maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Әли ӘЛМҰХАМЕДОВ: Биылғы жоғары оқу орындарына қабылдау науқанының өз ерекшелеліктері бар

Әли ӘЛМҰХАМЕДОВ: Биылғы жоғары оқу орындарына қабылдау науқанының өз ерекшелеліктері бар

Маусымның алғашқы күнінде еліміздегі жоғары оқу орындарында қабылдау науқаны басталып кетті. Бұл жылдағыдан әлдеқайда ерте. Осыған орай, біз Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің Оқу-әдістемелік бөлімінің меңгерішісі әрі талапкерлерді қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Әли Әлмұхамедов мырзамен сұхбаттасуды жөн көрдік. Әлбетте дәл қазір оқу жылының соңы болғандықтан, биылғы түлектерге қатысты да маңызды мәселелерді қамтып өткенді жөн көрдік.

 

— Әли Рауфұлы, міне оқы жылы да аяқталып қалды деуге болады. Биылғы түлектерге қатысты мемлекеттік емтихандар мен диплом қорғау шаралары қандай деңгейде өтті?

— Мемлекеттік емтихандар мен диплом жұмысы студенттің маманданып жатқан саласы бойынша оқу-зерттеу жұмысының шегін білдіреді. Бұған дейін студент мамандыққа байланысты пәндерден теориялық-практикалық білім алу барысында, курстық, семестрлік жұмыстарды орындауда өз көзқарасын дәлелдеу мен қорғауға дағдыланады, оның әдіс-тәсілдерін меңгереді. Сондықтанмемлекеттік емтихандар мен диплом жұмысы оның бұған дейін ғылыми жетекшінің бағыттауымен жүргізген зерттеу жұмыстарының заңды жалғасы болуы да мүмкін.

Осыған сәйкес, биылғы оқу жылында Исламтану, дінтану және шетел тілі: екі шетел тілі мамандықтары бойынша баклавриатта, исламтану және дінтану мамандықтары бойынша магистратурада да емтихандар мен диссертациялық қорғаулар өтті. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен құқықтық заңнамалар аясында өткізілген мемелекеттік қорытындылау үдерісі мейлінше ашық, әділ және жоғары деңгейде өтті деп айта аламыз.

— Білім ізденушілері арасында дипломдық жұмыстарды жазуға уақыт тақаған кезде жүгіретін әдеттің бары рас. Биылғы студенттер мен магистранттарда осындай олқылық байқалды ма?

— Әрине, қазақта «бес саусақ бірдей емес» деген ұлағатты сөз бар. Дегенмен, жұмысын ерте бастап, қорғауға тиянақты дайындықпен келгендер көп болды. Кешігіп, уақытында үлгеріп келе алмаған студенттеріміз де кездесті. Алайда, осы жерде баса айта кететін жәйт, кафедралар мен студенттердің ғылыми жетекшілері өте білікті, сауатты жұмыс істеген. Әр студенттің әрбір пікірімен санаса отырып жасаған жүйелі жұмыстары анық байқалды. Бітіруші магистранттар мен студенттерді кафедра ұжымы қайта-қайта алдын-ала қорғаудан өткізген. Соның нәтижесінде, түлектердің бітіру жұмыстары жалпы өте жоғары деңгейде қорғалды.

— Құттықтаймыз. Енді маусымның алғашқы күні басталған қабылдау науқанына тоқталсақ, биыл қандай өзгешеліктер бар?

— Жалпы, университетке қабылдау жүргізілетін мамандықтар да өзгерістер болмағанымен, талапкерлерді қабылдау уақыты мен қабылдау емтихандарында биыл айтарлықтай өзгерістер бар.ҚР «Білім туралы» Заңына, ҚР Үкіметінің 2017 жылғы «6» сәуірдегі №174 «Жоғары білім беретін білім ұйымдарына қабылдаудың үлгі қағидаларының» қаулысына сәйкес, біршама өзгерістер енгізілген.

