maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Қажылық рәсімдерінің атқарылу жолдары

Қажылық рәсімдерінің атқарылу жолдары

Қажылық рәсімдерінің атқарылу жолдары мынадай:

 

- Ихрам
- Арафатта тұру
- Ифада тауабын жасау
- Муздалифада тұру
- Шайтанға тас лақтыру
- Шаш алдыру немесе қысқарту

- Сағи жасау

«Міне, осы. Кім Алланың белгілерін ұлықтаса; күдіксіз ол, жүректің тақуалығынан» (Хаж сүресі, 22/32 - аят). Бір Алладан қорқып, бір Аллаға ғана бойұсынып, бір Алланың ғана бұйрығын орындау ол нағыз тақуалық болып табылады. Ал қажылық жасауға келген адамның тақуалығы арта түседі. Өйткені миқатта ихрам киген мұсылман өзінің Алланың қонағы болып келгенін анық сезінеді. Бұл сезім тәлбия айта бастағанда адамды аса қатты баурап алады.

Миқат – қажылық жасауға ниет еткен әрбір адамның ихрам киюі уәжіп етілетін жер.

Тәлбия – ихрамға кірер алдында айтылуы уәжіп болған және ихрамды болған уақытта молынан қайталанып айтылатын дұға. Ол дұға: «Ләббәйкәл-лаһумма ләббәйк, ләббәйкә лә шәрикә ләкә ләббәйк, иннәл-хәмдә, уәнниъмәтә, ләкә уәл-мулк, лә шәрикә ләк».

Мағынасы: «Иә, Алла! Міне, мен сенің құзырыңдамын. Серігің жоқ Сенің құзырыңдамын. Расында, мадақ, нығмет және мүлік саған ғана тән. Сенің ешбір серігің жоқ». Тәлбияны тақуалықпен айтқан мұсылман бір Аллаға табынудың мағынасын айрықша түсінеді.

 

Ихрам

Миқатқа жеткенде мұсылмандар қажылыққа ниет қылып, күйбең тіршіліктің амал-әрекеттерінен бас тартып, қажылықтың шарттарын орындауға бекінеді. Яки, қажылық ниетінде орындалуы міндетті үш парыз – ихрамға кіру, арафатта тұру, Байтуллаһты тауап ету амалдарының бастапқысы. Бұл үш қадам қажылық парызын құрайтын үш үлкен қызметтің символы іспетті. Бірінші ихрам – көз, екінші арафатта – жүрек санағы, үшінші тауап – қажылықтың тірек–тұғыры ұстыны. Сонымен ниет етуші ихрам халіне кіріп, ихрам киіміне оранады. Қажылық жасаушылардың барлығы бір ақ матаны үстіне жамылып, бір ақ матаны беліне орайды. Бәрі бірдей киінеді. Ешкімнің артықшылығы, ешкімнің ерекшелігі білінбейді. Қажылық барлық адамды теңестіреді. Бұл көрініс Алланың алдында барлық адам бірдей екенін білдіреді. Сен патшасың ба, басқасың ба, байсың ба, жай адамсың ба, Алла үшін бәрібір. Қай кезде болсын, Алла атағыңа қарамайды, амалыңа қарайды. Киіміңе емес ниетіңе, жүзіңе емес, жүрегіңе қарайды.

 

Тауап ету

Қағбаға тауап жасаған миллиондаған мұсылмандар сағат тіліне қарама-қарсы бір бағытта ғана қозғалып айналады. Бұл бүкіл иман келтірушілерге бір құбылаға бет түзеп, бір дінді ұстанып, бір Аллаға құлшылық жасау қажет екенін білдіреді.

Тауап ету – араб тілінде «бір нәрсені айналу» деген мағынаны білдіреді. Ал, шариғаттағы терминдік мағынасы – Қасиетті Қағбаны жеті рет ғибадат ниетімен айналу-тауап – парыз. «Сонан соң олар кірлерін кетірсін. (Шаш, тырнағын алып, ихрамнан шықсын.) Және айтқан нәзірлерін орындап, Қағбаны тауап қылсын» (Хаж сүресі, 22/29 - аят).

Қағбаның оңтүстік жағындағы бұрышында қара тас бар. Тауап осы қара тастың тұсынан басталады. Қағбаны жеті рет айналғанда, тауап толық бітті деп саналады. Қағбаны тауап етіп жүрген қажылардың көрінісі, барша адам баласының өлген соң қайта тіріліп, Алланың алдында есеп беруге жиналатын күнді көз алдыңыңызға елестеді. Қажылар ақ кебінге оранып, "есеп күнді ұмытқан жоқпыз, біз сенің ғана айтқаныңа құлақ асамыз»,- деп орындай алмай жүрген амалдары үшін кешірім сұрап, барша жамандық атаулыға мойымаймын деп Аллаға уәде береді.

