maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Зекет – бес парыздың бірі

Зекет – бес парыздың бірі

Қазақ халқы – ықылым заманнан-ақ Ислам дінінің қадір-қасиетін терең түсініп, бес парызға ерекше мән берген халық. Өйткені, бес парыз – кісіліктің үлгісі, адамдық ар-ұяттың өлшемі. Осы орай да халқымыз «Ұят кімде болса –  иман сонда» деп бекер айтқан жоқ.

Атақты Қаблиса жырау айтқандай, зекет – отбасындағы ырыздық-берекенің бастауы:

...Парызды сонан соңғы
«зекет» дейді,
Қолыңа нелер келіп,
не кетпейді?
Бергенің береке болып
ақыретте
Жұмақтың биігіне
жетектейді.
Ай, мұсылмандар, жарандар,
Малыңнан зекет беріңіз,
Бірлігін Хақтың біліңіз.
Хақ жолымен жүріңіз –
Пәк болады дініңіз!

«Зекет» сөзі – араб тілінен алыған сөз, «өсу», «көбею», «тазару» деген мағыналарды білдіреді. Демек, зекет беру арқылы мұсылманның мал-мүлкіне Алла тағала береке беріп, дәулетін арттыра түседі деген сөз. Сондай-ақ, зекет беру арқылы мұсылманның қолындағы байлығын әр түрлі рухани ластықтан тазартады. Адам бойындағы менмендік, тәкаппарлықты басып, мұқтаж жанға қол ұшын беруді үйретеді. Ашкөздік пен дүниеқұмарлық секілді сезімдерден арылтып, сараңдықтан тыяды. Сайып келгенде, зекет – адам жанын рухани сауықтырып, жүрегін тазалайды.

Құран-кәрім бұл туралы «Олардың малдарынан зекет ал. Зекет арқылы оларды тазалап, нәпсілерін тәрбиелейсің» («Тәубе», 103-аят); «Олардың мал-мүлкінде сұрап келетін және мақрұм қалған адамның ақысы бар» («Зәрият», 19-аят), «Мүшріктерге от азабы болады, себебі олар зекет бермейді және ақыретті де мойындамайды» («Фуссилат», 6,7-аяттар), – дейді. Шындығында,  зекеті берілмеген байлық – ақысы берілмеген байлық болып есептеледі. Алла Алла тағаланың құзырында нисабы (күнделікті қажеттіліктен артық мөлшер) жеткен мал-мүліктің зекетін беру, оны осы арамнан тазалайды.

Зекет беру арқылы қоғамда кең етек алған ұрлық-қарлық пен зорлық-зомбылық азаяры сөзсіз. Бай мен кедейдің арасындағы әлеуметтік теңсіздік жойылып, ағайын арасында татулық орнамақ. Міне, осылайша Алла тағала тек зекеттің арқасында жаппай қоғамды да рухани кемелділікке жетелейді.

Құран-кәрімде намазды орындауға бұйырылған әмірімен бірге, зекетті беріңдер деген Жаратқанның үкімі қатар келіп отырады. Қасиетті кітапта 32 жерде мүміндерден зекет беру талап етіледі. Әрине, мейірімді Алла тағала өз нисабы жеткен мал-мүліктің 2,5 пайызын ғана зекет етіп беруді бұйырады.

 Сау ақылға салса, адамзат баласын сансыз нығметпен сүйіншілеген  Жаратушының разылығы үшін жиған байлығыңның 2,5 пайызын арнау қиын шаруа болмаса  керек.

Ислам дінінің ең маңызды ерекшеліктерінің бірі – материя мен рухтың, дүние мен ақыреттің арасына теңдікпен қарауы. Мәселеге тек материалдық тұрғыдан қарамай, ақыреттік рухани жағынан да қарап қорытындылауы. Зекет осы тұрғыдан маңызды.

Ислам байлықтың белгілі-бір адамдардың ғана қолында болуының әділ емес екендігін айқын білдіреді. «Хашр» сүресінде пай ретінде дұшпаннан алынған малдың таратылу тәртібін көрсеткен аятта былай делінеді: «Байлықтың, тек байлардың арасында ғана айналып жүрмеуі үшін деп…» (7-аят). Сондай-ақ, зекет – байлық пен нығметтерді берген ұлы Жаратушыға шүкір болып табылады.

Зекет – Алла тағаланың әміріне бас иіп, оған құлдық ниетті білдіретін жол. Сол себепті ақыретте есебі үзілмейтін зекетті көп беріп, ризық-несібеміз арта берсін.

 

Айбек АТАШЕВ,

теолог-дінтанушы

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: Зекет – мейірім шапағы »
Жоғарыға