maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Әділдік – ізгіліктен

Әділдік – ізгіліктен

Әділдік – қоғам мүшелерінің ұстануы тиіс басты қағидасы. Себебі, қоғам мүшелері алуан түрлі ұлттар мен ұлыстар, діндер мен сенімдер иелері болғандықтан, бірін-бірінің құқығын шектемей дұрыс қатынаста болуды қамтамасыз ететін қасиет – әділдік.

 

Мұсылман ғалымдары қоғамдағы әділдік ұғымына көп көңіл бөлді, тіптібұрын соңды батыс білмеген «көркем мінездегі әділдік» деген тұжырымдаманы шығарды. Көркем мінездегі әділдік – тұлғалар арасындағы қатынастарда және басшылық қылғандар мен олардың қарамағындағылар арасында болуы тиіс әділдік. Адам қоғамның қай саласында болмасын әділдікті ауадай қажет етеді. Әділдікке қатысты ортағасыр ғалымы Әбу Хамид әл-Ғазали ойын былай түйіндеген екен: «Егер адам қайсы бір сезіміне қатысты орта жолды ұстай алмаса, мысалы, үйленбесе, тамағын қажеттен тыс азайтса, онда ол әділдік өлшемін бұзушы екені анық баяндалады. Сол сияқты қарын мен құмар қалауын тойдыру мақсатында соның соңынан кеткен, оған мүлдем қарсыласпаған адам да әділдік теңдігін бұзған саналады. Осы екі жағдайға тап болған адам үлкен зұлымдықтың ішінде деп түсінуге болады».

Хазіреті Әлиден (р.а.) бір кісі Алланың бірлігі мен әділдік туралы сұрап келіпті. Сонда халифа былай жауап берген екен:  «Алланың бірлігі – Оны көз алдында елестетпеу, Оған белгілі бір пішін бермеу. Оны айыптамау – әділдік».

Расында да әділдік дегеніміз өмірде, дінде, қоғамда, отбасында және сол сияқты т.б. салалардың барлығында алдымыздан үздіксіз шығып отырады.

Ислам мұсылманға басқа дін өкілдерімен жақсы қатынаста болуға шықырады. Әлеуметтік деңгейде олармен қарым-қатынас жасауға, қонаққабаруға да тиым салмайды: «Егер мұсылман емес кісі мұсылман мемлекетінде тұрса немесе мұсылман мемлекетінің қамқорлығында болса мұсылман оның өміріне, намысына, жеке мүлкіне қол сала алмайды. Мұсылман басқалардың да құқығын сақтауы қажет. Ол өзге адамдардың меншігін ұрлай алмайды не алдап ала алмайды, зұлымдық жасамайды. Оны ұрып масқаралауға немесе өлтіруге құығығы жоқ. Мемлекет оны мұндай зұлымдықтан сақтап кепілдік болуы қажет» (Суар мин хаияти ас-сахаба кітабынан).

Сонымен қатар, Құранда да мұсылман кісінің басқа адамға қандай қатынаста болуы керек екендігін ашық айтқан аяттары жетерлік. Мысалы:

«Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал (жамандыққа қарсы жақсылық қыл). Сол уақытта сені мен екеуің араңда дұшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді» (41:34).

Тіпті, әдептілік және көркем сөзбен жақсылыққа шақыру – мұсылманның міндеті: «Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес. Күдіксіз, Раббың Ол, тура жол тапқандарды да жақсы біледі» (16:125). Бұл да – әділдік. Өйткені, дін Исламды білмейтін адамға оның үкімдерін айту үлкен қателік. Әуелі оған Исламды үйрету қажет.

Ислам адамдарды бейбіт өмірге шақырғаны сияқты шындық, адамгершілік, адалдық пен достық секілді т.б. көптеген ізгі сипаттарды ортаға қояды. Мұсылман өзіне сенген адамның сенімін ақтап, оған өтірік айтпайды. Егер өзге дін өкілімен тартыс немесе келіспеушілік болып қалған жағдайда, сыпайылық пен әділдікті естен шығармағаны жөн. Құран бізге осылай әмір етеді: «Іштеріндегі зұлымдық қылғандарынан басқа Кітап иелерімен көркем түрде сөз таластырыңдар. Оларға: «Бізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Және біздің Тәңіріміз де, сендердің Тәңірлерің де біреу-ақ. Біз Оған бой ұсынғандармыз», – деңдер» (29:46).

Осы орайда Ислам тарихындағы барлығымызға үлгі боларлық мына оқиға еске оралады: Бір күні яһуди халифа Омарға келіп, хазіреті Әлидің үстінен (Алла ол екеуіне разы болсы) шағымданыпты.

Халифа Омар өзінің алдына Әлиді шақырып:

– Ей, Әбу Хасан! Сенің үстіңнен шағым айтқан айыптаушының қасына тұр – деп бұйырады. Осы кезде Әлидің жүзі өзгеріп қоя береді.

Кейін халифа Омар бұл екеуінің арасын әділдікпен шешкеннен соң оңаша қалған Әлиге қарап:

– Ей, Әли! Мен саған сені айыптаушының қасына тұр, дегенімде ашуландың ба. Сенің түрің өзгеріп кеткенін байқадым? – деп сұрайды.

Әли ибн Әбу Талиб:

– Аллаға қасам етейін! Ей, мүміндердің әмірі!Мен оған ашуланғаным жоқ. Бірақ, сен мені «Ей, Әбу Хасан», – деп шақырған кезіңде. Мені яһудидің көзінше көтермеледі. Мұсылмандардың арасындағы әділдік жоғалыпты ғой деген қорқыныш бойымды биледі – дейді.

Хазіреті Әлидің жеке басы үшін емес, мұсылмандар үшін, дін үшін қамжеуі – тақуалық. Тақуалық болған жерде әділдіктің де болары сөзсіз. Олай болса біздер де қолымыздан келгенше ісімізге адал, басқалармен қарым-қатынаста жақсы болуға ұмтылсақ, онда жеке өмірде де, әлеуметтік өмірде де табыстарға жетуіміз жеңілдей түспек. Бұған қоса дүниелік істеріміз де, ақырет үшін жинайтын қорымыз да азды-көпті ретке келіп қалар еді.

 

Жалғас Садуахасұлы

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « Құлшылық – жүрек дертінің емі
Жоғарыға