 

Сағи

Сағи деп Сафа мен Мәруа арасында жүріп өтуді айтамыз. Ол төрт мәрте Сафадан Мәруаға, үш мәрте Мәруадан Сафаға тездетіп жүру. «Ақиқатында, Сафа мен Мәруа – Алланың белгілерінен. Кім Үйге (Қағбаға) қажылық немесе умра жасаса, оған екеуінің арасында жүруде ешқандай күнә жоқ. Ал кім (өз еркімен) қосымша бір жақсылық істесе, әлбетте, Алла – Алғысқа бөлеуші, бәрін Білуші» (Бақара сүресі, 2/158 - аят). 

Сафа мен Мәруа биіктіктері арасында жүгіру рәсімі де Ибраһим (а.с.) пайғамбардың дәуірінен бастау алады. Ибраһим пайғамбар жұбайы Ажар мен бауыр еті баласы Исмайылды Алланың сындарлы сынағына сай сусыз шөл даланың ортасында қалдыруға мәжбүр болады. Аз ғана азығы мен суы таусылғанда Ажар анамыз шарасыздыққа салынып, өмірден бас тартпай, керісінше Алладан үміт етіп өмір сүруге талпынып, елжіреген ана баласына су іздеп арлы-берлі жүгіреді. Міне, оның Аллаға жалбарынып жүгіргеніне орай сұрағаны беріліп көңілі жай табады. Алла тағала олар үшін мөлдір бұлақтың көзін ашады. Міне, осы хикметті сынақ адам баласына ортақ болашақ бақыттың көзін ашу сәті еді. Осы сәттен бастап кім қаласа Алланың хикметті жолы – қаж жасау сын сапарының мәнін ұғуға мүмкіндік алды. Яғни, тазару жолы – рух биіктігін сақтау жолын таңдады. Мұсылман болу немесе өзге бағытқа бет бұру әркеттерінің мақсаты айқындалды. Осы бір ұлы сынақтың нәтижесін шынайы тазалықпен Ажар ананың ұрпақ амандығы үшін күресі – мұсылман үмметі үшін күресі деп бағалап, Алланың құдіретімен атқылап шыққан бұлақтың суынан бүгінгі күні барша мұсылман баласы дәм татып келеді. Ол – зәмзәм суы. Демек, Алла тағала Өзіне иек артып, шынайы жүрекпен жалбырынып әрекет еткен адамды ешқашан жәрдемсіз қалдырмайтынын білдіреді.

«Сосын елшілерімізді, иман келтіргендерді құтқарамыз. Осылайша иман келтіргендерді құтқаруымыз бізге міндет» (Жүніс сүресі, 10/103 -аят). Олай болса қажылық сапарға ниет еткендер сағи жасағанда Ажар ананың хикметті әрекеті ұрпақ өмірі – таза өмір үшін күресі сынынан үлгі алып, замана тауқыметіне шыдас беруге мүмкіндік беретін құндылықтарды үйренуі тиіс.

 

Арафатта тұру

Арафатта тұру – қажылықтың бір парызы. Қажылығының қабыл болуын ойлаған әрбір мұсылман Арафатта тұру рәсімін адал атқаруға тырысады. Арафат – тану деген мағынаға келетін «мағрифат» түбірінен тарайтын қасиетті ұғым. Мағрифат – бір нәрсенің негізін тану, сырын ұғыну, өзегін қамту деген сөз. Затты және жаратылысты шынайы қалпында тани білу.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қажылық дегеніміз – Арафат» (Тирмизи, 5/214, нөм. 2975) - деген. Арафатта тұрған қажылық жасаушылар шынайы тәубе етсе, кешірілмейтін күнәсі қалмайды. Қажылықта кімде-кім пәк жүрекпен, ақ тілекпен Арафатта тұрса, Алланың мейірімімен қауышатыны хақ. Яғни, кімде-кім шариғат шартына сай келіп, екі дүниелік ғұмырдың мақсат-мұратын шынайы ұғындыратын ғибадатта болып, дұрыс дұға-тілек жасай білсе, қажылығының да қабыл болуына жағдай туғызады. Қажылық өмірінде бір рет жасалуы ұсынылған ғибадат. Мұндағы ғибадат өзгелерінен ерекше атқарылғанымен олардан бөлек бола алмайды. Демек, адам баласының түр-түсіне, нәсіліне, тіліне, жынысына қарай айрылмаса да Алланың жолына адалдығы, тазалығы талап етіледі. Рухани кеселдердің қоғамның тазарып, бет-бағдарын ізгілікке бекемдеп отыру үшін мұсылман баласы әлем тыныштығы мен бейбіт өмірін қамтамасыз етуде үлкен маңызға ие осы құлшылықты көп болып құлшынып орындауды міндет санайды. Арафат күні барлық қажылар Арафатта жиналып, таң атқаннан күн батқанша тұрады. «...Қашан Арафаттан қайтсаңдар, Машғарил харамның қасында Алланы еске алыңдар. Сондай-ақ Оны, сендерге нұсқағанындай еске алыңдар. Сендер бұрын азғындардан едіңдер» (Бақара сүресі, 2/198 - аят).

