maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Қажылық тарихы қалай басталды?

Қажылық тарихы қалай басталды?

Құранда айтылған әрбір ғибадаттың адам мен қоғам үшін маңызы зор. Міне, сол ғибадаттардың бірі – қажылық. Ендеше қажылық ғибадатының адамзат үшін берер тәлімі мен тағлымы, оның мән-мағынасын Құран аяттарымен түсіндіріп өтелік. «...Жолға шамасы келген кісілер, Алла үшін Қағбаны зиярат ету (қажылық қылу) – парыз. Ал кім қарсы келсе, Алла барлық әлемнен бай» (Әли-Имран сүресі, 3/97 - аят). 

 

Қаж сөзінің мағынасы

«Қаж» сөзі, бағыт алу және көзделген мақсат деген ұғымдарды білдіреді. Шариғаттағы мағынасы: Қажылық – Алла Тағаланың адамдар атқаруға шамасы (қаражаты, денсаулығы) жетсе орындауы тиіс етіп бекіткен исламның бес тірегінің бірі. Ол Құранда көрсетілген мерзім мен талаптарға сәйкес орындалатын ғибадат. Қажылық – Құран тілімен айтқанда «Алланың белгілерінен» тұратын ғибадат. Қажылық ғибадаты Миқатта ихрам кию,  Арафатта тұру, Қағбатулланы жеті мәрте айналып, тауаф жасау сияқты парыздарды міндетті түрде орындаумен қатар оның өзге де уәжіп, сүннет амалдарын жасау арқылы орындалады.

Қажылық – Алланың бұйрығы. «...Жолға шамасы келген кісілер, Алла үшін Қағбаны зиярат ету (қажылық қылу) – парыз. Ал, кім қарсы келсе, Алла барлық әлемнен бай» (Әли-Имран сүресі, 3/97 - аят).

Қажылық – қасиетті парыз. Қажылықты мұсылмандарға міндет етіп жүктеуі – Алла Тағаланың адамдарға деген айрықша мейірімі. Өйткені, қажылықта ақырет азабынан құтылу және мәңгілік жан рахаты жәннатқа жету мұратын әспеттеу, сол жолдағы пенденің малымен де тәнімен де жанымен де Алла тағаланың алдына барғандай халде болып, біліп-білмей жасалған ауыр күнәлардан арылу, тазару мүмкіншілігі бар. Қажылық – мұсылмандар үшін сабыр мен амал тазалығына талпынысты дүние тіршілігінде әрбір қадамыңның иман таразысында иләһи үкім заңдармен қуатталуына мүмкіндік беретін, оны үйрететін мектеп. Қажылық мектебі үздіксіз ғибадат жасау арқылы нәпсінің тізгінін тартуға, Алла тағаланы үнемі еске алып жүруді үйретеді. Қажылық басқа құлшылықтарға қарағанда ерекше ғибадат. Мәселен, намаз  – адамды жамандықтан әрі астамшылықтан тыяды. Ораза – адамның бойында Аллаға деген жауапкершілік сезімін оятады. Зекет – адамды және қоғамды арылтып, тазалайды. Қажылық – адамзатқа еңсесін тіктеп, рухани оянуды үйретеді. Бұлардың барлығы кінә, күнә, жауыздық, алаяқтық, зұлымдық, басқыншылық, зорлық-зомбылықты, қорлықты, жалқаулық, надандық, бақытсыздық, үмітсіздік пен қыруар келеңсіздіктердің дәрумені болады. Қажылық – адамдардың ақыретте Алланың алдына топ-тобымен айдалып баратынын еріксіз еске түсіреді. Сондықтан болар мұнда келген мұсылмандар Мақшар майданы мен Қияметтегі қиын күндерге алдын-ала дайындық жасау қажет екенін жадына түйе береді. Қажылық - ұлтына, түр-түсіне, шен-шекпеніне қарамай, адамдарды ынтымақ пен бірлікке шақырады. 

Қажылық тарихы

Қажылық – хазіреті Ибраһимнің қалдырған мирасы. Құранда Алла Ибраһимнің жолымен жүруді бұйырады: «Аталарың Ибраһимнің (а.с.) жолы» (Хаж сүресі, 22/78 - аят). Пайғамбарымыз (с.а.у.) да осыған орайластырып былай деген: «Қажылықтың міндеттерін орындаған кездегі жағдайдан айнымаңыздар. Өйткені сіздер, аталарыңыз Ибраһимнің мирасы жолындасыздар» (Әбу Дауыд, Мәнасик, 63. (2.189).

Алла Тағала Ибраһимге аян беріп, Алланың жердегі үйі Қағбаны салуды бұйырды. Қағбаны салу бұйрығын Ибраһим пайғамбар ұлы Исмаил екеуі бірге атқарды. Сонда олар былай деп дұға етті: «Әрі сонда Ибраһим мен Исмаъил үйдің (Қағбаның) ірге тасын көтеріп жатып: «Раббымыз, бізден қабыл ал! Ақиқатында Сен – барлық нәрсені Естуші, бәрін Білушісің. Раббымыз! Екеумізді де Өзіңе берілушілерден ет және ұрпағымыздан да берілуші үммет ете гөр. Бізге құлшылықтарымызды (амал, тәртіптерін) көрсетіп, күнәмізге шынайы өкініп,  Өзіңе бойұсынуға қайтуымызды (тәубемізді) қабыл ет! Күмәнсіз, Сен тәубені Қабыл етуші, ерекше Мейірімдісің» (Бақара сүресі, 2/127-128 -аяттар).

