maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

ФИҚҺ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН ДӘЛЕЛДЕРІ (Ханафи мәзһабы бойынша)

ФИҚҺ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН ДӘЛЕЛДЕРІ (Ханафи мәзһабы бойынша)

Бұл мақалада ханафи мәзһабының күнделікті өмірде талас тудырып жүрген кейбір мәселелері дәлел-дәйектемелерімен қамтылды. Мәселе бұқара халыққа түсінікті болуы үшін, сұрақ-жауап күйінде әзірленді. Ханафи мәзһабының сүйенген хадистері арабша мәтіндерімен берілді.

 Сұрақ: Намазды бастарда қолды қай жерге дейін көтереміз?

Жауап: Ифтитах тәкбірінде қолдар құлақ деңгейіне дейін көтеріледі. Бұған байланысты көптеген хадистер бар. Солардың бірі:

عَنْ مَالِكِ بْنِ الْحُوَيْرِثِ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ -صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ- كَانَ إِذَا كَبَّرَ رَفَعَ يَدَيْهِ حَتَّى يُحَاذِىَ بِهِمَا أُذُنَيْه.

Малик ибн әл-Хуайристен (р.а.) келген деректе: «Аллаһ Елшісі (с.а.у.) тәкбір алғанда екі қолын құлағының деңгейіне жеткенге дейін көтеретін еді». Хадисті Муслим риуаят етті.[1]

Иә, қолды иық деңгейіне дейін көтерді деген риуаяттар да, жоқ емес. Алайда, ханафи ғалымдары бұлайша екі ұшты жеткен хадистердің бір-біріне қайшы еместігін, олардың арасын біріктіріп түсінуге болатынын айтады. Мәселен, шейх мулла Әли әл-Қари өте танымал «Мухтасар» атты кітапқа жазған шарх-түсіндірмесінде тақырыпқа қатысты екі түрлі хадистерді келтіріп, былай дейді:

«Құлақ деңгейіне немесе иық деңгейіне дейін көтеруге қатысты риуаяттардың арасында қарама қайшылық жоқ. Бұған негіз мына бір хадис:

رَوَى أَبُو دَاوُدَ عَنْ وَائِلِ بْنِ حُجْرٍ: "أَنَّهُ أَبْصَرَ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حِينَ قَامَ إِلَى الصَّلاَةِ رَفَعَ يَدَيْهِ حَتَّى كَانَتَا بِحِيَالِ مَنْكِبَيْهِ وَحَاذَى بِإِبْهَامَيْهِ أُذُنَيْهِ".

Имам Әбу Дәуіт сахаба Уаил ибн Хужрдың Пайғамбарды (с.а.у.) намазға тұрғанда екі қолын иығының деңгейіне жеткенше және екі бас бармағы құлағына жеткенше көтергенін өз көзімен көргендігін риуаят етеді.[2]

Екі басбармақтың құлақтың жұмсақ етіне жеткізілуі қажеттігін айтқан адам анығында екі риуаяттың арасын ұштастырып, екеуін бір мағынада түсінген болып табылады. Осылайша, бұны негізге алу тағы да нақтыланып тұр. Себебі, «екі басбармақты құлақтың жұмсақ етіне теңестіру керек» деген сөз екінші бір жағынан «қол иық пен құлаққа дейін көтеріледі» деп айтуға да ыңғай береді. Өйткені, қолымыздың білезікке дейінгі бөлігі иығымызбен теңескенде немесе оған жақындағанда қолдың білезіктен бастап саусақ ұшына дейінгі бөлігі құлақпен теңеседі».[3] Мұнымен қоса қолды құлақ деңгейіне дейін көтеруді міндеттейтін мына бір риуаятқа назар аударуларыңызды өтінеміз:

رَوَى الْحَكَمُ بْنُ عُمَيْرٍ قَالَ كَانَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُعَلِّمُنَا : "إِذَا قُمْتُمْ إِلَى الصَّلاَةِ فَارْفَعُوا أَيْدِيَكُمْ وَلاَ تُخَالِفْ آذَانَكُمْ ... ". رَوَاهُ الطَّبَرَانِيُّ وَرَوَاهُ الدَّارَقُطْنِيُّ فِي سُنَنِهِ بِإِسْنَادٍ رِجَالُهُ ثِقَاتٌ.