 

Жамараттарға тас ату

Қажылық үкімі бойынша үш жамаратқа тас лақтыру, яғни шайтанға тас ату уәжіп амалы болып саналады. Қажылық жасаушылар бұл жерде шайтанға жеті тас атады. Шайтан кім? Шайтан – адамның ең қас дұшпаны. Құран Кәрімде бұл ақиқат былай баяндалады: «Ей, адам баласы! Жер жүзінде болған адал, таза нәрседен жеңдер! Өйткені ол сендерге ашық дұшпан. Шынайы түрде ол сендерге жамандықты, арсыздықты және Аллаға қарсы білмейтіндеріңді айтуды нұсқайды» (Бақара сүресі, 2/168-169 - аяттар). «Сендерді шайтан тура жолдан тоспасын. Өйткені, ол – сендер үшін ашық дұшпан» (Зұһруф сүресі, 43/62 - аят).

Жамарат – шайтан Ібілістің туысы. Күллі жамандықтың түтінін түтетіп, туын тігуші. Алланың әміріне қарсы келген сәтін қасарысқан, қырсық баққан, қарғыс тапқан теріс әрекетке бір жола ауғаны дейміз. Адам Ата ұрпағы осы сәттен бастап одан қорғануы ескертілген. Міне, жамарат осы шайтанның бейнесі. Ендеше ол неге жеті таспен атқыланады? Мәселе шайтанның санында емес. Жер-дүниені Алла тағала жеті қат көкпен қоршап, қорғаған. Адамзатқа ол қабаттардың қаншылық пайдалы қызмет  жасайтыны ғылыми дәлелденуде. Бұл қабаттарға адамның емін-еркін енуі түрлі себептермен кедергілерге тап келсе, ал шайтанның әрекеті ол кеңістіктің қай деңгейінде де шектелмеген. Сондықтан жеті тас лақтыру – шайтанды осы жеті қабаттан тұтас, толық аластауды меңзейді. Қазақтың «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деуінде де осы қорғану бар-ау.

Ібілістің ылаң алаңы шексіздік өлшеміндегідей болып көрініп, адам мүмкіндігі төмендетілген бе, деген сауал көлбеңдеуі мүмкін осы арада. Жоқ. Адам баласының шайтаннан үстемдігі, артықшылығы зор. Біріншіден: адам баласы Алла қалаған әділдік жолында күресіп өмір сүреді. Демек ол әділ болса Алла оны қолдайды. Бұл үлкен басымдық. Екіншіден: адам Аллаға иман етіп, сенім әлеуетін арттырады. Бұл да – Алланың қалауына сай адам баласының артықшылыққа ие болатын әрекеті. Демек, Алла бұл жолда да тек адам баласына мейірімділік танытады, оны қолдайды деген сөз. Үшіншіден: адам баласы – Алланың сүйікті құлы Оның аманатын орындаушы ретінде кемшіліктерден ада бола алмаса да оларды барынша шектеуге, теріс ниет-амалдардан тазарып отыру мүмкіндігіне ие құбылыс. Бұл арада адамға Алла тағала ең жоғары сана, ақыл-парасат беріп, оны ұлықтап тұр. Алла адамның осы рухани ұстынды толық пайдалануына мүмкіндік туғызып, қасиетті Құранды екі дүниенің бақытына кенелтетін дария-теңіздерді қосса да қалам-қарымы жетпейтін, яки, таусылмайтын, тозбайтын ғылым-білім-сенім-әділдік қайнары етіп түсірді. Бұл да адам баласының Ібіліс алдындағы үстемдігі, артықшылығы.

