maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Әбдіжәлел БӘКІР: Отбасылық бақытқа ешқандай бақыт жетпек емес

Әбдіжәлел БӘКІР: Отбасылық бақытқа ешқандай бақыт жетпек емес

Ұлттың тарихы, өткені мен келешегі өзінің тілі, ділі мен діні, мәдениетімен өлшенетіні хақ. Бұл күнде қазақ халқының осынау мұраларына қырын қарап, жадымызға жат, түсінігімізге түрпі дүниелерді тықпалаушылар аз емес. Қоғамның негізгі бөлшегін құрайтын жастардың бүгінгі беталысы, діни ұстаным, отбасы бақыты туралы саяси ғылымдар докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір баяндайды.

 

– Қазіргі қазақ қоғамындағы діни ахуал туралы көзқарасыңызды білдірсеңіз. Бағыт-бағдарымыздың дұрыс-бұрыстығы жайында не айтуға болады?

– Ғасырлар күткен тәуелсіздік қоғамымызда дінге деген көзқарастың жаңаруы мен жаңғыруына жол ашты. Еліміздің ең алғашқы құжаты – «Қазақ ССР Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияда республика территориясында тұратын азаматтардың діни нанымына, Қазақ ССР Конституциясы шеңберінде жұмыс істейтін діни ұйымдардың мемлекет және қоғам өміріне қатысуы үшін тең құқыққа ие болуға кепілдік берілді. 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабының бірінші тармағындағы «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар» деп тайға таңба басқандай айқын жазылды. Ал 2011 жылғы 11 қазанда қабылданған «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заң бірсыпыра мәселелерді шешті. Жалпы, діни ұйымдарды тіркеуге деген талап күшейтілді. Алайда, қазіргі қолданыстағы Заңда дінге, оның таралуы деген мәселелерде кейбір қателіктер де кетті. Заңның «Мемлекет және дін» деп аталатын 3-бабында «Мемлекет дін және діни бірлестіктерден бөлінген» деген нормадағы дінді мемлекеттен бөлу – құқықтық қателік. Мемлекеттің өзін құрап отырған діни сана-сезімнің, ар-ожданның иесі адамдарды қалай мемлекеттен бөлуге болады.

Осындай алып территорияны иемденіп, жері мен елін сыртқы жаулардан ғасырлар бойы бірге қорғап, топтаса тойтарыс беріп келген халықты біріктірудегі діннің ұйыстырушылық рөлін қалай жоққа шығаруға болады? Сондай‑ақ Заңдағы миссионерлер туралы да қайшылықты пікірлер жоқ емес. Мысалы, басқа бірде‑бір елдің заңында (Қырғызстанды қоспағанда) миссионерлерге орын берілмеген. Содан соң қазіргі кезде елімізде 70 пайызды құрайтын мұсылмандардың 2229 және халқымыздың 20 пайызынан астамы болып отырған орыстардың 280 діни бірлестігі болғанда, неше пайыз екені белгісіз католиктер мен протестанттардың әртүрлі діни ұйымдары 500-дің үстінде болуын түсіну де қиындау.

Негізгі қателік Ата заңымызда кеткен сияқты. Ашық қоғамның мәніне терең бара алмаған кейбір құқықтанушылар Негізгі заңымыздың 5-бабының 5-тармағына мынандай құқықтық норма салып жіберген: «Шетелдік діни бірлестіктердің Республика аумағындағы қызметі, сондай‑ақ шетелдік діни орталықтардың Республикадағы діни бірлестіктер басшыларын тағайындауы Республиканың тиісті мемлекеттік органдармен келісу арқылы жүзеге асырылады». Мұндай норманы мен ешбір елдің Конституциясынан таба алмадым. Ал солтүстік көршіміз Ресей Федерациясының Конституциясын былай қойғанда, «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңның «Шетелдік діни ұйымдардың өкілдігі» деген 13-бабында Ресейдегі шетелдік діни өкілдің ешқандай діни қызметпен айналыспайтындығы, оған діни бірлестік мәртебесі берілмейтіндігі тайға таңда басқандай айқын жазылған. Дәлірек түсіну үшін орысша мәтінді де келтіре кетейін: «Представительство иностранной религиозной организации не может заниматься культовой и иной религиозной деятельностью, и на него не распространяется статус религиозного объединения, установленный настоящим Федеральным законом». Бұл мәселелерді қайта қарап жатса, тек ұтар едік.

– Жақында ғана Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі жат ағымдарға ерген жастарды сынап, олардың сыртқы сипатына қатысты пікірін білдіргені бар. Өзге дәстүр негізінде киінген замандастарымыздың қылығы оғаш көрінетіні, расында осы уақытқа дейін де өзекті тақырып ретінде көп әңгіме болған. Жалпы, осындай жат үрдістің тамырына берік қазақ қоғамында орын алуын қалай түсіндіресіз?

