maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Намазда аяқты талтайтып тұру дұрыс па?

Намазда аяқты талтайтып тұру дұрыс па?

 Бірде  мешітке намаз оқуға барғанымда жанымдағы кісі аяғымды өзіне қарай тартып жақындатты. Тобығымен тобығымды тигізуін ымдады. Намаз бойы қайта-қайта осы әрекетін қайталап, құлшылыққа деген көңілімді бұзып жіберді. Кейін дәл осылай жасайтын жастарды жиі кездестіретін болдым.

Сізден сұрайын дегенім намазда бір қатардағы мұсылмандар  арасындағы арақашықтық қандай болуы керек?  Тобықты тобыққа тигізудің үкімі қандай?

Сұрағынызға нақты жауап бермес бұрын дінімізде жалпы намаз қатарының қалай болуы керектігіне тоқталайын. Ислам діні үнемі мұсылмандарды тәртіпке, бір жүйелілікке, дисциплинаға шақырады. Рухтың бірлігіне көңіл аударғаны тәрізді сыртқы көрініске де аса мән береді. Себебі сыртқы көріністегі шашыраңқы әрекет рухтың, ішкі әлемнің де сондай бытыраңқы күйге түсуіне әкеп соғады.  Ал ішкі дүниенің бейберекетсіздігі сыртқы көрініске де кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан Алла Елшісі намазда саптың түзу әрі арада бос жер қалмауына, алдыңғы сап толмай жатып келесі қатарға турмауға көңіл бөлетін. Бұл жайлы Хақ елшісінің (с.а.у) бірқатар хадистеріне назар аударайық:

عن أبي هُرَيْرَةَ عن النبي  صلى الله عليه وسلم  أَنَّهُ قال: وَأَقِيمُوا الصَّفَّ في الصَّلَاةِ فإن إِقَامَةَ الصَّفِّ من حُسْنِ الصَّلَاةِ

 «Саптарыңызды түзу ұстаңдар. Саптың түзулігі намаздың көркемдігінен болмақ»[1].

عن جابرِ بنِ سَمُرةَ، قال: خرَجَ علينا رسول اللَّهِ - صلى الله عليه وسلم -، فقال:"ألا تصفون كما تصفُّ الملائكةُ عِندَ ربِّها؟ فقلنا: يا رسول اللَّه، وكيف تصفُّ الملائكةُ عِندَ ربِّها؟ قال: "يُتمُّون الصفوفَ الأولَى، ويتراصُّون في الصفِّ"

Жабир ибн Сумрадан риуаят етілді. «Алла елшісі бір күні бізге шықты да: «Періштелердің Раббыларының құзырында сапқа тұрғанындай сапқа тұрмайсыңдар ма?»-деді. Біз: «Уа  Алланың елшісі періштелер Раббыларының құзырында сапқа қалай тұрады?» - деп сұрадық. Алла елшісі: «Алдыңғы қатарларды  толықтырады  (сосын ғана келесі қатарға тұрады) және сапта бір-бірімен тығыз (жақын) тұрады.»[2]

عن ابن عُمَرَ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ  صلى الله عليه وسلم  قال أَقِيمُوا الصُّفُوفَ وَحَاذُوا بين الْمَنَاكِبِ وَسُدُّوا الْخَلَلَ وَلِينُوا بِأَيْدِي إِخْوَانِكُمْ ولا تَذَرُوا فُرُجَاتٍ لِلشَّيْطَانِ وَمَنْ وَصَلَ صَفًّا وَصَلَهُ الله وَمَنْ قَطَعَ صَفًّا قَطَعَهُ الله

Ибн Омардан риуаят етілді. (Алла олардан разы болсын!) Алла елшісі былай деді: «Саптарыңды түзу ұстаңдар, иықтарыңды бір қатарға келтіріңдер, бос орындарды жабыңдар. Араларыңдағы бос орынға кіруге  ниеттенген кісіге иықтарыңды жинау арқылы  немесе сапты түзеуге әрекет еткен адамның қолын итермеу арқылы оларға жұмсақ болыңдар. Шайтанға бос жер қалдырмаңдар. Кім саптағы бос орынды толтыру арқылы  сапты  жалғастырса, Алла онымен жақсы қатынаста болады. Ал кім-де кім  сапты үзсе, Алла да одан рақымын, нығметін үзеді.»[3]

