maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Зекет – мейірім шапағы

Зекет – мейірім шапағы

«Зекет» сөзінің тілдік мағынасы – «тазарту, артылу, өсу» дегенді білдіреді. Ал шариғат термині ретінде «белгілі деңгейдегі мал-мүліктің белгілі бір бөлігін Алла Тағала белгілеген кейбір мұсылмандарға мүлік етіп беру» деген мағынаға саяды.

 

Зекет – мүміндердің Алла Тағаланың әмірлеріне бас ию тұрғысындағы шынайылықтарын көрсеткені үшін «садақа» деп те аталған.

Зекет ғибадаты оны берген адамды күнәдан арылтып, қалған мал-мүлкін әртүрлі жаманшылықтардан қорғайды және ол адамның рухани мәртебесін көрсетеді.

Дәулетті кісі мал-мүлкін қайдан тауып, қайда жұмсағаны жайында және зекет, садақасын қайырлы адамдарға беру сияқты істері бойынша Алла алдында есепке тартылады. Ол дәулетінің белгілі бір бөлігін кедейлерге беруге міндетті болып, байлығы тұрғысынан үлкен сынаққа алынады. Сондай-ақ, басқа құлшылық міндеттерімен қатар (намаз, ораза, қажылық, т.б.) осы зекет деген сынақтан табысты өте алса, Алла Тағаланың разылығына бөленіп, жәннаттағы игіліктерге қол жеткізеді.

Зекет Құран кәрімде жиырма жеті жерде намазбен бірге аталады. Бұл оның маңыздылығының белгісі. Тек бір жерде ғана («Муминун» сүресі) намаз зекеттен бөлек түрде аталады, сонда да намаз оқығандардың зекет берушілер екендігі баяндалады. Мұның себебі – «дене арқылы атқарылатын» және «мал-мүлік арқылы атқарылатын» деп екіге бөлінген ғибадаттардың, яғни намаз бен зекеттің бірінші орында әрі тең бағалы болғандығынан. Мәселен, Құранда: «Намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер» («Бақара» сүресі, 4-аят), – деген әмір осы сөзіміздің айғағы бола алады.

Зекет – дәулетті адамның мұқтаждарға деген Алла белгілеген қарызы. Құранда: «Сұраған мұқтаждың немесе ар-намысынан себеп сұрамағанның байлықта белгілі бір хақы бар» («Зәрият» сүресі, 19-аят), – дейді. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Малыңның зекетін бергенде кедейдің өзінің малындағы ақысын төлеген боласың», – деген.

Сондықтан, зекет – нисап мөлшерінен артық мал-мүлікке ие болғандардың кедейлерге байлықтарының белгіленген бөлігін беріп, қалған мал-мүліктерін өздеріне халал етуі болып табылады. Зекет арқылы ел арасында тұрақты деңгей, әділет пайда болады. Дәулетті адамның мал-мүлкі тазарады және толығымен иесіне халал болады.

«Зекет бергендер де тазарып құтылды» («Муминун» сүресі, 4-аят), – деген аят кәрима зекеттің екі дүниеде де маңызды екенін білдіреді.

Зекет – Исламның адамзатқа сыйлаған маңызды негіздерінің бірі. Зекет арқылы қоғамдағы кедей-кепшік пен жетім-жесірдің, пақыр мен мүсәпірдің қиыншылықтары белгілі мөлшерде жеңілдейді. Кәміл иман иелері жомарт болып, дәулеттерінен зекет беріп, садақа тарату және басқа да қайырымдылық амалдарымен қиналып жүрген мұқтаждардың сауабын алып, Алла Тағала разылығынан үміт етеді.

«Жақсылықтың сыйы тек жақсылық қана емес пе?» («Рахман» сүресі, 60-аят), – деген аят кәрима бойынша зекет пен қайырымдылық істер адамдарға көптеген рахмет пен мейірім есіктерін ашып, жаманшылықтың есіктерін жабатынын білдіреді.

Кедей мен мұқтаж адамдардың көңілін жұбатып, оларға аялы алақан, көңіл тыныштығын сыйлай білудің ең кәміл де үздік көріністері, әрине, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үлгілі өмірінен басталады.

Табиғин Абдулла әл-Һәрәуи Пайғам-барымыздың (с.ғ.с.) аса жомарт жан болғандығына тағы бір жақыннан көз жеткізгісі келеді. Содан бір күні Хәләб деген жерде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) азаншысы Біләл Хабашиді кездестіреді. Сосын одан дереу Алла елшісі (с.ғ.с.) жайлы сұрай бастады.