– Ең бірінші Елбасымыздың өзі жастар арасында байқап қалған жат мәселелер туралы пікірін ұл‑қыздарымыз жөніндегі тікелей қамқорлық деп түсіну керек. Әйтпесе, ел Президентінің айналысар жұмысы шаш‑етектен екенін қарапайым кісілер де жақсы біледі. Әңгіме ең басты әлеуметтік ортада – отбасындағы, ошақ қасындағы салауатты тәрбиенің кемшін болуынан жас ұрпақтың дұрыс қалыптаса алмай отырғанында болып отыр. Нарықтық экономика қазақтың дәстүрлі отбасын бұзды. Ата‑енесіз жас отбасы иелерінің күнделікті тірліктен бала тәрбиесімен айналысар мүмкіндіктері аз. Осындай және басқа себептерден ұл‑қыздарымыздың арасында өзіміздің діни ұстанымымыздағы Ханафи бағытын терең түсіне бермеушілік, әртүрлі діни ағымдарға бой алдыру орын алып отыр.

Бұл арада жаһандық діни ағымдардың да әсерін ескермеуге болмайды. Қазақ дәстүрінде еркектер түрі де, жүріс‑тұрысы да жігіт ағасы болғанда сақал қойып жататын еді. Қазір бала ағасы болған жастар иегіне түк шығысымен сақал қоя бастайды, ол өзіне жарасады ма, жоқ па, онымен шаруасы шамалы. Сондықтан олардың көбісі күнделікті өмірде оғаш тірліктей көрінеді.

Рас, бүгін жастар көптеп мешітке, Алланың үйіне бара бастады. Осылай бірте‑бірте имандылыққа үйренеді. Дегенмен мұны сән етіп, дін дегеннің не екеніне тереңдеп бара бермеу де жоқ емес. Бірде бір студентім семинар сабағынан мешітке, жұма намазына баруға сұранды. Мен: «Сенің бірінші міндетің – мешітке барып, намаз оқу емес, сабақ» дедім. Сәлден кейін жаңағы студентім сыртқа шығуға сұранды. Содан сабақтың аяғына дейін келмеді. Сұрастырсам, мешітке кетіпті. Келер сабақта онымен сөйлесудің реті келді. Мен: «Сен діндарсың, тиісті діни салт‑дәстүрді сақтайсың. Ал өткен жолғы мені, ұстазыңды алдап кеткеніңді діни түсінікпен қалай бағалар едің?» деп сұрадым. Ол ештеңе дей алған жоқ. Міне, мұндай өзінің бірінші міндетін білмей, керек болса, өтірік айтып, мешітке барып жүрген жастарды қалай түсінуге болады?

Атақты ғалым, саяхатшы Г.Потанин досы Шоқан Уәлихановты дінді ақыл‑оймен таныды деген екен. Бұл принципті жастар да қатты ұстанып жатса, артық болмас еді. Дінге байланысты осы кезге дейін хакім Абайдан артық айтқан ешкім болған жоқ. Ұлы ойшыл

"Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас" дей отырып:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп Және хақ жолы осы деп әділетті» деген болатын. Ұлы Абай осы үш сүюді иманның негізі, шынайы имандылық деп таныды. Мұны жастарымыз жақсы білгені жөн.

– «Алаш зиялыларының мұрасын білсек, рухы мықты қазақ болар едік» деген – сіздің сөзіңіз. Ал олардың мұрасынан қайраткерлеріміздің асыл дінімізден алшақ болмағанын аңғарамыз. Қазіргі қоғам белсенділеріне, ұлт көшбасшыларына, белгілі тұлғаларымызға төл дінімізді қорғай алатын, дәстүрлі ислам жайында сөйлей алатын сауат жетіспейтін секілді...

– Тәуелсіздіктің екінші ширек ғасырына да кейбір бүгінгі посткеңестік елдердегідей әртүрлі саяси жағдайға ұшырамай аман‑есен өттік. Құдайға шүкір. Бұл – ұлы жетістіктеріміздің бірі. Дегенмен, әлі де тарихымызға тереңдеп бара алмай жатырмыз. Мен мұны Алаш мұрасына қатысты айтып отырмын. Алаштың шынайы көсемі, энциклопедиялық білімдар Әлихан Бөкейханның ЮНЕСКО атаған 150 жылдығын үлкен мемлекеттік деңгейде атап өте алмадық. Үкімет ресми қаржы жоқ деп мәлім етті. Ал бүкіл ғұмырын шырылдап Түркістан азаттығы үшін күрескен Мұстафа Шоқайдың он екі томдығын мың данамен шығардық, ол республикадағы кітапханаларға да жетпеді.

