maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

МҰСЫЛМАННЫҢ МІНДЕТТЕРІ

МҰСЫЛМАННЫҢ МІНДЕТТЕРІ

Ислам – жер мен көктің, бүкіл жаратылыстың жалғыз иесі Алла Тағаладан адам баласының ең ардақты, әрі ең сенімді тұлғасы Мұхаммед Мұстафаға түсірілген ең соңғы иләһи дін.

Ислам – адамзатты күпірліктен иманға, надандықтан білімге, зорлық-зомбылықтан парасатқа, қиянаттан әділетке, алауыздықтан ынтымаққа, көр кеуде пақырлықтан жүрек байлығына, қысқасы қаптаған қара түнектен жарық нұрға шығаратын ақиқат дін.

 

Пенделер өз жаратушысын танысын, ата-анасын сыйлап, туыстарын құрметтесін, қонағы мен көршілерін қадірлесін, барша адамды бауырындай сүйсін, сол арқылы екі өмірде бақытты болсын деп Алла тағала жер бетіне шариғат заңын орнатқан. Ардақты пайғамбарларды жіберіп, қасиетті Құранды түсірген.

Мұсылмандар Исламның бүкіл тәліміне, шариғатына және үкімдеріне жан-тәнімен беріле иланады. Ислам үкімдерін пайдасы мен хикметтерін көзімен көрсе де, көрмесе де бар ықыласымен орындайды. Өйткені адамның өзі әлсіз, ал ақылы тым шектеулі.

Мұсылманға жүктелетін діни үкімдерді, яғни міндеттерді үлкен үш топқа бөліп қарауға болады:

 

  1. Сенімге қатысты үкімдер.
  2. Көркем мінезге қатысты үкімдер.
  3. Амал-әрекеттерге қатысты үкімдер.

 

Сенімге қатысты үкімдер қатарына Алла тағалаға, періштелерге, кітаптарға, ақырет күніне, жақсылық пен жамандық Алладан екеніне шын ықыласпен илануды жатқызамыз.

Көркем мінезге қатысты үкімдер деп ықылас, мейірім, тәуекел, сүйіспеншілік, сабыр, үміт, кішіпейілділік секілді мінездерді бойға сіңіруді айтамыз. Бұларға қатысты қайталанбас үлгі-өнегені ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) өмір жолынан табамыз. Оның (с.ғ.с.) ұлы мінезі қасиетті Құранда мақталған.

  Амал әрекетке қатысты үкімдер. Мұсылман адамның сөздері, іс-әрекеттері, келісім уәделері, адамдармен қарым- қатынасы, жалпы өмір тіршілігіне бағытталған іс-әрекеттер. Бұл топтағы үкімдерді ғибадаттар және қарым-қатынастар деп екіге бөліп ұғынуға болады. Қасиетті Құран кәрімде жалпылай бұйырылған намаз, ораза, зекет, қажылық, құрбан, ант секілді ғибадаттардың өмірде іске асыру үлгісін Пайғамбар сүннетінен үйренеміз. Ғибадат атаулыны Пайғамбарымыз алдымен өзі атқарып, содан соң үмметіне көрсетіп кеткен. Ғибадаттан тыс қалған құқықтық үкімдерді қарым-қатынас үкімдері дейміз. Оны шариғат тілінде мұғамаләт деп атайды. Қарым-қатынас үкімдерінің де бірнеші түрі бар. Бірінші  отбасылық құқықтар. Үйлену, ажырасу, жанұяны асырау, ата-ана құқығы, мирас, ата тек анықтау секілді үкімдер осыған жатады. Екінші мәдени алыс-беріс құқықтары. Сауда-саттық, жалдау, кепілге беру, серіктестік, қарыз секілді мал-мүлікке қатысты үкімдер осыған жатады. Үшінші жазалау үкімдері. Халықтың малын, жанын, ар-намысын, ата-тегін қорғау мақсатында жазалау үкімдері де белгіленген. Ұрлық, арақ, кісі ақысын жеу, зорлық-зомбылық атаулының барлығы осы топта қарастырылады.

Сондай-ақ, басшы мен қызметкер арасындағы әділетке тиісті үкімдер де бар.

Әйгілі сахаба Муаз ибн Жәбал мынадай естелік сөз қалдырған: Бір күні Алла елшісі (с.ғ.с.) мені шақырып алып: «Уа, Муаз, әзірлен, Йеменге жүресің» деді. Мен тез арада атыма мініп, мешіт алдына қайта келдім. Атымнан түскен соң, Алла елшісі (с.ғ.с) қолымнан ұстады да, жетелеп жүре берді. Келе жатып былай деді: «Әй, Муаз, саған өсиетім бар: Алладан қорқып, тақуа бол, сөздерің имандай шын болсын. Берген уәдеңе берік, аманатқа адал бол. Ешкімге зәбір-жапа шектіріп, қиянат жасама. Жетімдерді жебей жүр. Көршілеріңмен тату бол. Ашуға салынба. Мейірім қанатыңды жая жүр, ешкімге сәлеміңді аяма. Тілің майдай жұмсақ болсын! Сондай-ақ иманды болып, Құран үкімдерін терең білуің керек. Ақиретті жақсы көр. Бойыңда есеп берудің үрейі болсын. Арманың аз, ізгі істерің көп болсын. Мұсылмандарға дауыс көтеріп, ұрыспа. Турашылды өтірікші, өтірікшіні турашыл деме. Әділ басшыға қарсы шықпа.

Әй, Муаз, әрбір тастың немесе ағаштың қасынан өткенде, Алланы есіңе ал. Әрбір күнәңнің артынан тәубеңе кел! Күнәң жария болса - жария, жасырын болса  жасырын кешірім сұра! »

 

Ендеше, мұсылмандықты ұстанамын, Алла разылығына бөленемін, екі дүниеде бақытты боламын, артымда қалған ұрпағымды шат-шадыман етемін деген адам ең кемінде, осы аталған мұсылмандық міндеттерді ұқыптылықпен атқаруға тиіс. Өйткені құр сөз адамды бақытты ете алмасы анық.   

 

Асылбек Әуезханұлы

Медиа

Жоғарыға