Хакам ибн Умайр айтады: Аллаһ Елшісі (с.а.у.) бізге былай деп үйрететін: «Намазға тұрғандарыңда қолдарыңды көтеріңдер, әрі қолдарың құлақтарыңнан айнымасын (міндетті түрде құлақ деңгейінде болсын)».

Хадисті имам Табарани және имам Дарақұтни өзінің «әс-Сунан» атты кітабында сенімді рауилер тізбегімен риуаят етеді. Яғни, бұл хадис сахих.

Ханафи мәзһабында намазды бастағанда қолды құлақ деңгейіне дейін көтеру сүннет, ал басбармақты құлақтың жұмсақ етіне тигізу – мустахаб (жақсы) амал болып табылады. Әли әл-Қари басбармақты құлақтың жұмсағына тигізу ісінің қолды құлақ деңгейіне дейін көтерілгеніне сенімді болу үшін орындалатынын айтады.[4] Яғни, «басбармақты құлақтың жұмсақ етіне тигізу» ісі «қолды құлақ деңгейінде көтеру» сүннетін орындауға көмекші құрал болып табылады.

Сұрақ: Әйел адам намазда қолын қай жерге дейін көтереді?

Жауап: Әйел адамның қолын иық деңгейіне дейін көтеруі сүннет. Себебі, бұл әйелдің әуретін жасыруға ең қолайлы амал.[5] Сондай-ақ, бұған мына төмендегі хадис және басқа да хадистер дәлел бола алады:

عَنْ عَبْدِ رَبِّهِ بْنِ زَيْتُونَ قَالَ « رَأَيْتُ أُمَّ الدَّرْدَاءِ تَرْفَعُ كَفَّيْهَا حَذْوَ مَنْكِبَيْهَا حِينَ تَفْتَتِحُ الصَّلاَةَ »

Абду Раббиһ ибн Зәйтун айтады: «Мен Уммуддарданың намазға бастағанда екі қолын (білезік пен саусақ ұшы аралығындағы бөлігін) иығына дейін көтергенін көрдім».[6]

Сұрақ: Намазда қолды қанша рет көтереміз?

Жауап: Қолдар намазда тек ифтитах тәкбірінде ғана көтеріледі.

عَنْ عَلْقَمَةَ قَالَ "قَالَ عَبْدُ اللهِ [ بْنُ مَسْعُودٍ ] : "أَلاَ أُصَلِّي بِكُمْ صَلاَةَ رَسُولِ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ؟" فَصَلَّى فَلَمْ يَرْفَعْ يَدَيْهِ إِلاَّ فِي أَوَّلِ مَرَّةٍ".

[ قَالَ ] وَفِي الْبَابِ عَنِ الْبَرَاءِ بْنِ عَازِبٍ. قَالَ أَبُو عِيسَى حَدِيثُ ابْنِ مَسْعُودٍ حَدِيثٌ حَسَنٌ وَبِهِ يَقُولُ غَيْرُ وَاحِدٍ مِنْ أَهْلِ الْعِلْمِ مِنْ أَصْحَابِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَالتَّابِعِينَ وَهُوَ قَوْلُ سُفْيَانَ [ الثَّوْرِيِّ ] وَأَهْلِ الْكُوفَةِ.

Алқамадан риуаят етіледі. Ол айтты: «Абдуллаһ ибн Масғұт былай деді: «Мен сендерге Аллаһ Елшісінің (с.а.у.) намазындай намаз оқып берейін бе?» - деп, намаз оқыды, әрі қолын тек намаздың басында ғана көтерді».

