maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Зекет – Исламның көпірі

Зекет – Исламның көпірі

Бүгінгі таңда қазақ қоғамы әлеуметтік  тұрғыдан бай мен кедей табынан тұрмайды десеңіз де, шын өмірде сол әлеуметтік теңсіздіктің бар екені де рас.

Жетіспеушілік кесірінен отбасылар шайқалып, жүйкесі жұқарған кейбір қандас бауырларымыздың өз-өзіне қол жұмсап жатқандарын да көріп, естіп жүрміз. Ендеше, «біреу тоңып секірсе, екінші бірі тойып секірген» заманда жоқ-жітіктің жағдайын қалай шеше аламыз? Бұл жайлы дініміз не дейді?

 

Дінімізде бай мен кедейдің теңдігін реттеп, бір-біріне деген құрметі мен сыйластығын реттейтін құлшылық саласы да жоқ емес. Соның бірі – зекеттің қоғамдық рөлі мен маңызы өте ерекше.

Зекет дегеніміз– материалдық жағдайы белгілі бір мөлшерге (нисабқа) жеткен адамның, жылына бір рет байлығының бір бөлігін мұқтаж жандарға үлестіріп беруі.«Зекет» сөзінің мағынасы– көбею, өсу, берекет, тазару, көп нығметтерге шүкіршілік айту секілді мағыналарды білдіреді.

Тереңірек зер салсақ, зекет сөзі әуелі «тазару», нығметтерге шүкіршілік етуді меңзейді. Алла тағала Құранда барлық нәрсені жаратқан Менмін және сендерге нығметтерді тек Мен беремін деп ескертеді. Көңіліне иман ұялаған пенде мұның шынайы ақиқат екеніне күмәнданбаса керек.

Зекет – игі амалдың төресі әрі адамды Аллаға жақындататын қайырлы, құлшылықтардың бірі. Ислам дініндегі бес парыздың  бірі саналған зекетті дер кезінде берген мұсылман сауапқа кенеліп, екі дүниелік абыройға қол жеткізеді. Зекеттің дүние-мүлік берекесін арттыратындығы Құран Кәрімде былай баяндалған: «Мал-дүниелерін Алла жолында жұмсағандардың мысалы – жеті бас масақ шығарған бір түйір дән тәрізді, әрбір масақта жүз дәннен бар. Әрі Алла қалағанына еселеп арттырып береді. Алла – берекесі Кең, бәрін Білуші»(Бақара, 261-аят).

Зекет пен садақа адам дүниесінің берекесін еселеп көбейтіп, өзін сараңдықтың түрлі салдарынан сақтайды. Осылайша өзіне де, өзге де жақсылық жасаған болады. Қазақ қоғамы да зекет амалының берекесін табушы мұсылмандар қатарында оны бірнеше ғасырлар бойы ой-санасында ұстап, дүние тіршілігінде қолдана білген. Тіліміздегі: «ынсап» (нисаб, инсаб) сайын береке» деп осы зекеттің қадыр-қасиетін ұлықтап, одан береке күтуіміздің мәнін көрсеткен амалдың ділімізге енгенін көрсетсе керек.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Зекет – Исламның көпірі» – деген. Бұл сонда қандай көпір? Бұл сөзді хадис майталмандары тозақ үстінен қиналмай өтетін көпір деп топшылаған. Қоғамымызда бұл көпір арқылы материалдық жағдай теңесіп,,ел экономикасы, халықтың тұрмыс тіршілігі жақсарады, адамдардың жүрегіне сенім мен қуаныш ұялайды, өзімшілдік, сараңдық, дүниеқоңыздық, тәкаппарлық сияқты жиренішті мінезден сақтап, кішіпейілділік, жомарттық және кеңпейілдік сияқты жақсы игі қасиеттерге тәрбиелейді, ұрлық-қарлық, кісі өлтіру т.б. қылмыстардың кең таралуына тосқауыл болады, халық арасында ауызбірлік артады.

 

Зекет пен садақа беруші нені ескеруі тиіс?

 

Құран Кәрімде зекет пен садақа беріп, қайырымдылық жасаймын деген адамның бірқатар амал-әрекеттерді ескеруге тиісті екендігі де айтылған. Атап айтқанда;

1.Алланың разылығын алу;

2.Көрер көз үшін жұмсамау;

3.Бергенін міндетсінбеу;

4.Ашық әрі жасырын түрде беру;

5.Жақсы әрі адал дүниеден беру.

Зекет пен садақа беру адамның жақсылығын көбейтіп, жамандығының өшірілуіне септігін тигізеді.

 

Зекет пен садақа кімдерге беріледі?

 

Садақаны алдымен жағдайы төмен жандарға беруден бастаған абзал.  Мұқтаж, пақыр мен міскін, жағдайы жоқ жандар, жетім-жесірлер және қарызға батқандарға беріледі. Мұндай санаттағыларға садақа беру оның түрлі жамандықтарға ұрынып қалуының алдын алады. Әрі өзге топтағыларға да (мысалы ілім іздеуші, қайырымдылық ісімен шұғылданушы, сырқат жандар) үлестіруге рұқсат. Даналық пен хикметке толы Құран Кәрімде бұл туралы былай баяндайды: «Анығында, садақалар (зекет) жоқ жітікке, кедейлерге және оған (зекетті жинауға) қатысты жұмыс істеушілерге, жүректері бұрылғандарға (Ислам дінін жаңадан қабылдағандарға), құлдарды азат етуге, қарызы барларға, Алла жолына және (жолда қалған) жолаушыға, Алла тарапынан (белгіленген) бір парыз ретінде, (осыларға) тән. Алла – бәрін Білуші, аса Дана» (Тәубе сүресі, 60-аят).

Сондай-ақ, зекет беруді жағдайы нашар туыстан бастаған да абзал.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Міскінге берілген дүние 1 садақа болса, туысқанға берілген дүние 2 садақа, ал садақа туыстық қарым-қатынас» - деген. Осылайша зекет пен садақа беру адамдар арасындағы сүйіспеншілік пен ынтымақ-бірліктің нығаюына жол ашады. Бұл зекет пен садақаның қоғамдық тұрғыдағы пайдасы.

Зекет пен садақа шын мәнінде жеке тұлға мен қоғам үшін таптырмас дәрумен. Зекет – бай мен кедейдің арасын байланыстыратын алтын көпір. Беріп те, алып та сынайтын Алла тағала күллі әлемнің таразысы етіп қойған зекетте көп хикметтер бар. Алла Тағала біздерді сараңдық танытып, азапқа ұшырағандардан емес, Алла разылығына бөленген жүрегі жомарт жандардан болуды нәсіп етсін.

 

 

Мұрат Мұстафаев,

исламтанушы

Медиа

Жоғарыға