عن الْبَرَاءِ بن عَازِبٍ قال كان رسول اللَّهِ  صلى الله عليه وسلم  يَتَخَلَّلُ الصَّفَّ من نَاحِيَةٍ إلى نَاحِيَةٍ يَمْسَحُ صُدُورَنَا وَمَنَاكِبَنَا وَيَقُولُ لَا تَخْتَلِفُوا فَتَخْتَلِفَ قُلُوبُكُمْ وكان يقول إِنَّ اللَّهَ وَمَلَائِكَتَهُ يُصَلُّونَ على الصُّفُوفِ الْأُوَلِ

Бараа ибн Ъазибтан риуаят етілді. Ол былай деді: Алла елшісі (с.а.у.) саптардың ана жағынан мына жағына аралап жүріп кеуделеріміз бен иықтарымызды сипап көретін де былай дейтін: «Әртүрлі әрі шашыраңқы болмаңдар. Себебі соның салдарынан жүректерің әртүрлі болып кетеді. Алла алдыңғы қатардағыларға рақым етіп, дәрежесін көтереді. Ал періштелер оларға игі дұға тілейді.»[4]

Жоғарыда келтірілген риуаяттардан Алла елшісінің (с.а.у.) намаз қатарларының түзу әрі жинақы болуына және алдыңғы қатар толмай жатып келесі сапқа тұрмауға қаншалықты көңіл бөлгендігін байқаймыз. Сондықтан мұсылмандар жамағат намазында осы мәселелерді үнемі қаперде ұстап, көп көңіл бөлулері қажет. Себебі саптың бұзылуы жамағат намазының сауабын кемітетін мәкрүһ амал. Имамдарымыздың бұл жайлы әр намаз алдында ескертіп отырғаны абзал.

Ал енді сұрақта көтерілген намазда иықты иыққа, тобықты тобыққа тидірудің үкіміне тоқталайық. Ең әуелі тобықты тобыққа тидіру Алла елшісінің (с.а.у.) ешбір хадисінде тікелей талап етілмеген. Алла елшісі (с.а.у.) тек саптың түзу әрі жинақы болуын, арада бос жер қалмауын қадалаған. Ал арада бос жерді қалдырмау – міндетті түрде қатар тұрған адамдардың иықтары мен аяқтары бір-біріне тиюі керек  деген сөз емес. Аяқтар бір-біріне тимесе де, иықтардың бір-біріне тиюі  жеткілікі.

Ал сахаба Нұғман ибн Баширдің: «Біздің әрқайсысымыз иығымызды жанымыздағының иығына,тобығымызды тобығына тақайтынбыз»[5] деген сөзіне келер болсақ, бұл жайлы Ибн Хажар Бұхаридың сахихына жазған «Фатхул бари» атты түсіндірмесінде былай дейді: «Бұл сөздің мағынасы саптың түзулігі мен бос орынды жабуды артығымен білдіру, асырып айту, ұлғайтып көрсетуболмақ»-дейді. Ал Әнуар Шаһ әл-Кашмири өзінің Бұхаридың сахихына жазған «Файдул-Бари» атты түсіндірмесінде былай дейді: «Ибн Хажар бұл жайлы «бұл сөздің мағынасы  саптың түзулігі мен босорынды жабуды артығымен білдіру, асырып айту, ұлғайтып көрсету болмақ»-дейді. Иә, расымен детөрт мәзһаб та мұны осылай түсінген...  Салафтардан (сахаба, табиғин, атбағут-табиғиндер)жеке намазға қарағанда жамағат намазында екі аяқтың арасы алшағырақ болады дегенінкездестірген жоқпын. Мұны тек кейінгі мәзһаб ұстанбайтындар шығарды.»  Сосын Кашмири былай дейді: «Тоқ етері Сахабалар мен табиғиндерде жеке намаз бен жамағат намазында екі аяқтыңарақашықтығында айырмашылық болады дегенді кездестірмедік. Ендеше, «тобықты тобыққатақаудан» мақсат жақын тұру, арада бос жер қалдырмау болмақ. Сосын өзің асықпай ойланып көрші.Иықтармен иықтарды қосқан кезде, онымен бірге аяқты жаныңдағының аяғына қосу өзіңді зорлапарнайы жаттықтырмастан мүмкін бе? Тіпті одан кейін де мүмкін емес. Бұл кейінгілердің шығарғандүниесі. Салафтарда мұндай нарсе жоқ.»[6]