Бұл хадисті Тирмизи риуаят етіп, былай деді: «Бұл тақырыпта әл-Бара ибн Азиптен де бір хадис жетті. Әбу Иса (Тирмизи) айтты: «Ибн Масғұттың бұл хадисі хасан хадис. Бұл ойды (яғни, қол тек намаздың басында ғана көтеріледі деген ойды) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахабалары және табиғиндерден көптеген адам айтқан. Сондай-ақ бұл Суфян мен Куфа ғалымдарының да сөзі». Ғұлама ғалым Зафар Ахмет әл-Усмани: Бұл хадистің рауилері Имам Муслимнің рауилері болып табылады (яғни, хадис сахих)[7] - дейді.

Өздеріңіз байқағандай аталмыш хадиске имам Тирмизи «хасан» деген баға бергенімен, оны сахих деп бағалауға да болады. Себебі, бұл хадисті жеткізуші рауилер Муслимнің «әс-Сахих» атты еңбегінде де кездеседі. Имам Муслим дәл сол рауилерден алған басқа хадистері сахих (дұрыс) деп бағаланып, оларды өзінің «әс-Сахих» деп аталатын сахих хадистер жинағына енгізген. Міне енді дәл сол рауилер жеткізген жоғарыдағы Абдуллаһ ибн Масғұттың хадисі де неге сахих болмасқа?!

Сұрақ: Тәкпір алу үшін қол көтергенде алақанды қайда қаратамыз?

Жауап: Қолды құлақ деңгейінде көтергенде алақан қыблаға қарауға тиіс. Себебі, қыбла шарапатты жақ. Бұл істе фиқһшы ғалымдардың өзара келісімі бар.[8] Себебі, бұған қатысты мынандай хадис риуаят етілді:

عَنِ ابْنِ عُمَرَ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: "إِذَا افْتَتَحَ أَحَدُكُمُ الصَّلاَةَ فَلْيَرْفَعْ يَدَيْهِ وَيَسْتَقْبِلْ بِبَاطِنِهِمَا الْقِبْلَةَ ...".

Абдуллаһ ибн Омар (р.анһума) айтады: Аллаһ Елшісі (с.а.у.) былай деді: «Қайсыбірің намазды бастағанда екі қолын көтерсін және екі алақанын қыблаға қаратсын».[9]

Сұрақ: Намазда қолды қай жерге байлаймыз?

Жауап: Намаз оқушы адам оң қолын сол қолының үстіне қойып, кіндіктің астына байлайды. Бұған байланысты мынандай хадис жеткізілген:

عَنْ أَبِى وَائِلٍ قَالَ قَالَ أَبُو هُرَيْرَةَ: "أَخْذُ الأَكُفِّ عَلَى الأَكُفِّ فِى الصَّلاَةِ تَحْتَ السُّرَّةِ".

Әбу Уаил айтты, Әбу Һұрайра былай деді: «Қолды қолдың үстіне қойып, кіндіктің астына байлау сүннет болып табылады» (Әбу Дәуіт).[10] Сондай-ақ, хазірет Әлиден (р.а.) мына хадис риуаят етілген:

عَنْ عَلِيٍّ كَرَّمَ اللهُ وَجْهَهُ: "إِنَّ مِنَ السُّنَّةِ وَضْعَ اْلأَكُفِّ عَلَى اْلأَكُفِّ تَحْتَ السُّرَّةِ".   

Әли (Аллаһ оның жүзін жарық қылсын) айтады: «Қолды қолдың үстіне қойып, кіндіктің астына байлау сүннет болып табылады».

Хадисті Имам Ахмет, Әбу Дәуіт, Дарақұтни және Бәйһақи риуаят еткен. Сахаба бір амалды «сүннет» деп атағанда, пайғамбар сүннеті деп түсінеміз.[11]

Ғұламалар намазда еркек адамның қолын көкірегіне қоюы жайындағы хадистердегі «ғалас-садри», яғни, «қолын көкіректің үстіне қойды» деген сөздің хадиске кейін енгізілген сөз екендігін айтады. Мәселен, ибн Қайим әл-Жаузия өзінің «Иғламул-мууаққиғин» атты кітабында былай дейді: «Уаил ибн Хужр айтады: «Мен Пайғамбармен (с.а.у.) бірге намаз оқыдым. Ол оң қолын сол қолының үстіне қойды». Уаил ибн Хужр «Пайғамбарымыз (с.а.у.) қолын көкірегіне қойды» деп айтпаған. Бұл «көкірегіне қойды» деген сөзді тек Муғмал ибн Исмаил ғана жеткізген».[12] Яғни, хадистің басқа нұсқаларында жоқ.

