maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Құран – еш міні жоқ қасиетті кітап

Құран – еш міні жоқ қасиетті кітап

Түсінгенге қасиетті Құраннан қадірлі, Құраннан қастерлі, Құраннан әсерлі, Құраннан артық, Құраннан жақын, Құраннан жылы, Құраннан сіңімді, Құраннан мінсіз ешбір сөз жоқ! Өйткені Құран – күллі болмыстың жалғыз иесі Алланың сөзі. Бұл дүниеде дәл Құрандай шексіз құрметке ие еш кітап жоқ. Осынау аса қадірлі кітап алғашқы аяты түскен күннен бастап, бүгінге дейін сан мыңдаған ғылыми еңбектердің, шығармалардың, зерттеулердің алтын арқауы болып келді. Мұсылман әлемінің барша ғұламасы қасиетті Құранға кез келген мәселені шешудің қайнар көзі ретінде жүгініп келгені мәлім. Құранның еш уақытта сарқылмас бұлағынан бүгінгі таңда адамзат баласы қол жеткізген өркениет атаулы өз бастауын алған десек, артық айтпағанымыз.

 

Алла Тағала Құран Кәрім туралы былай деді:  «(Мұхаммед (с.ғ.с.) егер бұл Құранды бір тауға түсірсек, оның Алладан қорыққанынан үрейленіп, быт-шыт болғанын көрер едің. Міне, мұндай мысалдарды адам баласы ойлансын деп келтіреміз» («Хашыр» сүресі, 20-21 аяттар).

Міне, Құран – осыншалықты салмағы ауыр аманат. Аталмыш аят бізге маңайымыздан күнде көріп жүрген асқар-асқар таулар мен адам жүрегін салыстыруға да мүмкіндік береді. Енді ойланып көрейікші, тастан жаралған қатпарлы қалың тау көтере алмас батпан салмақ адам баласының жұдырықтай жүрегіне тапсырылып отыр.  Алғаш рет бұл жүкті Алланың сүйіктісі, ғаламдардың мақтанышы Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қабылдап алды. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) уахи түскен кезде оның түр-тұлғасының қатты құбылуын екі дүниенің арасына көпір болудың рухани ауыртпалығы деп қабылдаған абзал. Сахабалардың жеткізуінше, уахи түскез кездерде Алла елшісінің (с.ғ.с.) ажары қатты өзгеріп, жаны мен тәні алабөтен күйге түсетін болған. Уахидың түсірілуі мен оны қабылдаудың негізгі ақиқаты бізге белгісіз. Алайда бұл жайлы Ислам тарихы былай баян етеді.  

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) пайғамбарлық келгенге дейін біраз уақыт Мекке маңындағы таудың Хира деген үңгіріне барып, елден жырақ, оңаша қалуды жөн санаған. 610 жылғы Рамазан айының бір дүйсенбісінде сол Хираға барып түнейді. Жан дүниесімен Жаратқан Аллаға беріле ойланып отырған кезінде ойламаған жерден періштелердің ұлығы Жәбірейіл Алланың әмірімен Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Оқы!» деп бұйырады. Осы сөзді бір емес, үш  рет айтады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үшеуіне де: «Мен оқи алмаймын ғой!» деп жауап бергенде, Жәбірейіл (а.с.) Құран кәрімнің ең алғашқы бес аятын оқып береді. Міне, осылайша Алланың сөзі алғашқы уахи келіп, қасиетті Құран түсіріле бастады.

Құран кәрім Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) уахи жолымен түсті. Уахи – Алла Тағала тарапынан тікелей немесе елші арқылы пайғамбарларға білдірілетін нақты хабарлар. Уахидың түрлері болады. Алла Тағала сол уахи жолдарының бірі арқылы Сөзін пайғамбарына білдіреді. Оның бірі Ұлы Алланың сөзін бір періште арқылы жеткізуі.

Алланың сөзін пайғамбарларға жеткізетін періште кейде өз бейнесінде келеді. Ал кейде бір адам кейпінде келетін де, сол жерде отырғандар оны көріп, сөздерін есітетін. Тағы бір кездерде періште пайғамбарға хабарды жеткізеді, бірақ өзі мүлдем көрінбейтін.

Қасиетті Құран кәрім Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Жәбірейіл періште арқылы түсірілген. Алғаш рет уахи түскенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 40  жаста болатын.

Құранның түсуімен хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлық міндеті де басталды. Құран кәрім кейде аят-аят болып жеке-жеке, ал кейде толықтай сүре қалпында түсіріліп, 23 жылда толық түсіп болды.

Қорыта айтқанда, қасиетті Құран Кәрім – адам баласына түсінікті, жағдайлары мен білім деңгейлеріне лайық, қабылдау қабілеттеріне сай иләһи кітап. Оны қай ғасырдың адамы оқыса да, оның сөздері оқушының тап өзіне бағыттала айтылып тұрғанын байқайды. Адамның жазған кітабы ескіреді, түсі оңады, мазмұны көнереді. Тіпті күндердің күні болғанда ешкім қолданбайтындай қажетсіз дүниеге де айналуы да ғажап емес. Ол пәлен ғасырда пәлен адам жазған екен деп, өткен шақта да сөз болады. Ал Құран туралы мұның бірін де айта алмаймыз. Өйткені ол – Алланың сөзі.

 

Асылбек Әуезханұлы,

дінтанушы-ғалым

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « Құлшылық құндылығы Құлшылығыңа ұқыпты бол »
Жоғарыға