діни білім алуға ең алғаш не себеп болды? Күрмеуі көп күрделі салаға қалай келдіңіз?

– Бала күнімізде кім болуды армандамадық десеңізші. Бар кәсіптің кілтін ұстауға, игеруге ұмтылыс жасадық қой. Бірақ, 8-сыныпта құштарлығым діни білім алуға ауысты. Әуелі – Алла, кейін себеп болған – көрші ауылдан көшіп келген дәрігердің баласы Дәулет. Ол көрші ауылдағы марқұм Әбдіраш молда атадан дәріс алды. Дәрісін жалғастыру үшін ұстазына барып, сабақ алып жүрді. Дәулеттің Құран оқығанын тыңдап, менің де қатты аңсарым ауды. Содан екеуміз бірге 15 шақырым жердегі көрші ауылға Құран үйрену үшін бірде жаяу, бірде көлікпен, енді бірде есек-атпен барып, білім алдық.

9-сыныпты тәмамдаған соң Шымкенттегі медресеге барамын деп бел будым. Бірақ, 1996-1997 жылдары тұрақты жалақы болмай, айлықты азық-түлікпен, басқа да тұрмыстық заттармен алып жүрген кез. Анам – мұғалім. Тұрақты жалақы алатын да сол кісі. Содан маған: «Көже жасап, паромның басына барып сат. Сөйтіп ақша жина. Сосын медресеге барарсың» деді. Біздің ауыл Сырдарияның арғы жағында орналасқан. Халық Түркістан қаласына қатынау үшін көпір болмағанда паромды пайдаланады. Паром басындағы қызықтар өз алдына бір әңгіме. Осы паромның басына келіп бір ай салқын көже саттым. Бірақ, маған осы көжені дайындау емес, сату қиын болды. Өйткені, паромнан өтетіндердің арасында өз ауылдастарымыз да бар. Ауылда кез-келген үйден тамақтанып, қонағын бірге күтіп, етене жақын араласасың ғой. Тегін тамағын ішіп жүріп, енді оларға қалай сатасың? Бір жағынан, өмірі сауда да жасап көрмегенмін. Ол да – бір өнер екен. Әйтеуір, қызара бөртіп жүріп, бір айда 1500 теңге ақша таптым. Ол жылдары бұл дегеніңіз тәп-тәуір ақша. Соған киім алып, қалғанын жол қаражатыма жұмсағанмын.

Міне, басы осылайша өз ауылымнан басталған қызығушылық кейіннен Шымкенттегі қарилық медреседе, Алматыдағы «Нұр Мүбәрак» университетінде, одан арысы Түркияда діни білім алуға жол ашты.

– Діни қызмет жолын ауыл молдасы, қала имамы ал бүгінде облыста өкіл имам ретінде жалғастырудасыз. Бір кездері ҚМДБ орталық аппаратында бас мүфти көмекшісі қызметін де атқарған екенсіз. Сол қызметтерден алған тәжірибеңізбен бөліссеңіз.

– Иә, ауылдың өзіне лайықты ерекшелігі, қаланың өзіне тән жауапкершілігі бар. Басқаша айтқанда, тіршілігі, елдің көзқарасы, ондағы проблемалар да әр түрлі. Сол себепті, бүгінде өкіл имам қызметін атқарып отырған мен үшін осы сатылардан өтуім – үлкен мектеп, өмірлік тәжірибе. Әсіресе, облысқа қарасты қала, аудан, ауыл мешіттерінің жұмысын жетілдіруде жәрдемі мол.

Жалпы, бұл мәселе жақында өткен ІІ республикалық имамдар форумында жан-жақты талқыланды. Яғни, дін қызметкерлерін мансаптық жолда кезең-кезеңімен өсіру арқылы біз олардың біліктілігін арттырып қана қоймаймыз. Бұл – болашақ үздік зияткер имамды қалыптастырудың бірден-бір оңтайлы жолы. Осы І, ІІ-форумда қабылданған барлық құжаттар қазіргі имамдардың қоғамдағы беделін көтеруге, діни қызметтің сапасын арттыруға бағытталады. Елбасы Н.Назарбаев сәуір айында бас мүфти бастаған имамдарды қабылдағанда бүгінгі имамның жан-жақты, заман талабын сай болу керектігін тілге тиек ете келе тұрақтылық пен жамағат бірлігі жолында имамдарға үлкен жауапкершіліктің артылып отырғандығын айтты.

Бүгінгі имамға қоғамның қояр талабы да жоғары. Оның сөзі мен ісі, тіпті, киген киімі, мінгені мен ішіп-жегені де ел назарында. Сынмен қарайтындар бар. Имам деген көпір секілді. Көпірден кім өтпейді? Көпірден патша да, бай-бағлан да, кедей-кепшік те, сау да, ауру да өтеді. Имамның да алдына сол секілді барлығы да келеді. Сондықтан, ол елдің тілін таба білетін психолог бола білуі керек. Халық имамның жасына қарамастан төрден орын береді. Жылы-жұмсағы мен тәттісін ұсынады. Ел ішіндегі шара имамның Құран оқып, бата жасауымен басталады. Міне, бұл құрмет – Исламның, Құранның жолында болғаны үшін имамға ерекше ілтипат ретінде көрсетіледі. Бұған біз асып-таспай, керісінше, «ұлық болсаң, кішік бол» жолын ұстануымыз қажет.