Қол кіндіктен төмен байланады деп айтқан ғалымдарға келсек, олар: Әбу Ханифа, Суфиян әс-Сәури, Исхақ ибн Раһауайһ, имам Шәфиғидің шәкірттерінің бірі ибн Исхақ әл-Маруази[13] және Ханбали[14] мәзһабындағы бір риуаятта қол кіндіктен төмен байланады делінген.

Ханафи мәзһабында ер адам оң қолын сол қолының үстіне қойып, кіндігінің астына байлайды. Осы кезде сол қолының білезігін оң қолының басбармағы мен шынашағы арқылы байлап, оң қолының қалған саусақтарын сол қолының білегінің үстіне қояды.[15]

Сұрақ: Әйел адам намазда қолын қай жерге байлайды?

Жауап: Әйел адам қолын көкірегіне байлайды. Әйелдің қолды бұлайша қоюында ғалымдардың бірауыздан келісімі бар. Себебі, бұл әйелдің әуретін жасыруға лайықты амал.[16] Намаз оқушы әйел оң қолының алақанын сол қолының (білезіктен саусақ ұшына дейінгі бөлігінің) үстіне келтіріп, көкірегіне қояды, алайда еркектер сияқты байламайды.[17]

Қанат Жұмағұл

Теолог, дінтанушы

 

[1] Зафар Ахмад әл-Усмани әт-Тәһанауи, «Иғләус-сунан», І том, 670-бет, Дарул-фикр баспасы, Бейрут, 2001 жыл.

[2] Әбу Дәуіт, «әс-Сунан», 624.

[3] Әш-Шейх, әл-Алләма, әл-Муллә Али әл-Қари, «Фәтху бәбил-ғиная фи шархин-Нуқая», 220-бет, Дәрул-кутубил-ғилмия» баспасы, Бейрут, 2009 жыл.

[4] Әш-Шейх, әл-Алләма, әл-Муллә Али әл-Қари, аталмыш еңбек, 219-бет.

[5] Абдулхамид Махмуд Таһмаз, «әл-Фиқһул-ханафи фи сәубиһил-жадид», І том, 215-бет, Дарул-қалам баспасы, Димашқ (Дамаск), 2009 жыл.

[6] Абдуллаһ ибн Мухаммад ибн Әби Шәйбаһ, «әл-Мусаннаф», І том, 239-бет.

[7] Зафар Ахмад әл-Усмани әт-Тәһанауи, аталмыш еңбек, І том, 825-826 бб.

[8] Уәһба әз-Зухайли, «әл-Фиқһул-ислами уа әдилләтуһ», ІІ том, 872-бет, Дарул-фикр баспасы, 2007 жыл.

[9] Имам әт-Табарани, «әл-Муғжамул-әусат», ҮІІІ том, 7801.

[10] Бурһануддин Али ибн Әби Бәкр әл-Марғинани, «әл-Һидая шарху бидаятил-мубтади», І том, 118-бет, Дарус-сәлам баспасы, Каир, 2000 жыл.

[11] Әш-Шейх, әл-Алләма, әл-Муллә Али әл-Қари, аталмыш еңбек, 224-бет.

[12] Ибнул-Қайим әл-Жәузия, «Иғламүл-мууаққиғиин», ІІІ том, 9-бет.

[13] http://www.isalep.com/archive/index.php/t-8596.html - (мәлімет алынған уақыт: 13.02.2011 жыл).

[14] Уәһба әз-Зухайли, аталмыш еңбек, ІІ том, 874-бет.

[15] Абдулхамид Махмуд Таһмаз, аталмыш еңбек, І том, 217-бет.

[16] Әш-Шейх, әл-Алләма, әл-Муллә Али әл-Қари, аталмыш еңбек, 224-бет.

[17] Уәһба әз-Зухайли, аталмыш еңбек, ІІ том, 873-бет.

 

Медиа

Жоғарыға