Айталық, Талапкерлерден шығармашылық емтихандар тапсыру үшін өтініштер қабылдау 20 маусым мен 7 шілде аралығында жүзеге асырылады. Ал, шығармашылық емтихан 8-13 шілде аралығында өткізіледі. Сондай-ақ, биылғы қабылдау емтихандары біздегі барлық мамандықтарда екі сатыда өтеді.

«5В021500-Исламтану» мамандығына түсуші тұлғалар 2 блок бойынша емтихан тапсырады. Бірінші блок – Оқу сауаттылығы, Математикалық сауаттылық (оқу тілі) және Қазақстан тарихы.

Екінші блок – Екі шығармашылық емтихан: Кәсіпке жарамдылығын анықтау үшін әңгімелесу жәнеИслам негіздері бойынша ауызша емтихан.

«5В020600-Дінтану» мамандығына түсуші тұлғалар да 2 блок бойынша емтихан тапсырады. Бірінші – Оқу сауаттылығы, Математикалық сауаттылық (оқу тілі) және Қазақстан тарихы.

Екінші блок – Екі шығармашылық емтихан: Кәсіпке жарамдылығын анықтау үшін әңгімелесу жәнеДін негіздері бойынша ауызша емтихан.

«5В011900-Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығына түсуші тұлғалар 2 блок бойынша емтихан және бір арнайы емтихан тапсырады. Бірінші блок – Оқу сауаттылығы, Математикалық сауаттылық (оқу тілі) және Қазақстан тарихы.

Екінші блок – Екі бейіндік емтихан: Ағылшын тілі және тарих.

Арнайы емтихан: Педагогикалық жағдаятты шешу.

Медресе-колледжді бітірген тұлғаларды «5В021500-Исламтану» мамандығына қысқартылған мерзім бойынша оқуға қабылдау төмендегі емтихандар бойынша өткізіледі:

1-блок: Қазақстан тарихы.

2-блок: Бір шығармашылық емтихан – Ислам негіздері бойынша ауызша емтихан.

Талапкерлер үшін қабылдау науқанындағы өзгерістер түсініксіз болып жатқан жоқ па?

Дұрыс айтасыз. Жаңа форматтағы қабылдау формасы биыл бірінші жыл енгізіліп отырғандықтан, талапкерлер тарапынан сұрақтар өте көп түсуде. Университет ректорының бұйрығымен құрылған қабылдау комиссиясы қазір осы бағытта, яғни, түсіндіру және кеңес беру бағытында жұмыс істеуде. Университет сайтына орналастыру, БАҚ-ына хабарламалар беру қатарлы жұмыстар өз кезегімен іске асырылуда.

Биылғы құжат қабылдау жылдағыдан 20 күнге ерте басталып отыр. 1-20 маусым аралығында колледж түлектері, мектепті бұрын бітіргендер және шетел азаматтарын кешенді тестілеуге жіберу үшін құжаттар қабылдаймыз. Бұл басында айтып өткеніміздей, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен қаулыға сәйкес іске асырылатын болады.

— Нұр-Мүбарак университетіне түсу үшін биылғы талапкерлер қандай мәселеге аса мән бергені дұрыс деп ойлайсыз?

Ең алдымен, біздің университет аты айтып тұрғандай ислам мәдениетіне, ислам құндылықтарына негізделе отырып білім беретін оқу орны. Соныдықтан, университетімізге үміткер әрбір талапкердің бойынан имандылықты, адамгершілікті және жауапкершілікті көргіміз келеді. Өз ісіне адал, болашағынан үміт күттіретін талапты жастардың көптеп келуін қалаймыз.

Сонымен қатар, биылғы талапкерлерді қабылдаудың жаңа тәртібіне сәйкес уақытты мықты ұстап, дер кезінде құжаттарын тапсыруға және емтиханға белгіленген уақытта толық қатынасуға баса мән бергені дұрыс дер едім.

— Әли Рауфұлы, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет! Алла істеріңізге береке берсін.

Медиа

Жоғарыға