maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Құран жүрекке жетсе – өмірді өзгертеді

Құран жүрекке жетсе – өмірді өзгертеді

Анас ибн Мәлик (р.а.) мынадай риаятты жеткізеді: «Кейбір адамдар Құран оқиды. Оларға оқыған Құрандары лағынет айтады», – дейді. Расында, егер адам Құран аятының мағынасын бұзу мақсатында әдейі қате оқыса, Құран оған қайғы-қасірет алып келеді. Ал, енді керісінше, Құранды көркем дауыспен, оқу ережесіне сай өз мақамымен оқыса, онда ол адамға құт-береке әкеледі. Яғни, Құранды оқыған адам және оны тыңдаған адам да бақытқа бөленеді.

 

Бір күні кешкілік Алла елшісі (с.ғ.с.) Абдулла ибн Масғудтың (р.а.) Құран оқығанын тыңдап, ұзақ уақыт тұрып қалады. Кейін Алланың елшісі (с.ғ.с.) қасындағы Омар мен Әбу Бәкірге (а.с.):

– Кім Құранды түскен қалпында оқығысы келсе, Абдулла ибн Масғуд құсап оқысын, – деп айтады.

Ибн Масғуд (р.а.) мынадай риуаят келтіреді. «Пайғамбар (с.ғ.с.):

–       Маған Құран оқып берші, – деді.

Мен:

–Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Сізге түскен Құранды, сізге оқып берейін бе? – деп айттым. Ол (с.ғ.с.):

Рас, мен Құранды басқадан тыңдағанды жақсы көремін – деді. Мен «Ниса» сүресін оқыдым.

Бұл сүренің: «(Мұхаммед (с.ғ.с.) әр үмбетке бір айғақ келтіріп, сені де оларға куә етіп келтірсек қандай болар еді?» – деген аятын оқығаннан кейін, пайғамбар (с.ғ.с.):

Жеткілікті, – деді. Оған бұрылып қарасам, оның көздері жасқа толып тұр екен».

Құран Кәрімнің адам жүрегіне толық ықпал ететіні туралы Омар ибн Хаттаб (р.а.) жайында мынадай оқиға бар:

Бір күні Омар ибн Хаттаб (р.а.) түнде келе жатып, Құран оқуьшының дауысын естиді. Әлгі адам: «Тур тауына. Жазулы Кітапқа, Теріге жазулыға, Толықсыған үйге, Көтерілген төбеге (аспанға) және ыстық теңізге серт! Сөзсіз Раббыңның азабы болады. Оны тойтарушы жоқ» (Тур: 1-8) – деген аятқа жеткен уақытта Омар есінен айырылып, атының үстінен құлап түседі. Жолмен кетіп бара жатқан бір сахаба құлап жатқан Омарды көріп, көтеріп үйіне апарады. Омар (р.а.) осы науқастығынан бір ай төсек тартып жатып қалады.

Осындай тақуалардың бірі Хасан әл-Басри су ішіп, кейін жылаған екен. Қасындағы жолдастары мұның себебін сұраған уақытта, ол:

Тозақтағылар жәннаттағыларға: Бізге суларыңнан, Алланың сендерге берген несібесінен төгіп жіберіңдер деп дауыстайды», – деген аяты есіме түсіп кеткені (Ағраф, 50) – деп жауап береді.

Белгілі сахабалардың бірі Әбу Сағид әл-Худрии (а.с.) пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп:

Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Түсімде мен «Сод» сүресін оқып отыр екенмін. Қасымда қалам, сия сауыт және тал бар екен деймін. Мен сүредегі сәжде аятына жетіп, оны оқығанымда әлгі қалам, сия сауыт және ағаштың барлығы да сәжде жасады, – дейді.

Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Ағаш, қалам және сия сауыт сәжде жасаған уақытта, тек сен сәжде қылмадың ба ей, Әбу Сағид!? – деп айтады. Әрине, мұнда Алланың елшісі (с.ғ.с.) әзілмен айтып отырғаны белгілі. Барлығы сәжде қылғанда сен қарап отыра бердің бе? дегендей Әбу Сағидке әзілмен сөйлеп отыр.

Құранды жиі оқып тұруды әдетке айналдыру – игі амал. Сағд ибн Әбу Уаққас (а.с.):

Кім Құранды күндіз тәмамдаса, оған періштелер кеш батқанша салауат айтады. Кім Құранды кешке тәмамдаса, оған періштелер таң атқанша салауат айтады, – деген.

Құран ақ пен қараның, жалған мен ақиқаттың ара жігін ажыратып, игі амал етуге шақырады. Құранды оқып қана қоймай, оған амал ете білгеннің бойына ізгі қасиеттер сіңіп, ақыретте шапағатына бөленеді. Құран арқылы рухани-адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіріп, Алланың мейіріміне ие болуға ұмтылған адам – екі дүниенің де кілтін ұстаған адам саналмақ. Алла Тағала сіздер мен біздерді осындай пенделердің қатарынан қылғай!

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « Құранға адалдық
Жоғарыға