maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

ҚҰЛШЫЛЫҚ ТІРШІЛІКТІ ӘСЕМДЕУІ КЕРЕК

ҚҰЛШЫЛЫҚ ТІРШІЛІКТІ ӘСЕМДЕУІ КЕРЕК

Сүйікті Пайғамбарымыз, екі дүние сұлтаны, Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) бір күні сахабаларымен бірге сұхбат құрып отырғанында бір кісі келіп, жақсылық жайлы сұрады. Сол кезде Алла Тағала Пайғамбарымызға Құран кәрімнің мына бір аятын түсірді: «Кәміл жақсылық деген жүздеріңді шығысқа немесе батысқа бұрғандарың емес. Шын мәнінде, нағыз жақсылық Аллаға, ақирет күніне, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірген, мал-мүлкін Алла разылығы үшін жақындарына, жетімдерге, жоқ-жұқаналарға, жолда қалған ғаріптерге, сұраушыларға және азаттық қалайтын тұтқындар мен құлдарға берген, намаздарын кемеліне келтіріп, тұп-тура орындаған, зекеттерін өтеген, келісім жасаса, сөзінде тұрған, қиыншылыққа тап болған және сырқаттанған кездерінде, сондай-ақ қан майдан соғыс кезінде сабыр еткен адамдардың істері.» («Бақара» сүресі, 177-аят).

 

Байқап қарасақ, бұл аятта ешбір ғасырда, ешбір қоғамда құны төмендемейтін өте маңызды мәселелер баяндалған. Сондықтан осы аят төңірегінде бүгінгі біздің қоғамға, бүгінгі заманға қатысты аз кем әңгіме қозғаймыз.

Ең бірінші мәселе, бұл аяттан ұғатынымыз ешбір істің қасиеті жүзді шығысқа немес батысқа бұру секілді сыртқы келбетіне байланысты емес. Мысалы, бір адам намаз оқып жүргенімен, өмірінде жақсылығы аз болса, Аллаға және ақиретке деген сенімі мардымсыз болса, ондай жүрекпен оқылған намаздың пайдасы де елеусіз. Себебі намаздың нағыз мәні оның ішкі рухында. Сондықтан оны терең ықыласпен, жүрек тебіренісімен орындауға тиіспіз.. Сондықтан болса керек, айтылмыш аятта нағыз жақсылық Аллаға, ақирет күніне, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтіру» екендігі мұсылмандардың назары аударылып отыр. Бұл аталғандар иманды иман ететін өте маңызды құндылықтар саналады. Біріншіден, нағыз жақсылық Алла иман келтіргенімізге байланысты. Бүгін біз Аллаға қалай сеніп жүрміз. Соны бір ойланайықшы. Алла бар дейміз. Бірақ Оны қаншалықты танимыз, қаншалықты жақсы көреміз немесе қорқамыз? Оның бұйрықтары мен тыйымдарын білеміз бе? Құлшығымызды тек Аллаға арнадық па?

Негізінде, біздің тіршілігіміздің де, өліміміздің де, ақиретіміздің де, бізге түскен шариғаттың да жалғыз иесі Алла Тағала. Қасиетті Құран кәрімде былай делінген: «Оларға: «Менің намазым, бүкіл құлшылықтарым, өмірім мен өлімім – бәрі де ғаламдардың раббы Алла үшін деп айт» («Әнғам» сүресі, 162-аят.). Ендеше біреу: «кім үшін намаз оқимыз, кім үшін құлшылық жасаймыз, кім үшін өмір сүріп, кім үшін өлеміз?» деп сұраса, жалғыз ғана жауап болмақ: «Жаратушы иеміз Алла үшін!» Өміріміз Алла үшін болған оның әр сәтін осы ниетпен өткізуге талпынуымыз керек-ақ. Өйткені біз де, барша адам баласы да Алланың ардақтап жаратқан құлдары. Ал Алланың ұлылығы мен шексіз құдіретін байқау үшін өз бойымызға, айналамызға бір сәт терең оймен көз жүгіртсек жеткілікті. Қараңызшы, саусықтарымыз қандай икемді, құлағымыз қандай қонымды, тіліміз, тістеріміз, екі ерніміз, аяқ-қолымыз бен бүкіл денеміз қандай керемет сұлбада жаратылған. Ұлы құдіреттің иесі ғана осылай жарата алады. Әрбір атқан таң, батқан күн, шылдырлаған бұлақ, сыбдырлаған жапырақ, сарқыраған өзен, алып таулар, ну ормандар, мың түрлі гүлдер мен өсімдіктер Алланың шексіз шеберлігін паш етуде. Аллаға сенбейтін адам осыларға да көз жұма қарайтын көрбақ болуға тиіс.

Сондай-ақ кей адам көп зұлымдық жасайды, кісі ақысын жейді, ұрлық жасайды, адам тонайды, біреудің өмірін бүлдіреді, ерлі-зайыптының арасын бұзады, ата-анасын зарлатады. Бірақ сол күнәларының жазасын бұл өмірде толық тартпауы мүмкін. Егер әр нәрсенің есеп-қисабы сұралатын ақирет жұрты болмаса, әр адам білгенін жасап, тайраңдап кете барса, бұл Алланың әділдігіне сын болар еді. Иә, бұл дүниеде жасалған ешбір іс тиісті сый-сыяпатсыз немесе жазасыз қалмақ емес. Құранда айтылғандай: «Кімде кім шаң тозаңындай жақсылық жасаса, соның сыйын алады. Ал кімде-кім шаң тозаңындай жамандық жасаса, соның жазасын тартады» («Зилзәл» сүресі, 7-8-аяттар)

Осы тұрғыдан келгенде, адамдар арасындағы ұрыс-керіс, дау-жанжал пен бақталастықтың, атаққұмарлық пен мансапқорлықтың  қандай мәні бар деген ой келеді. Арақ ішіп, отбасын ойрандайтындар, зина жасап қоғамды шірітетіндер, кісі ақысын жеп көз жасына қалатындар бәрінен бұрын осыны ойлануға тиіс. Құдайдан қорықпау, ақиретке сенбеу, тағдырға тас ату, пайғамбарларды танымау, Құраннан алшақтаудың қайда апарарын әр адам осы қырынан бағамдауға тиіс. Көкірек керіп паңданған, дүние қуып ар-ұяттан безген, қара бастың қамын күйттеп отанды сатқан адамдар мен сөз тасып кісі арасын бұзғандар ақиретте елеусіз, есепсіз қалуы мүмкін емес. Себебі, осыншалық Құдіретті, осыншалық Әділетті, осыншалық Мейірімді Аллаға қиянатшыл пенделерді жазасыз қлдыру жараспасы анық.

 

Асылбек Әуезханұлы

 

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « НАМАЗДЫ ТАҚИЯ КИІП ОҚУ ШАРТ ПА?
Жоғарыға