Алла елшісі жоғарыда Әбу Дәуідте келген риуаятта және басқа да хадистерде  сахабалардың тобықтарының бір-біріне тиіп-тимегендігін емес, иықтар мен көкіректердің бір қатарда болуына, арада бос жер қалмауына, саптың жинақы әрі түзу болуына назар аударған. Сондықтан бос жер қалмайтындай иықтар бір-біріне жанасқаннан кейін екі аяқтың арасы табиғи арақашықтан көп болмауға тиіс. Екі аяқ арасының мөлшері шафиғи мәзһабында бір қарыс, мәлики және ханбали мәзһабтарында көзге ерсі көрінетіндей алшақ емес, орташа болғаны жөн[7]. Ал Ханафи мәзһабында екі аяқтың арасы төрт саусақтың мөлшері деп көрсетілсе де[8], бұл барлық адамға бірдей мөлшер емес. Себебі адам денесі әртүрлі болғандықтан, екі аяқ арасының арақашықтығы дененің ірі-кішілігіне, екі аяғының табиғи арақашықтығына қарай өзгеріп отырады. Төрт саусақ өлшемі бұл екі аяқтың бір-біріне жабыспауы үшін «кем дегенде» мағынасында айтылса  керек.

Тобықты тобыққа тигіземін деп екі аяқтың арасын табиғи мөлшерден артық ашу құлшылықтың рухына  қайшы, Алла алдындағы әдепке теріс. Сондай-ақ жаныңдағы адамның тобығына тобығыңды тақау қиямда тұрған кездің өзінде адам денесінің әртүрлілігі мен ұзын-қысқалығына байланысты қиыншылық тудырса, сәжде кезінде тіптім мүмкін емес. Сәждеден тұра сала қайтадан жаныңдағының тобығын іздеп, әуре болу намазда ойыңды бұзып, көңіліңді қажет емес нәрсеге бұрғызады.  Тіпті, жаныңдағының да мазасын алып, құтын қашырады. Сондай-ақ, сапқа тұрғанда тобықты емес, өкшені жаныңдағы адамның өкшесіне тигізу қажет дейтін жаңсақ «фәтуаларды» да естіп қаламыз. Аяқтың табиғи формасы өкшеге қарай кіріңкі болғандықтан, өкшені жаныңдағы адамның өкшесіне, тіпті тобықты тобығына тигізген уақытта жаппай қатардағы адамдардың аятарының басы ішке қарай қисайып, көзге ерсі көрініс пайда болады. Яғни табиғи тұрыстан ауытқуға әкеліп соғады. Бұл әрине шариғаттың талабы емес екені айтпаса да түсінікті.

[1] Сахихул-Бухари. 1-том, 253-бет. «Дәру Ибни Кәсир баспасы», Бәйрут, 1987 ж.
[2] Сулеймен Ибнул-Әшъас Әбу Дәуід ас-Сажистани, Сунану Аби Дәуід, 1-том, 177-бет. «Дарул-фикр » баспасы.
[3] Сулеймен Ибнул-Әшъас Әбу Дәуід ас-Сажистани, Сунану Аби Дәуід, 1-том, 177-бет. «Дарул-фикр » баспасы.
[4] Сулеймен Ибнул-Әшъас Әбу Дәуід ас-Сажистани, Сунану Аби Дәуід, 1-том, 177-бет. «Дарул-фикр » баспасы.
[5] Бәдруддин-ъайни, Ъумдатул-қари Шарху сахихил-Бухари, Бәдруддин әбу Мұхаммад Махмуд ибн Ахмад әл-Ъайни, 4-том, 36-бет. «Дарул-фикр» баспасы, Бәйрут, 2005 ж.
[6] Әнуар Шаһ әл-Кашмири, Файдул-Бари
[7] Уаһбатуз-Зухайли, әл-фиқһул-ислами уа адиллатуһ, 2-том, 882-бет. «Дарул-фикр» баспасы, Димашқ, 2006 ж.
[8] Мұхаммед Амин ибн Ъумар, Хашияту Ибн Ъабидин – Радул мұхтар ала дуррул-мұхтар, тахқиқ док. Хусамуддин ибн Мұхаммед Салих Фарфур, 3-том, 150-бет. «Дарул-Башайр» баспасы, Димашқ, 2000ж.

Қайрат Жолдыбайұлы

 

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: ШЫНАЙЫ СЕНІМ – ҚҰЛШЫЛЫҚТЫҢ ӨЗЕГІ »
Жоғарыға