Өз үстемдігіңді, артықшылығыңды – екі дүниенің де бақхана – мәуелі жеміс өндіруші – бақытты қоғам орнату, сөйтіп тұтас адамзатты, оның ішінде өзіңді де бақытты ету мүмкіндігіңді қалай пайдаланып жүрсің? Осы арада Абай хакимнің Құраннан тәмсілдеген «Атаңның баласы болма, «адамның» баласы бол» дейтін ұлағатын есте тұту парыз екені мойындалса керек. Жамаратқа тасты сол қасиеттерді қорлатпау үшін, адамзаттың азбасы үшін, қоғамның бірлік-ынтымағы кетіп, тозбасы үшін Аллаға сыйынып аттым десең, шынайы иманға иек артсаң жеңдік, бауырым!  

Шайтан адамды әрдайым құр қиялға жетелеп, арсыздықтың апанына түсіреді. Оның тұзағына түскендер, шындықты жалғанға, жарықты қараңғылыққа айырбастап алады. Сондықтан да қажылыққа барғандар осы азулы дұшпанның жетегіне жүрмеймін, барша әдепсіздіктерді тастадым деп шайтанға қарсы тас лақтырады. Тастың жамаратқа тигенін ғана емес осынау ұлы ғибадат қажылықтың әлем мұсылмандары өкілдерін бір мезгіл, бір бағыт, бір мақсатқа топтастырып екі дүниенің де Иесі мен киесіне бас идірген ұлы қасиетін нарықтап, терең зерделеп, екі өміріңе де азық боларлықтай асыл мақсаты мен мәнін санаңда саралап жүрегіңнің түкпіріне терең орналастырып, түйсік тұғырына лайық түйе білгенінді, олай болса сенің отбасың, жүрген – тұрған ортаң, елің – жұртың Алланың әміріне лайық тұрмыс, мінез – құлық, әдет – ғұрып, мәдени – әлеуметтік ұйысымдар құруға лайық па, жоқ па соған қарап топшыла бауырым.

 

Құрбандық шалу

Құрбандық шалу – қажылық кезінде орындалатын ғибадат. Құрбандық –  Ибраһим (а.с.) пайғамбардан қалған амал. Бұл тақырып өте ауқымды болғандықтан тереңірек тоқталатын боламыз.  Қажылық  – адамзат баласы үшін  үйретер тәлім-тағлымы мол ғибадат. Пайғамбардың өзге ғибадаттарға бермеген сүйіншілі хабарларын қажылық ғибатына берген. «Алланың алдында қабыл болған қажылыққа міндетті түрде жәннәт тарту етіледі» (Бухари, нөм. 1683. Мүслим, Әбу Дауыд, Тирмизи, т.б.).

Демек, қажылық мұсылманның жан-дүниесін байытып, көркемдікпен көмкеретін асыл ғибадаттардың бірі. Қажылық адамның бойына ерекше серпін беріп, иман қуатын арттырады. Ендеше қажылықтан алған таза иләһи, сенім-сезімді сақтау үшін қасиетті Құран аятына құлақ түрейік: «Қашан қаж амалдарыңды өтесеңдер, Алла Тағаланы ата-бабаларыңды зікір еткендей тіпті одан да артық еске алыңдар. Сонда адамдардан кім: «Раббымыз! Бізге дүниеде ғана жақсылық бер!», - десе оларға ақыретте несібе жоқ. Және олардан кім: «Раббымыз! Бізге дүниеде де жақсылық бер әрі ақыретте де жақсылық бер. Және тозақ отының азабынан сақта!», - дейді. Міне олар үшін амалдарынан үлес бар. Алла Тағала есепті тезінен көруші» (Бақара сүресі, 2/200-202 - аяттар).

Міне, байыптасаңыз қажылық – бөтен мекенге сапар шегу емес, тән мен жанның тұтастығының мысалы екі дүниенің бақыт кілті қайда, кімде, оған қалай жету керек, - деген сияқты сауалдардың әрі адам ғұмырының шынайы биік мақсат-мұратын адам-пендеге ұғындыру амалдарының Алла тағала Құранда көрсеткен жолы болып шығады. Сондықтан да Құранда көрсетілген ғибадаттардың қандайы да шынайылықты дәріптейтіні сияқты қажылық та ұлы шынайы ғибадат!

 

Мұрат Мұстафаев

Медиа

Жоғарыға