– Стамбулдан – имам, Анкарадан – азаншы алдыртып, олардың төрелігімен тұңғыш рет өткізген азаншылар жарысы жайында айтып берсеңіз.

– 2009 жылы жолдама бойынша Түркияға 2 айлық курсқа бардым. Білім сапары барысында мені осы елдің діни іс-шараларды атап өтуі қызықтырды. Солардың бірі – азаншылар жарысы еді. Бізде Құран жарысы тұрақты өткізіліп келеді ғой. Бірақ, азаншылар жарысы өтпеген екен. Содан осы ауқымды іс-шараның жобасын әзірлеп, діни басқармаға ұсындым. Мүфтият мақұлдап, «Әдемі әуезді азаншы» атты республикалық азаншылар жарысы қолға алынды. Түркиядан төрелік етуге арнайы кәсіби азаншыларды шақырттық. Жарыс кәсіби азаншылар мен жас азаншылар арасында өтті. Бұл игі бастамаға дайындық барысында бұқара халыққа аталмыш тақырып аясында аз-кем мағлұмат беру үшін де біраз іздендік. Нәтижесінде, «Азан жайлы не білеміз?» атты шағын кітапша дүниеге келді. Бұл жоба өз мақсатына жетті. Яғни, діни қызмет саласының бірі – азаншылық қызметіне деген жастардың қызығушылығы артты. Облыстар өз өңірлеріндегі әуезді азаншыны анықтау үшін облыстық жарыстар өткізе бастады. Бертінде бұл жарыс Алматы қаласында республикалық деңгейде екінші рет жалауын желбіретті. Алдағы уақытта Ақтөбе қаласында ІІІ республикалық азаншылар байқауын өткізуді жоспарлап отырмыз. Меніңше, бұл жарыс елімізде халықаралық деңгейде өткізілсе де артықтық етпейді. Себебі, мұндай жарыста бақ сынайтын біздің азаншыларымыз да бүгінде біршама ысылып, кәсіби біліктілігі артып қалды.

– Қазір сайт ашу жаңалық болмаса да, 2010 жылы жеке сайты бар мешіттер жоқтың қасы болатын. Cіз бас шаһардың «Нұр Астана» орталық мешітінде қызмет етіп жүрген кезіңізде мешіттің жеке сайтын аштыңыз. Бұған не түрткі болды?

– Иә, сол жылдары сайтқа деген сұраныс енді-енді артып келе жатқан еді ғой. Мешітте айтылып жатқан уағыз-насихаттарды ғаламторға шығарсақ деген ой туды. Бұл жамағаттың қолқа салуымен қолға алынған дүние еді. Әуелі алуан түрлі сайттардың қызметімен таныстық. Сосын сайттың қызмет ететін бөлімдерін қағаз бетіне түсіріп, дизайнын жасадық. Ерікті азаматтар атсалысып, сайтты іске қостық. Пайғамбар үмметінің басын біріктіретін сайт болсын деген ырыммен «ummet.kz» деп атадық. Сайт қызметі сапалы болуы үшін онда бірнеше адам жұмыс жасау керек. «Ummet.kz»-тің қызметін үйлестіру жолында «Нұр Астана» мешітінің имамдары көп тер төкті. Бұл насихат жұмыстарын заманауи үлгіде жүргізуге және теріс ағымның алдын алуға бағытталған бір шара еді.

Одан бері сайттың дизайнын бірнеше рет өзгертіп толықтырдық. Қазіргі таңда аталмыш сайт діни сайттардың көшін бастаған портал ретінде қызмет етуде. Мен үшін бұл сайт қашан да ыстық. Әрдайым бақылап, қарап отырамын. Бүгінде дизайны жаңарып жатса да, бағыты бұрынғыша – мұсылман жамағатының басын біріктіріп, жастарды теріс ағым арбауынан арашалау қызметін жалғастырып келеді. Басталған игі жемісін беріп, жұмыс жасап келе жатқандығы көңілге қуаныш сыйлайды. Сауаптан болғай!

– 15 жылдық діни тәжірибесі бар имам ретінде жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Әлі де болса тәжірибем толысты деп айта алмаймын. «Ізденген жетер мұратқа» демекші, адам үнемі ізденісте жүріп, дамылсыз еңбек ету арқылы дегеніне жетеді, сол арқылы шыңдалады. Бүгінгі технологияның дамыған заманында көшке ілесе алмай, бір күн кеш қалсаң, аспаннан түскендей боласың. Сондықтан, жастарға әрдайым ізденісте болуды кеңес етер едім. Сондай-ақ, бүгінгі имамның қаламы қарымды, жазуға бейімді болғаны абзал. Өйткені, мақала, уағыз жазуға бейімделген адамның сөз саптауы да түзеледі. Ғылыми жұмыспен шұғылдануына да мүмкіндік береді.

