maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Иман негіздері және тіршілік

Иман негіздері және тіршілік

Аллаға шүкір, бүгінгі таңда Ислам дініне бет бұрып, иманды өмірді таңдағандар күн санап артып келеді. Бұл, әрине қуанарлық жағдай. Бірақ шариғаттың қандай заңдары бар, мұсылман адамның өмір-тіршілігі қандай болуға тиіс дегенде, көп адамның тосылып қалатын  жағдайларын да байқаймыз. Үйреніп-білгісі келсе де, уақыт таппай, уақыт болса, оқитын кітап таппай, тапқан кітабынан керекті мәлімет ала алмай жүрген жандар жиі ұшырасады. Сондықтан бүгін асыл дініміздің ең негізгі қағидалары туралы аз кем әңгіме өрбітуді жөн көрдік. Бір адам мұсылмандықты ұстанам деген байламға келген адам алдымен не істейді?

 

Мұсылмандыққа бет бұрған адам «Лә иләһа иллаллаһ, Мухаммадур расулуллаһ - Алладан өзге ешбір тәңір жоқ, Мұхаммед (с.ғ.с.) оның елшісі» деген кәлимаға тілін келтіруі парыз. Өйткені Алла – бір, Одан өзге ешбір нәрсеге құлшылық етілмейді, хазрет Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың құлы әрі елшісі.  Осы ақиқатты жан жүрегімен қабыл етіп, тілімен айтқан адам мүмин болып есептеледі.

Бірақ мұсылман адам иман кәлимасын былай деп барынша толық айтқаны жөн: «Мен Исламнан өзге барлық сенімнен ажырадым, Алланың бар және бір екендігіне, Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ардақты Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) Алланың құлы һәм елшісі, әрі бүкіл адамзаттың пайғамбары екеніне, Ақирет күніне, жақсылық пен жамандықтың тағдыры Алладан келетініне иландым және иман келтірдім»

Осыны орындаған адам мұсылмандық шеңберіне енген адам болып саналады. Осыдан соң толық бой дәретін алып (жуынып, шайынып) Ислам дінінің өзге талаптары жөнінде ізденуге кіріседі.

 Иман кәлимасының құрамында айтылған әрбір сөз өте маңызды. Сондықтан алдымен осы сөздердің мән-маңызы жайлы ізденген дұрыс. Мұны ғалымдар «иман шарттары» деп те атайды.

Балиғатқа жасы жеткен әрбір ақыл иесіне ең алдымен Алла тағаланың бар және бір екендігін танып біліп, Оған иман ету парыз. Ақыл иесі Жаратушы мен жаратылыс жайлы неғұрлым көп ойланып, ғибраттанса, Аллаға иман да соғұрлым терең болмақ. Өйткені бүкіл ғалам ең кішкентай бөлшегіне дейін Алла жайлы сыр шертіп тұр. Ал адамның материалдық және рухани болмысы тіпті таңғажайып. Бұл жайында қасиетті Құранда мынадай аят бар:  «Айқын иланғысы келгендер үшін жер жүзінде ап-айқын белгі-аяттар бар. Сондай-ақ өз бойларыңда да. Сендер осыларды көрмейсіңдер ме?» («Зарият» сүресі, 20,21 – аяттар).

Сондай-ақ көп адам періште дегенде, тек екі иығымыздағы періштелерді ғана атауы мүмкін. Алайда мұнымен періштелерге деген сеніміміз шыңдалмайды. Оларды тереңірек танығанда ғана жүректегі иман нақтылана түспек. Пе­ріш­те­лер – нұр­дан жа­ра­тыл­ған ру­ха­ни бол­мыс. Олар адам­дар се­кіл­ді ішіп-жеуге, ұр­пақ өрбітіп, кө­беюге, шар­шап-шалды­ғып, ұйық­тауға мұқ­таж емес. Бар­лық кү­нә атау­лы­дан қор­ғал­ған. Жы­ныс­қа бөлінбейді. Олар үне­мі Ұлы Жа­ра­ту­шы­ла­ры­на ғи­ба­дат жа­сай­ды. Ғи­бадат – олардың қо­ре­гі.