– Уа, Біләл! Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қайыр-садақа жасауы туралы айтып берші, – дейді.

Сонда хазреті Біләл (р.а.) былай деді: «Алла тарапынан Пайғамбар етіп жіберілген күннен бастап, дүниеден өткенге дейін Алла елшісінің (с.ғ.с.) көптеген істеріне өкілеттік жасайтын-мын. Мәселен, құзырына бір мұсылман келген кезде оның кедей екенін көретін болса, маған білдіретін еді, мен барып қарыз алып, сол адамға жейтін және киетін нәрселер әкелетін едім. Бір күні мүшріктердің біреуі алдымнан шығып:

– Уа, Біләл! Мен баймын, мүмкін-шіліктерім мол, бұдан кейін өзгелерден қарыз сұрап жүрме, менен ала бер! – деді. Мен де солай жасадым. Бір күні дәрет алып, азан айтуға дайындалып жатсам, сол мүшрік бір топ саудагерлермен біз жаққа қарай келе жатыр екен. Мені көре салысымен:

– Ей, Хабаши! – деді.

– Не болды? – дедім. Ол маған жаман көзбен қарап, түрін өзгертіп, ауыр сөздермен балағаттады да, артынан:

– Айдың басталуына неше күн қалды? – деді. Мен болсам:

– Жақын қалды, – дедім. Ол:

– Төрт-ақ күн қалды. Сол күн келгенде сендегі бүкіл қарызымды алатын болайын. Мен ол ақшаларды сенің құрметіңе берген жоқпын, менің құлым болуың үшін бердім. Уақытысында бермейтін болсаң, бұрындары атқарғаның сияқты қайтадан қойларымды бағатын боласың, – деді.

Мұндай сөздерді естіген соң, әрине, қатты ренжідім. Барып, азан шақырдым. Құптан намазын оқытып болған соң, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйіне қайтты. Мен де барып, Алла Елшісімен (с.ғ.с.) кездесуге рұқсат сұрадым. Рұқсат берілген соң, ішке кірдім де:

– Уа, Алланың Елшісі! Қарыз алып жүрген мүшрік ай басында ақшаларын қайтаруымды талап етті. Сіздің де, менің де төлеуге шамамыз жетпейді. Маған рұқсат етіңіз, Исламға жаңа кірген тайпаларға бас сауғалайын. Алла Тағала өз Пайғамбарына ризық беріп, менің орныма қарыздарымды төлегенге дейін сонда қала тұрайын, – дедім.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) рұқса-тымен шығып, үйіме оралдым. Қылышымды, қанжарымды, найзамды және аяқ киімдерімді алып, басымның астына қойдым. Мазасызданып, түннің жартысы ауа әрең ұйықтадым. Таңертең ерте оянып, кетуге дайындалып жатқанымда сырт жақтан біреудің:

– Біләл! Алла Елшісі сені шақырып жатыр! – дегенін естідім. Сол жаққа қарай жүрдім. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үйіне жетіп келгенімде есігінің алдында үстіне жүк артылған төрт түйе тұр екен. Рұқсат сұрап ішке кірдім. Пайғамбарым (с.ғ.с.):

– Біләл, сүйінші! Алла Тағала қарыз-дарыңды төлеуің үшін маған мал-дүние жіберді, – деді.

Мен Аллаға мадақтар айттым, шүкіршілік білдірдім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– Есік алдындағы төрт түйені көрдің бе? – деді. Мен:

– Көрдім, – дедім.

– Олар үстіндегі жүгімен бірге сенікі. Фәдәк бақшасының қожайыны жібе-ріпті. Ал енді қарыздарыңды төлей бер, – деді.

Мен Алла Елшісінің (с.ғ.с.) айтқандарын орындадым. Жүктерді түсіріп, түйелерге жем беріп, таң намазын оқытып болған соң, мен Бақи мазарына шығып, саусақтарымды құлағыма қойдым да:

– Кімнің Алла Елшісінде қарызы бар (алатыны) болса, келсін, – деп айқайладым. Заттарды сату, нақты ақ-шаға айналдыру, қарыз орнына есептеу сияқты жолдармен Пайғамбардың (с.ғ.с.) барлық қарыздарын төледім. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жер бетіндегі ешкімге қарызы қалмаған еді. Бірақ ақша артылып та қалды. Кешке қарай мешітке бардым. Пайғамбар (с.ғ.с.) мешітте жалғыз отыр екен. Барып сәлем бердім. Сәлеміме жауап берген соң:

– Не болды, не істедің? – деп сұрады. Мен:

– Алла Тағала өз Пайғамбарының бүкіл қарыздарын төледі, мүлде қарызы қалмады, – деп жауап бердім.

