maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

ЖАРАТҚАНҒА ДҰҒА ЕТУДІҢ МӘН-МАҢЫЗЫ

ЖАРАТҚАНҒА ДҰҒА ЕТУДІҢ МӘН-МАҢЫЗЫ

Адам – өте әлсіз, қажеттілігі көп, мүмкіндігі шектеулі, өмірі қысқа жаратылыс. Жер мен көктен, от пен судан, жын-шайтаннан келетін барша жамандыққа өздігінен төтеп бере алмайтын, ауру мен ажалға қарсы тұра алмайтын, әуре-сарсаңға көп салынатын тым осал тіршілік иесі. Бірақ соған қарамастан, арман-тілегі мен үміті таудай үлкен. Сонымен қатар, ол жанға, қанға, ризық-несібе, бала-шаға, денсаулық, уақыт, өмір, күш-қуат, су, ауаға, сол сияқты бұлардан басқа да мың сан нығметтерге мұқтаж. Жағдайдың ақиқаты осы. Олай болса, адам баласы бәрінен бұрын өзін жаратқан, жан берген, өмір сыйлаған Жаратушы иесіне мұқтаж.

 

Әрқайсымыз әлсіздігімізді мойындап, мұңымызды шағатын, қажетімізді сұрайтын аса рақымды Алла Тағалаға тәуелдіміз.  Ендеше, бар тілегімізді ғаламдардың жалғыз иесі, қалағанын бір сәтте жарататын ұлы Құдірет иесінен сұрамағанда, кімнен сұраймыз? Міне, осы мақсатпен Аллаға алақан жайып, қажетімізді сұрап жалынуды, көмек сұрауды, ішкі жан-дүниемізді ақтарып жалбарынуды Ислам дінінде, шариғат тілінде дұға деп атайды.

Негізінен, дұға – құлшылықтың бір түрі. Құлшылықтың зоры. Өйткені қасиетті Құран кәрімде Алла Тағала былай деген: «(Әй, Расулым!) Сен оларға: «егер жасаған дұғаларың болмаса, Раббым сендерді қалай бағаласын?» деп айт!» («Фурқан» сүресі, 77-аят). Сондай-ақ ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Алла құзырында дұғадан артық бағаланатын ештеңе жоқ» деген (Ибн Мәжа). Кешеге дейін ата-әжелеріміз бар қажетін Алладан сұрап, сұрғанына қол жеткізіп келген. Олар жатса да, тұрса да, дастархан басында да, атқа мініп түсерде де дұғаларын аузынан тастамаған. Апа-әжелеріміздің ұйықтар алдында: «Я, Алла!», «Я, Хақ!», «Я, Жаббар ием!», «Көрсеткеніңе шүкір, Аллам» деген дұғаларын сағаттап айтатынын көріп өстік. Тіпті кейде таң атар шағында да күбірлеп жалбарынып отыратын ақсақалдарды көзіміз көрді. Сөйтсек, соның бәрі мұсылман адамның дұғамен қабысып кеткен өмірлері екен.

Дұғаның бірі «бісмиллә» десек, аналар бісмилләсіз бесікке бала бөлемеген, бісмилләсіз сәби емізбеген. Мұның бәрін олар әрине ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір тіршілігінен үйренгені даусыз. Екі дүние сәруары Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) әр ісі дұғасыз өтпеген. Тамақ ішерде, киім киерде, дәрет аларда, үйге кіріп шығарда, көлікке мініп түсерде, ұйықтарда, оянғанда, сөз сөйлеудің алды-артында, иттің үргенін, әтештің шақырғанын көргенде, отырғанда, тұрғанда айтатын арнайы дұғалары болатын. Тіпті дәрет ниетімен әрбір дене мүшесін жуарда жеке-жеке тілек тілейтін. Оның өмірін қалт жібермей бақылап, көкейге тоқып отырған саңлақ сахабалар бұл үрдісті үзбей жалғастырды. Олардың да бүкіл өмірлері дұғамен өтті. Дұға жасағанда, шайтаннан, нәпсіден, ақирет апатынан, жалқаулықтан, қайғы-қасіреттен, басқа да сан алуан қиыншылықтан Аллаға сыйынып, пана тіледі. Осылайша Жаратқан иемізге жалбарына дұға ету үрдісі ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса келе біздің ата-әжелерімізге де жетті. Бұқар жыраудың «Тілек» деген толғауы дұғадан тұрады. Абай атамыз: «Патша Құдай сыйындым, Тура баста өзіңе» деп дұға жасайды. Ыбырай атамыз болса, оқуға шақырудың өзін «Бір Құдайға сыйынып» барып бастайды. Бұлардың бәрі нені көрсетеді? Біздің ғасырлар бойы дұғасыз-құлшылықсыз күн өткізбеген халық екенімізді аңғартады.

Дұғаның тез арада орындалатын кездері бар. Бірақ кейде дұғаның өзіне үлкен дайындық, еңбек керек. Алдымен бұрын-соңды жасаған күнәларымыз үшін Алладан кешірім тілеп, тәубе еткен дұрыс. Аллаға деген иман-сенімімізді, ішіп-жеміміздің адалдығын бір тексеруден өткізіп алу артықтық етпейді. Одан соң дұғамыздың қабыл болатынына шын сенуіміз керек. Дұғаны бастарда Алланы мадақтап, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтқан абзал. Әр дұғаны үш-төрт рет қайталап айтудың да маңызы жоғары. Қабыл болмады деп үміт үзбей, күндер, айлар, тіпті жылдар бойы сабырмен күту керек.

Қорыта келгенде, мұсылманның өмірінде дұғаның орны ерекше. Егер дұға жасаудың дұрыс жолын білсек, Алла бәрін де қабыл етеді. Алла Тағала ізгі тілектерімізді қабыл етсін!

 

Асылбек Әуезханұлы,

дінтанушы-ғалым

 

Медиа

Жоғарыға