Алла Тағаладан түскен қасиетті кітаптарды, солардың ішінде ең соңғы иләһи кітап Құран кәрімді танып-білу және оларға илану әрбір мұсылманға - парыз:

Құран кәрім – мұсылман баласының тура жолдан таймай, дұрыс өмір сүруіне бағыт беретін басшы кітап. Құран кәрім – Алла Тағаланың сөзі.

Құранмен байланыста болу ең абзал ғибадаттардың бірі, әрі Аллаға жақындаудың бір жолы. Бұл кітаптың әрбір әрпінде он жақсылық бар. Жай оқығанның да, мағыналарына ой жүгіртіп оқығанның да бұл жақсылықтардан несібелері болмақ. Құран мазмұнында бүкіл ғылым атаулының негіздері қамтылған. Онда өмірлік үкімдер, шариғат талаптары, мысалдар, өнегелер, аспан әлемінің жүйесі тағы басқа көптеген мәселелер керемет дәлдікпен баяндалған.

Пайғамбарларға сенімі дұрыс болмаған адам да өзін мұсылман санай алмайды. Жер бетінде тіршілік еткен әрбір қауымға Алла адамдардың өз ішінен пайғамбар жіберген. Құран кәрімде 25 пайғамбардың есімі аталған. Жер бетіне 124 000 пайғамбар келген дейтін деректер де кездеседі. 

Пай­ғам­бар­лар­ға иман – олар­дың Ұлы Жара­ту­шы та­ра­пы­нан ар­найы таң­да­лып, ел­ші етіп жі­бе­ріл­ген­дік­те­рі­не жә­не олар­дың жет­кіз­ген бар­лық хабар­ла­ры­на кү­дік­сіз се­ну де­ген сөз. Олар­дың кей­бі­ріне иман етіп, кей­бі­ріне сен­беуге қа­таң тый­ым са­лы­на­ды. Адам­зат пай­ғам­бар­лар­ға қа­рап, ба­ғыт тү­зеп, бағ­дар ала­ды.

Мүсылман кісінің ақиретке иманы да айқын болуға тиіс. Сау ақылмен ойласақ, бұл дүниенің бар болуы ақиреттің де бар екендігін көрсетіп тұр. Адам секілді ғажап жаратылыс небәрі жүз жылдай өмір сүріп, одан соң топыраққа сіңіп жоқ болу үшін жаралған десек, бұл қандай әбестік болар еді.

Иманның шарттары тағдыр ұғымына да байланысты. Өкінішке қарай, тағдыр ұғымын кейбір адамдар тым үстірт түсініп жүр. Кейде тіпті күнәсының өзіне тағдырды сылтау ететіндер жоқ емес. Ал шындығында, тағдыр еш уақытта ешкімге жамандық жасатпайды. Тағдыр деп нені айтамыз, соған тоқталайық: Өт­кен шақ, осы шақ жә­не ке­лер шақ­тан, яғ­ни, жал­пы уа­қыт ұғы­мы­нан пәк – Ұлы Алланың әу ба­стан қия­мет­ке дейін жә­не қия­мет­тен кейін бо­ла­тын бар­лық нәр­се­ні, бар­лық оқи­ға­ны жа­рат­па­стан бұ­рын шек­сіз, әзә­ли ілі­мі ар­қы­лы ег­жей-тег­жейіне дейін бі­ліп, бел­гі­лі бір өл­шем, мөл­шер­ге қа­рай реттеуін, бел­гі­лі бір есеп­пен жүйе­леуін, ар­найы бір жоба­мен та­ғай­ын­дап бел­гі­леуін «тағ­дыр» дей­міз.

         Демек, мұсылман адамның «пешенеме жазылғаны осы екен» деп күнәлі істерді жасап жүргені өте өрескел қателік. Алла Тағала ешбір пендесіне зорлықпен күнә жасатпайды.

Жинақтай келгенде, әрбір мұсылман осы айтылған ақиқаттарды өз жүрегіне мықтап орнықтыруы парыз. Өмірдің берекесі де, ақиреттің бүкіл қайыры да ең алдымен осы шарттармен байланысты.

 

Асылбек Әуезханұлы

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « МҰСЫЛМАННЫҢ МІНДЕТТЕРІ
Жоғарыға