maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Құранға адалдық

Құранға адалдық

Құранға адалдық – қасиетті Құран-кәрімді оқып, иман келтіру, илану және оған амал ету деген сөз. Өйткені, ол – Алла Тағаланың адамзат баласын тура жолға бастайтын, жамандықтан тыятын еш міні жоқ кітабы. Бұл туралы Алла Тағала: «Расында Құранды Біз түсірдік. Әрі шын мәнінде, оны Біз қорғаушымыз», – деген аятты түсірген (Хижр, 9).

 

Мұсылманның Құранға адалдығын көрсететін бес нәрсе бар. Олар:

1. Құранды оқу және жаттап алу. Себебі Құран оқу білімнің көбеюіне, танымның артуына септігін тигізеді. Жанды тазалауға мүмкіндік туғызады, рухани кемелдікке жеткізеді және адам бойындағы тақуалықты арттырады. Құран оқығаны үшін адам өте үлкен сауапқа ие болады. Қиямет күнінде оған шапағат жасалу құқығы беріледі. Әбу Умамадан (а.с.) жеткен хадисте:

«Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Құран оқыңдар! Расында ол қиямет күнінде өзінің достарына шапағатшы болып келеді», – деп айтқанын естідім» деген (Мүслим).

Құранды жаттау арқылы адамның жүрегі сәулеленеді. Құранды жаттап алған мұсылман бұл дүниеде ерекшеленіп, құрмет пен сыйға ие болады. Ал,  ақыретте қанша сүрені жатқа білгеніне қарай оның дәрежесі де жоғарылай береді. Бұған мына хадис дәлел: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құранды жатқа білген кісіге: «Оқы және жоғарылай бер, жердегі өмірде барлық ережесіне сай қалай оқыған болсаң, солай оқып бара бер. Соңғы аятты оқыған жер сенің (жәннаттағы) орның болады» делінеді», – деген (Әбу Дәуіт және Термези).

2. Әсем дауыспен оқылған Құранды жүрек жақсы тыңдайды, ал оқылған нәрсе жанымызға терең әсер қалдырады.

 Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Құранды қирағатпен дауыстап оқымағандар бізден емес», – деп айтқан (Бұхари). Сол сияқты біздерге мынадай да хабар бар:

Бірде пайғамбар (с.ғ.с.) Ибн Масудке (р.а.):

–       Маған Құран оқып берші – дейді.

–       Ибн Масудке (р.а.):

Уа, Аллаһтың елшісі (с.ғ.с.)! Сізге түскен Құранды, сізге оқып берейін бе? – дейді. Алланың елшісі (с.ғ.с.):

Рас, мен Құранды басқадан тыңдағанды жақсы көремін – деп жауап берген соң Абдулла ибн Масуд (р.а.) Құранды оқиды. Ол Құран оқып отырған уақытта пайғамбардың (с.ғ.с.) көздеріне жас келеді.

3. Құранды оқығанда оның мағынасы туралы ойланып, аяттарын түсінуге тырысу. Алла Тағала: «Қашан Құран оқылса, оған құлақ салып тыңдаңдар да сөйлемеңдер. Әрине мархаметке ие боласыңдар» (Ағраф,  204). «Олар Құран туралы ойланбай(ды) ма?! Әлде жүректерінде құлыптары бар ма?!» – дейді (Мұхаммед, 24).

4. Құранды сақтап қалу жауапекршілігін мұсылмандардың келер ұрпағы өздеріне алу үшін оларға Құранды үйрету. Құранды оқып-үйрену және басқаларға үйрету біздерді даңқ пен бақытқа жеткізетін жол болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендерің», – деген (Бұхари).

5. Құранды түсінуге және оны іс жүзінде қолдануға ұмтылу. Себебі тиісінше амалға аспаған түсінуден пайда жоқ. Тек қана үйрену, түсіну және амалға асыру арқылы ғана Құранның мазмұнын толық түсініп, оның бізге берер пайдасын көреміз. Алла Тағала: «Ей, иман келтіргендер! Істемейтін істеріңді неге айтасыңдар? Істемейтін істеріңді айтуларың Алланың алдында зор ашуға себеп болады», – деген. Ендеше, Құранды оқып және оған амал ету – игі амал.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « Құранға адалдық Құран жүрекке жетсе – өмірді өзгертеді »
Жоғарыға