Олар тұрғызған Қағбаны Алла Тағала күллі мұсылманды тура жолға бастайтын қасиетті мекен етті. «Ақиқатына келсек, адамдардың ғибадат етуi үшiн тұңғыш салынған үй Меккеде. Бүкiл әлемдегi қасиеттi және тура жолға бастайтын үй сол» (Әли-Имран сүресi, 3/96 - аят).

 Демек, адамдардың ғибадат етулерi үшiн, бүтiн әлемге мүбарак саналған тұңғыш үй – Меккедегi Қағба үйi. Қағбаның қасиеттілігіне орай Алла Тағала ол жерді барша мұсылмандардың бірігіп бет түзейтін Құбыласы етті. «Біз сенің аспанға қарап, құбыла іздей бергеніңді көріп тұрмыз. Өзің ұнататын тарапты құбыла етеміз. Енді жүзіңді Мәсжидул харам жаққа бұр. Қайда жүрсеңдер де жүздеріңді солай қаратыңдар» (Бақара сүресі, 2/144 - аят).

Қағбаны тұрғызғаннан кейін Ибраһимге ол жерді құлшылық орны ретінде белгілеп, таза ұстау бұйырылды: «Сол уақытта Ибраһимді Қағбаның орнына: «Маған ешбір нәрсені ортақ қоспа! Тауап етушілерге, тік тұрып, еңкейіп және бас қойып, құлшылық қылушыларға таза ұста» деп, орналастырған едік» (Хаж сүресі, 22/26 - аят).

Міне осыдан кейін Ибраһимге Алла Тағаладан «адамдарды Қағбаға шақыр» деген әмір түсті. «Адамдарды қажылыққа шақыр!» (Хаж сүресі, 22/27 - аят).  Қағба аптап-ыстық алыс сахарадағы Меккеде орналасқан еді. Сонда Ибраһим: «О, Раббым! Менің дауысым жетпейді ғой» - деді. Алла Тағала: «Ей, Ибраһим! Сен бұйрықты орындап, адамдарды қажылыққа шақыр!» – деп жауап берді.Міне, қажылық тарихы осылай бастау алады. Содан бері қаншама ғасырдай уақыт өтсе де, Қағбаға қажылық жасау үшін бару бір толастаған емес.

Қажылықтың уақыты

Құран Кәрімде бұйырылған әрбір ғибадаттың уақыты белгіленген. Қажылықтың уақыты айға қарап белгіленгендігі Құранда былай баяндалады:

«(Ей, Мұхаммед с.а.у.) олар сенен жаңа туған айдың жағдайын сұрайды: «Ол, адамдар және қажылық үшін уақыт белгілеу де» (Бақара сүресі, 2/189 - аят). 

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Қажылықты менен алыңыздар» деген хадисіне орай қажылықты орындау уақыты, барша шарттары мен әдептері Пайғамбарымыздың көрсеткен үлгі бойынша жүзеге асырылады.

Қажылықтың әдептері

Иманмен сусындаған адамдық асыл қасиеттер де қажылықтың қабыл болуына көп септігін тигізеді. Қажылық міндетін орындауға келгендер қалың мұсылманның бәрін бірдей бауырым деп сезініп, оларға үлкен сүйіспеншілікпен қарайды.  Бұл жерде адамдармен қарым-қатынас жасаудың ең озық үлгісі көрсетіледі. Сондай-ақ, пайдасыз талас-тартыс, дау-дамай, өтірік, ғайбат, өсек-аяңға мүлде жол берілмейді. Дәл осы көркемдіктің үлгісін өмірінің соңына дейін ұстану әрбір мұсылманның басты міндеттерінің бірі. Кімде-кім пасықтық істер мен күнәлі сөздерден бойын аулақ ұстап, қажылығын өтесе, онда ол адам жаңа туған сәбидей күнәдан пәк болып қайтатындығы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде айтылған. Еліне мұндай пәк күйде оралудың шарттары Құран Кәрімде былай баяндалған: «Алла үшін қажылық және умраны толық орындаңдар. Егер (жолда) тосылсаңдар, құрбандықтан шалыңдар. Құрбандық орнына барғанға дейін шаштарыңды алмаңдар. Қажылық белгілі айлар. Кімде-кім ол айларда (ихрам байланып) міндеттенсе, қаж кезінде әйелге жақындасу, кінә істеу және жанжал жоқ. Ей, ақыл иелері! Нендей хайыр істесеңдер, Алла оны біледі. Және азық алыңдар. Негізінде, азықтың жақсысы - тақуалық. Ей, ақыл иелері! Менен ғана қорқыңдар!» (Бақара сүресі, 2/196-197 - аяттар).

Аятта қажылықтың мұсылмандар үшін бойға күш-қуат жинап, азықтанатын мекен екендігі баяндалған. Алайда материалдық азық емес рухани азық. Ол – тақуалық. Сондықтан бойымыздағы барша жаман әдеттердің барлығын тастап, көркемдіктің кілтін табуға тырысу қажылықтағы басты талаптардың бірі.

 

Мұрат Мұстафаев

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « Қажылық рәсімдерінің атқарылу жолдары
Жоғарыға