maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Құрбанның көлеңкесін шалып жүрмейік!

Құрбанның көлеңкесін шалып жүрмейік!

Бұл дүниеден Мәуләна Жалаладдин Руми деген әулие құл өткен. Сол кісі құрбан шалуды тек сыртқы жағынан ғана түсініп, ішкі рухани тереңдігіне бойлай алмай жүргендерге: «Ешкінің көлеңкесін ғана шалып жүрмеңдер!» деп ескерту жасап отырады екен. Өйткені құрбандық шалудың мәні – малдың етінде де, қанында да емес. Тіпті базардағы нарқы қымбат малды сатып алып шалуда да емес. Құрбан айтта шалынған малдың ет-қаны мен сүйегі оның көлеңкесі іспетті де, шын мәні тереңінде, яғни Алла жолында адал еңбекпен тапқан барымызды пида ете алатын ақ ниетімізде! Алланың разылығын тапсам деген тақуалықта! Қасиетті Құранның тағылымы бойынша Аллаға пендеден жететіні де – сол!  (Қараңыз: «Хаж» сүресі, 37-аят). Соған жете алсақ, соған шыдай алсақ, онда Құдайдың бергені! Жүрегімізде Аллаға деген шынайы иман-ықыластың болғаны!

 

Бұрынғы ізгі құлдар қайырлы амал-құлшылықты қалай жасауды ғана емес, қалай ниет ету керектігіне мән беріп, мұқият үйренген. Осы істі жасап жатқанда жүрегім мен ниетім қалай болуы керек дегенге көңіл қойған. Барша ғибадаттың ниетке байланысты екенін жиі айтып та, естіп те жүр. Десек те, ниет  – өте нәзік дүние. Қасиетті Құрбан айт қарсаңында осы туралы сөз қозғаудың мәні ерекше. Құранға зер салсақ, Алла Тағала «Шындығында, құрбандыққа шалған малыңның еті де, қаны да, әсте Аллаға жетпейді. Аллаға жететін – сендерден (жүректеріңнен) шығатын тақуалық қана!» («Хаж» сүресі, 37-аят) дейді. Шындығында, бұл аяттың астары өте терең. Біз құрбандыққа шалатын мал сатып алғанда, оны сойғанда, етін айналамыздағы мұқтаж жандарға таратып жүргенде жүрегімізде қандай сезім болуға тиіс, міне, соны Алла Тағала бізге баян етуде.

Иә, Алла Тағала біздің бес уақыт оқитын намазымызға, отыз күн тұтатын оразамызға да, атқарған қажылығымызға да мұқтаж емес. Алла – Мұңсыз, Мұқтажсыз! Алла – шексіз рақым иесі! Олай болса, біздің базарды шарлап барынша қоңды, семіз мал іздеуіміздің мәні неде? Бір адамның құрбандығы екінші адамның құрбандығынан несімен ерекшеленеді? Неғұрлым көбірек ақша жұмсасақ, соғұрлым көбірек сауапқа ие боламыз ба? Бұл сұрақтардың бәріне де осы тұрғыдан жауап іздеу керек. Дүниеуи тұрғыдан қарасақ, кім қымбат мал алып, көп шығын шығарса, соның құрбаны жақсы көрінуі мүмкін. Алайда, Құранның айтуынша, мұның өлшемі мүлдем басқаша. Мысалы, бір адам өгіз шалып, екінші бір адам қой ғана шалса, әлбетте, ірі қара шалушының сауабы көбірек дейміз.  Бұл – пенденің өлшемі. Ал, Алла Тағала құрбандықтың сыртқы сипатына қарап емес, құл жүрегіндегі Аллаға деген ықылас, ниетке қарап бағалайды. Мысалы, ең қимас малыңды Алла жолында шалғанда, жүрегіңде Алланың бергенін Алла жолына арнап құрбан шалып жатырмын деген қуаныш болуы керек.  Міне, сонда ғана бұл құрбандық Алла құзырында белгілі бір мәртебеге ие болады. Сондықтан болар, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Құрбандықтың бір тамшы қаны жерге тамбай жатып, оны шалушы Алланың құзырында белгілі бір дәрежеге ие болады», - дейді.

Осы айтылғандарды жинақтай келгенде, кез келген құлшылық секілді құрбандықтың қолмен не өзге де дене мүшелерімізбен емес, жүрегімізбен жасау керегін ұғамыз. Сондықтан Құрбан Айтта көңіліміздегі ниетке, ықыласқа, тақуалыққа ерекше мән беріп, Алла жолында малымызды ерекше ықыласпен шалайық, ағайын!

 

Асылбек Әуезханұлы,

«Асыл сөз media» шығармашылық

бірлестігінің жетекшісі, ф.ғ.к., дінтанушы

Медиа

Жоғарыға