– Мешіттердегі діни сауат ашу курстары мен тұрақты уағыз-дәрістердің нәтижесі жамағатқа қалай әсер етуде?

– Теріс ағыммен күрестің бір жолы – дәстүрлі Ханафи жолын ұстанатын жамағат қалыптастыру. Діни сауат ашу курстарының жұмысы осыған бағытталады. Биыл Ақтөбе мешіттерінде 9 айлық діни сауат ашу курсы ұйымдастырылды. Мамыр айында тыңдаушылардан емтихан алып, курс жұмысын қорытындыладық. Білім жарыстарын ұйымдастырдық. Біз дінге қызығушылық танытқан жастарды діни сауаттандырмасақ та олар өз бетінше ізденеді. Сол ізденіс жолында кімге жолығады, кімнің уағызын тыңдайды, осыған байланысты оның діни ұстанымы қалыптасады. Сондықтан, сауат ашу курстарының жұмысы өте маңызды. Бас мүфтидің «кемінде 5 шәкірті жоқ имамның жұмысы «жоғары» деп бағаланбасын» деп талап қоюы да осының айғағы.

Жуырда Ақтөбе қаласында теріс ағым арбауында жүрген бір азамат имамдардың уағызынан кейін райынан қайтып, қаладағы теолог мамандардың түсіндіру жұмыстарына жүгінген. Міне, көрдіңіз бе, сауатты және тұшымды айтылған насихат жамағаттың жүрегіне жол табады. Сол себепті, діни басқарма аталмыш екі бағыт бойынша жұмысты жандандыруды күн тәртібінен түсірген емес.

– Жеке кітапханаңызда қай жазушылардың шығармалары бар?

– Анам мұғалім болған соң, ауылдағы үйде өз заманының небір атақты туындылары болды. М.Әуезовтің «Абай жолы», І.Жансүгіровтің шығармалары, т.б. Ауылдағы тіршілік белгілі ғой, мал бағу, егін салу. Ел қатарлы біз де қой бақтық. Иен далада жалғыз жүргенде үйдегі кітаптардың біразын серік етіп, кітаптың қызығына батып, талай рет алдыма салған көз жазып қалған кез де өтті. Солардың ішінде ерекше есімде қалғаны – Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» романы. Ал, қазір жеке кітапханамдағы туындылардың басым көпшілігі негізгі жұмысыма пайдаланатын діни әдебиеттер. Мұнан өзге М.Әуезовтің «Абай жолы», М.Жүсіптің «Шайтанның саудасы» атты шығармалар жинағы, «Он ғасыр жырлайды» кітаптары да бар.

– Бүгінгі таңда қоғамға қандай уағыз қажет?

– Кезінде дін жолында қызмет еткен имам-молдалардың қызметіне үңілер болсақ, басым бөлігі қолына қалам алып, кітап жазуға, өлең шығаруға бейім болғандығын байқауға болады. Өйткені, олар халық ауыз әдебиетіне жақын болды. Жыр-дастандар мен аңыз-әпсаналарды тыңдап өсті. Ал бұл өз кезегінде сол замандағы имамдарға қазақи танымды үйреніп қана қоймай, оның ата дінмен астас болғандығын біліп, мойындауларына мүмкіндік берді. Себебі, бағзы қазақи жыр-дастандарда исламның жұрнағын жиі кездестіруге болады. Сондықтан, мұндай ізденіс бүгінгі дін насихатшысына да қажет-ақ. Уағызшы ислам тарихын ғана емес, қазақ тарихындағы исламды қатар білсе, сол білгенін уағыз-насихатына қосса, нәтижелі боларына сенімім мол. Бұл жастарымызды «арабтар ғана дінді дұрыс ұстанады, қазақ халқы исламнан жырақ болған» деген жаңсақ ойлардан арылтушы еді.

 Ақтөбенің Ойыл деген жерінде Сағидолла Ізтілеуов деген діндар өтіпті 1906 жылдары Мәдина қаласындағы «Ислам» университетін тәмамдап, елге келіп мешіт ұстаған, бала оқытқан. Сонда неге сол кісі «ана салтың бидғат, мына дәстүрің харам» деп елді дүрліктірген жоқ? Өйткені, ол өз ұлтын сүйді, өз салт-дәстүрін бойына сіңіре білді. Жергілікті халықпен санасты. Олардың пайымы қабылдайтындай етіп жеткізді. Ал, бүгінде шетелде білім алған кейбіреулер қазақты кеше ғана мұсылман болғандай етіп көрсеткісі келеді. Насихаттары тек шектеуге бағытталады. Анау болмайды, мынау дұрыс емес деген тиымдар елді мезі етті. Бізді құртып жатқан осы. Шариғаттың шеңберін өз қолымызбен тарылтудамыз. Ислам жеңілдік һәм кеңшілік діні екенін ұмытпайық. Дәстүрлі дін ата-бабаларымыздан мұра болып жеткенін ескере отырып, ислам құндылықтарын парасаттылықпен насихаттау керек-ақ.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Руслан ҚАМБАРОВ,

KazIslam.kz

 

Медиа

Жоғарыға