maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Намаз – басты құлшылығымыз

Намаз – басты құлшылығымыз

Қазақ халқының өмірінде Ислам дінінің маңызы зор. Қазақ даласына дін VII ғасырдың басында келе бастады. Түркі халқы сол заманнан бері Ислам дінін ұстанып келеді. Осы Ислам дінінің бес парызының бірі – намаз! Бес уақыт намазды атқару әрбір мұсылман  үшін – парыз айн. Бұл дегеніміз – орындалуы міндетті амал.

 

Намаз адам баласын жауапкершілікке, тазалыққа, тұрақтылыққа және  тәртіпке баулып, уақытты тиімді пайдалануға үйретеді. Бабаларымыз намаздың пайдасын, әсіресе таң намазының пайдасын бір ауыз сөзбен даналықпен жеткізе білген. Қазақта мынадай даналық бар: «Күнмен таласып ұйықтама». Анатомия ғалымдарының зерттеуі бойынша, таңның атысымен адам ағзасындағы тіршілік оянады. Адам таң ата көп жұтынады, бұл жұтыну себебі ауыз қуысындағы микробтар белсенді жұмыс жасауында. Егер осы сәтте адам тұрып дәретін алып, тазаланар болса әлгі ауыз қуысындағы микробтар шайылып кетеді. Ал таң намазына тұрмаған адам микробтарды ішіне жұтып, ауруға душар болуына ықпал етеді, ол өлімді жақындатады екен. Табиғаттың осынау заңдылығын білген ата-бабаларымыз күнмен жарысып ұйықтауды жөн деп таппаған.  

Намаз оқу үстінде жасалатын дене қимылдары ағзаның төзімділігі мен икемділігін арттырады. Денсаулықты жақсартып, адамның өмір жасын ұзартады. Ғибадатты орындау нәтижесінде күнделікті қайталанатын қимыл қозғалыстардан бұлшықет күші, сіңірлердің серпімділігі, ағзаның икемділігі мен жүрек қан тамырларының қозғалғыштық қасиеті артады [1].

Осындай пайдасы мол парыз болған амалды біле тұра жалқаулықпен орындамаушыға пасық үкімі жүреді. Уақытында орындалмаған намаз – қаза намаз болып саналады. Мерзімі өткізіліп алынған намазды еске түскен сәтте оқу – парыз.  Ал намаз оқылмайтын үш уақытқа сәйкес келіп қалса, мәкрүһ болған уақыттарды өткізіп барып өтейді. Пенде болған соң кейде жалқаулық пен кейде белгілі бір себептермен намазымыз қаза болып жатады. Ол қаза намаздарын қалай өтейміз?

Қаза намаз еске түскен мезетте өтеледі. Намаздың қазасын өтер кезде реттік тәртібін сақтау қажет. Алайда мына үш жағдайда намазды реттілікпен оқу шарт емес:

  • Уақыт тығыз болып, қаза намазын оқып боламын дегенше, сол сәттегі намаз уақыты шығып кететін болса, бірінші кезекте уақыт намазы оқылады.
  • Уақыты келген намазды оқып болған соң, қаза намазы есіне түссе, уақыты кірген намазды қайта оқымайды.
  • Өмірінде намазды көп қаза қылып алған адам өз еркінде.

Ислам – жеңілдік діні. Дінде зорлық жоқ. Намазды кейде белігілі себеппен қаза етуге болады. Ол қандай себептер? Намазды қандай себептермен қаза етуге болады?

  • Соғыста дұшпанның қарсысында отырып, құбыладан басқа жаққа да қарап намаз оқи алмаса,
  • жолаушы болғанда селден, жыртқыш жануардан, қарақшылардан қауіп болса,
  • намазды отырып немесе жануардың үстінде ишарамен де оқи алмаса,
  • дәрігердің шешімімен ота жасалатын жағдайда, ұйықтап және ұмытып кету үзірлерімен намаздың уақытын жіберіп алу күнә болып саналмайды [2].

Бұлардың тысында намазды жіберу үлкен күнә харам болып саналады. Мұсылман намазын тәрк етпейді, тек жоғарыдағы себептермен жіберіп алуы мүмкін. Әдейі тәрк ету мен жоғарыда айтқандай себептермен оқи алмаудың алудың арасында үлкен айырмашылық бар. Әдейі тастаған жағдайда тәубе мен истиғфар ету міндет болып саналады.

Алла Тағала Құранда «Расында намаз арсыздық пен күнә амалдардан қайтарады...» [3] дейді. Намаз ол – дін тірегі, оны еш себепсіз қаза қылу  күнә. Намаз – біздің басты парызымыз, Жаратушы Раббымызға жақындастыратын амалымыз. Сондықтан оған құрметпен қарағанымыз абзал!

 

Мұрат Мұстафаев,

исламтанушы

  

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. https://islam.kz
    1. https://sorularlaislamiyet.com
    2. Әнкабут сүресі, 45-аят

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « Азан шақыру – пайғамбардан (с.ғ.с.) қалған сара жол
Жоғарыға