– Жақсы, ешнәрсе артылған жоқ па? – деп сұрады. Мен:

– Екі динар артылып қалды? – дедім.

– Олай болса, қанеки, мені сол екі динардан да құтқар, – деді, – Оларды да садақа етіп жібер, өйткені ол екі динарды да қолдан шығарып, мені рақатқа бөлемегеніңше, үйіме бара алмаймын, – деді.

Алайда, екі динарды беретіндей ешкім келмегендіктен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мешітте ұзақ уақыт күтіп қалды. Соңында, екі атты адам келіп, оларға да сол екі динарға жейтін және киетін нәрселер алып бердім.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) құптан намазын оқытып болған соң, мені қасына шақырып:

– Жанындағыларға не болды? – деп сұрады. Мен:

– Алла сізді тыныштыққа қауыштырды, – дедім.

Мұндай жауапты естіген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Аллаһу Әкбар» деп тәкбір айтып жіберді. Сол екі динар ақша өзінде болған кездегі қорқынышынан құтылғаны үшін Алла Тағалаға шүкіршілік етті. Сосын орнынан тұрды. Мен де артынан ердім. Бүкіл отбасы мүшелеріне бір-бірден кіріп сәлем берді. Содан кейін ғана түнейтін бөлмесіне кірді.

Ей, Абдуллаһ (әл-Һәрәуи), міне, сұрағыңның жауабы! – деп сөзін аяқтады Біләл (Әбу Дәуіт, ибн Хиббан).

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл игі ісі, Алладан қорқуы әрбір мұсылман үшін ұлы өнеге, өшпес сауап.

Енді зекет кімдерге беріледі, осы мәселеге келсек. «Тәубе» сүресінің 60-аятында зекетті алуға тиісті топтар былай аталған: пақырлар (кедейлер), міскіндер (тақыр кедейлер), зекет жинаушылар, мұсылмандықты қабылдағандар, Алла жолындағылар (дін қызметі, ілімі үйрену жолында жүрген адамның мұқтаждығы болса), қарызын өтей алмаған борыштылар, жолаушы мүсәпірлер.

Әрине, зекет беру – жомарт әрі мейірімді адамның ісі. Мейірімсіз бен сараңнан садақа мен зекетті күте қою қиын. Осы игілікті іске қатысты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бірқатар өнегелі сөздерін келтіре кетсек.

«Тек екі кісіге ғана қызығуға болады. Біреуі – Алла оған дәулет беріп, соны хақ жолында жұмсаған кісі, екіншісі – Алла оған білім берген және сол білімін басқаларға да үйреткен кісі» (Әл-Бұхари, Мүслім);

«Қолы ашық адам – Аллаға, жәннат-қа, адамдарға жақын. Ал сараң болса, жәннаттан және адамдардан алыс, тозақ отына жақын! Ілімі жоқ жомарт – Алла Тағала құзырында сараң ғибадат етушіден де қайырлы» (Тирмизи);

«Қайыр-садақа бер де, мал дүниеңді санай берме. Алла да саған беріп жатқан нығметтерін санап, азайтып қоймасын. Ақшаны құмырада да сақтама. Алла да сенен сақтап қояды» (Мүслім).

Қай кезеңде болмасын, қоғам өмірінде мүмкіндігінше қайыр – садақа жасауға қажеттілік әрдайым болып отырады. Қайыр-садақалар үйлесімдік пен тәртіптің жалғасуын қамтамасыз етеді. Сондықтан да, денсаулығы жоқ науқасқа, жетім-жесірге, мұқтаж әрі күн көрісі төмен жандарға, білім жолындағыларға, пақыр мен мүсәпірге жомарттық таныту – Раббымызға деген шүкіршілік міндеттеріміз болып саналады. Шын мәнінде қолымыздағы нығметтерді мұқтаждармен бөлісетін болсақ, сол қуанышқа бөленген көңілдеріміз – дүниеде бақ-береке, ақыретте жәннаттың бау-бақшасына айналары сөзсіз.

Дереккөз: islam-orkeniet.kz

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « Зекет – бес парыздың бірі Зекет – байлықтың қорғаны »
Жоғарыға