Біз әлі толыққанды ұлт болып қалыптаса алмаған елміз. Ол біздің кінәміз емес, ол – кешегі ғасырларға жалғасқан патшалық Ресейдің отарлық саясатының, соның саяси жалғасындай болған кеңестік биліктің зардаптары. Бұл – бұрын «бұратана» саналып, кейін кеңес халқы етудің нәтижелері. Тарих үшін жиырма бес жыл – бір сәт. Сондықтан ұлттық құндылықтардың өзегі – ұлттық тілімізге толыққанды ие бола алмай отырмыз. Енді орысша кем болғандай, ағылшын тілін керек пе, керек емес пе, тықпалап жатырмыз. Қазақ балабақшаларында әлі өз тілдерін білмейтін немесе сөйлей алмайтын 4-5 жасар ұл‑қыздарымызға қазақ, орыс және ағылшын тілін оқытуды азын‑аулақ психология, педагогикадан хабардар мен де түсіне алмаймын. Үкімет үйінде отырғандар мұны жақсы білетін шығар.

Елбасымыздың осыдан бір жарым айға жақын уақытта еліміздің басты басылымдарында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңару» атты мақаласында қоғамымыздағы аса өзекті мәселелер көтерілген. Мен осы рухани жаңғырудың маңызды бір факторын Алаш мұрасын терең білуден іздеймін.

Бүкіл түркі жұртының адал перзенті Мұстафа Шоқайдың мына бір сөзін еске сала кетейін: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді» деген болатын. Шынында да, ұлттық рух тамаша қасиеттерге ие етумен бірге өз ұлтыңды шынайы тануға, өз халқыңның алдындағы өз борышыңды жоғары да терең сезіне түсуге көмектеседі. Бүгін кешегі тәуелсіздікті армандаған Алаш жетекшілерінің ой‑тұжырымдарын қазір тәуелсіз Қазақстан туралы Елбасымыздың ой‑пікірлерімен ұштастыра, әдемі насихаттай алсақ ұтамыз. Бұл Тәуелсіздікті тұғырлы етудің, Мәңгілік Ел құрудың таптырмас әмбебап амалдары, қуатты құралдары дегім келеді.

– Жастар тәрбиесі қай заманның да күн тәртібінен түскен емес. Бүгін де өзекті. Қазіргі тәрбие қалай өрбуде? Жастардың арасында жүрсіз, олардың ертеңінен нені көресіз?

– Жастар тәрбиесі туралы кейбір мәнді мәселелер айтылған сияқты. Қазіргі жас ұрпақ негізінен талантты. Технология дәуірі өзінің жақсы жағын да, қайшылықты жағында да көрсетіп отыр. Осыдан пайдалысын ала білген ұтады. Мысалы, түрлі техникалық ойындарды ұл‑қыздарымыз жаппай пайдалануда, тіпті емшектегі балаларға дейін тыныш отырсын деп ұялы телефондарды ұстатып қоямыз. Шынына келгенде бұл аспаптарды пайдалану мәдениетінен алшақпыз. Олардың жас балаға зияны да бар екенін біле бермейміз.

Ең негізгісі ұл‑қыздарымыз кітап оқуды қойды. Ал кітап оқуды тыйған ойлауды тыяды. Өйткені, кітап пен интернетті салыстыруға келмейді. Кітап оқыған жаңа үзілген жеміс жеп отырғандай ләззат алса, интернеттегі материал кепкен дүниені ас еткендей әсер қалдырады.

Біздің ұлыларымыз жастарға сенеміз деген. Мен олардан асып кете алмаймын. Талантты ұрпақ өсіп келеді. Соны қоғам жетілдіре алса, келешекке қам жемеуге болады.

Бүгінгі алыс‑жақынды біле бермейтін жаһандану заманында, әсіресе өз тізгініміз өзімізге тиіп азат, тәуелсіз ел болғанымызда аса қажет әрі қағидатты (принципті деген мағынада) компоненттер баршылық. Ол саяси сергектік, ұлттық рух, тарихи сана, ерен еңбек, терең білім т.б. керек‑ақ. Сонан соң осылардың көмегімен бақытты отбасын құрғаннан артық не бар дерсің. Адамның шынайы бақыты осы ең нәзік әлеуметтік ортада қалыптасады. Отбасындағы бақытқа ешқандай басқа өткінші бақыт жетпейді. Осы үшін әрбір жас күресуі қажет. Мен тәуелсіз елдің ұрпақтарына тек шын бақыт тілер едім. –

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Асхат РАЙҚҰЛ,

KazIslam.kz

 

Медиа

Жоғарыға