maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Ораза – бес парыздың бірі

Ораза – бес парыздың бірі

Ораза – Ислам дініндегі бес парыздың бірі. Ол Алла Тағаланың адамзат баласына хижридің екінші жылы парыз болып бекітілген. Бұл туралы Құранда ұлы Жаратушы «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді», (Бақара сүресі) – деп ораза құлшылығының күллі иман келтірген мұсылман баласына парыз екенін баян еткен.

 

Ораза – Алла Тағаланың разылығы үшін адам баласының таң атқаннан күн батқанға дейінгі уақыт аралығында ішіп-жеуден, жыныстық жақындықтан, өсек-ғайбаттан, Алла Тағала арам еткен барша жаман істерден, күнәлі ойлардан ұзақ болуын талап ететін құлшылық.

Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінде ораза ұстаудың кімдерге міндеттелетіні де ашық көрсетілген. Олар:

1.Мұсылман болуы қажет;

2. Ақыл есі дұрыс  болуы керек

3.Балиғат жасына жетуі  тиіс

4.Дені сау болуы керек

5.Тұрақты мекен керек (жолаушының ораза ұстамауына рұқсат)

6. Хайыз, нифастан тазарған әйел адамдар.

Дініміз бойынша оразаны еш себепсіз бұзуға болмайды. Бұл – Алланың әмірі. Сондықтан оны адамның  көңіл қалауына сай қалаған күнде ұстап, қалаған күнде бұзуына жол жоқ. Ол ­Алла Тағаланың адамзатқа әмір еткен  бұйрығы болғандықтан, оразаны бұзу күнә болып табылады. Сондықтан оны басқа күндерде өтеп тауыспайынша, ораза парызы адамның мойнынан түспейді. Айталық, Рамазан айы оразасының жазасы 60 күн кәффәрат, яғни бір күндік қазасымен қоса 61 күн ораза ұстау керек. Ал, басқа нәпіл оразада қазаны өтеу міндет емес.  

Кәффәрәт оразаны әдейілеп бұзған төмендегідей жағдайларда талап етіледі:

  1. Ораза екенін біле тұра ішіп жеу
  2. Аздап тұз жеу
  3. Аузына кірген жаңбыр немесе қар суын әдейілеп ішу
  4. Темекі шегу
  5. Мұрыннан алынатын ұнтақ түрлерін қолдану
  6. Шикі ет жеу
  7. Жыныстық қатынасқа түсу

Ал, Рамазан айында адамның ауырып, амалсыз оразасын бұзуы немесе сапарға шыққан жағдайда аузын ашып жіберуі тек қаза болған күндерді өтеу арқылы өтеледі. Ораза кезінде әлсіздіктен есінен танып қалатындай жағдайда ауызын ашып жіберетін болса, кәффәрат борышы түседі.

Оразаны бұзбайтын нәрселер:

1.Ораза екендігін ұмытып ішіп-жеу

2. Ұйқыда жүніп болу

3. Жұбайын сүйіп, құшақтауы

4. Aуызынан қабылдаған дәрінің дәмі тамағынан өтпеуі

5. Аузында қалып қойған тамақ қалдығын жұтып жіберу

6. Көзінің жасы мен маңдай тері ауызға кіріп кетсе

7. Көзге дәрі тамызу

Ораза ұстамауға немесе бұзуға болатын жағдайлар

1.Ауру кісі ораза ұстаған жағдайда ауруы асқынатын болса

2. Сапарға шыққан болса

3. Ораза тұтпауына мәжбүрленсе, тұтқан жағдайда өміріне  қауіп  төнсе

4. Емшектен шықпаған  баласы бар анаға

5. Денсаулығы болмаса

6. Әлсіздік пен кәрілік ораза тұтуына кедергі келтірсе.

Бұлардың қазасы да шарт болмағандықтан пітір садақасын берулері қажет. Оразаға ниет парыз, тек жүрекпен ниет ету жеткілікті, тілмен айтылғаны абзал (мәндуп).

Жалпы оразаның 6 түрі бар: 1. Парыз, 2.Уәжіп, 3.Сүннет, 4. Мәндуп және Мұстахаб, 5.Нәпіл, 6.Мәкрух.

Парыз оразасы – Рамазан айының оразасы, қазалары мен кәфәраты.

Уәжіп оразалар – нәзір оразасы мен нәпіл оразасының қазасы.

Сүннет ораза – мұхаррам айының 9, 10 және 11-күні тұтылатын оразалар

Мәндуп пен мұстахаб оразалар – әр айдың 13, 14 және 15 күні тұтылған оразалар мен әр аптаның бірінші, төртінші күні тұтылытын оразалар.

Нәпіл оразаларға мәкрух күндерінен бөлек тұтқан оразалар жатады. Мәкрух оразалар өз ішінен екіге бөлінеді. а). Такримән мәкрухке (Тахримән мәкрух: Уәжіптің тәрк етілуі) б). Тәнзиһән мәкрухке (мубах, яғни халал болған істерге жақын болған, немесе орындалмауы орындалуынан жақсырақ болған істер.

Мухаррам айының оныншы күні болатын ашуре күні тұтылған оразамен, арнайы жұма және сенбі күндері тұтылған оразалар.

 

Мейірбек Әбішев

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « Оразаның орасан зор пайдасы бар
Жоғарыға