maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

БАЛА ТӘРБИЕСІ

БАЛА ТӘРБИЕСІ

(Басы 1-бөлімде)

 

Баланы күн шыққаннан кейінгі ұйқыдан қайтармақ керек. Себебі, күндізгі ұйқы жалқаулықты туғызады. Кешке ерте ұйықтау пайдалырақ. Төсекті өте жұмсақ қылу, бала ағзалардың қатаюын кемітеді. Семіздік тамаққа тәбет ашады, сабырсыздықты шақырады. Сол себепті баланы қаттырақ төсекке, қарапайымырақ киімге, кәдуілгі тамаққа үйрету тәлімі кешіктіруге әсте болмайтын істердің қатарына жатады.

 

Бала не нәрсені жасырын қылса, бұл оның мұны жаман іс деп білгенінің дәлелі. Демек, балаға әрбір істі ашық көрсетіп, үйрету – уәжіб. Кейбір кезде жалқаулықты жою үшін ертелеп түрлі жаттығулар жасалады. Киімінің алдын ашып, қолдарын жан-жаққа лақтырып жүру әдепке сай емес екендігін бала білсін. Әке-шешесінің заттарымен немесе тамақ, қымбат бағалы киімдерімен мектеп құрал саймандарымен құрдастарының алдында мақтануы – жаман мінез. Керісінше, бала өз достарына кішіпейілділік құрметпен қатынас қылуға әдеттенуі, сөйлескенде мейірімді, әрі жұмсақ болғаны дұрыс.

Егер балалар оған бір нәрсе берсе, оны өзі үшін құрмет деп білсе де, затты алуға әдеттенбегені дұрыс. Себебі, абыройлық – алуда емес, беруде. Алып үйрену – жаман әдет. Мұнда ұят пен арсыздық бар. Бұл бала кедейдің баласы болса да басқалардан бір нәрсені алу әдеті – жаман қасиет. Алуды қалап тұру немесе дәмету – қорлық бұл, иттің қылығына ұқсайды: ит бір үзім нанды алуы үшін үнемі мүләйімсіп қарап, құйрығымен билеп тұрады.

Балалардың алтын немесе күмісті жақсы көруі оны қалап тұруы да жаман қылықтың санатынан. Негізінде, бұл нәрседен жылан мен шаяннан қорыққан сияқты қатты сақтану лазым.

Алтын мен күмісті жақсы көру, баланың келешекте құлға айналуына ықпал етуі мүмкін. Алтын мен күміске деген махаббатың зияндығы, удың кесірінен де қауіпті. Көпшіліктің ортасында түкіру, мұрын тастау, есінеу, біреуге арқа сүйеп отыру, аяқты айқастырып отыру, қолмен иекті тіреу де – әдепсіз қылықтар.

Бала сұхбаттасу қағидаларынан хабардар болуы керек. Балақай көп сөйлеудің тәрбиесіздікке жататынын және олай жаман балалар істейтінін әрі олай жасаған бала «бәдік» атанатын білсін.

Рас немесе өтірік айтса да бала жастайынан ант суын ішіп сөйлеуге үйреніп қалмасын. Сөзді бірінші бастамасын, қойылған сұраққа жауап берсін. Сұхбаттасушы өзінен үлкені болса, оны тыңдасын. Себебі сөйлесуші адамның сөзімен ортақтасып, «әдепсіз бала» атанғаннан гөрі тыңдаушы болған абзал.

Әдепті бала өзінен үлкендерге орын береді, пайдасыз сөздер сөйлемейді, басқаны сөкпейді, лағынет те айтпайды. Баланы бос әңгімені жақсы көретін адамдар мен араластырмау қажет. Расында тәрбиенің мәні – баланы жаман мінез мұхитына түсіп кетпеуден сақтап қалу.

Егер ұстаз баланы нұқып немесе соғып қалса, бала дереу айқай-шу көтермесін немесе басқадан қамқорлық күтпесін, қайта сабыр қылсын. Мұны да баланың жақсы білуі тиіс. Балаға сабырлық таныту ер жүрек батырлардың ісі, айқай-шу салу әлсіз әрі әйелдердің қылығы екені түсіндірілсін.

Балаға дәрістен соң шаршағанын басу үшін жақсы ойындарға рұқсат беріледі. Алайда, діңкесі құрығанша онымен әуес болуы дұрыс емес. Сол сияқты баланы барлық ойыннан мақұрым етіп, тек тәлімге мәжбүрлеу де жөн емес. Мұндай ауыртпалық жас жүректі өлтіреді, талғамды өшіреді, өмірден түңілуіне ұйытқы болады. Әйтпесе, балақай сәті келген орайда тәлім-тәрбиеден қашып кетуі үшін айла іздестіру мәжбүрінде қалуы ғажап емес.

Сол сияқты балақай әкеге, мұғалімге, өзінен жасы үлкен адамға, тәрбиешіге бойсұнуды, оларды құрметтеуді, олардың алдында кез келген ойынды доғару керек екенін білуі тиіс.

Бала жақсы-жаманды ажыратқан сайын дәрет пен намазды тәрік қылу үзірі жойыла бастайды. Рамазан айында толық болмағанымен кейбір күндерде ораза ұстауға бұйырылады. Жібек киім киюіне, алтын сақина және алтын бұйымдарды тағуына тиым салынады. Жалпы айтқанда ер балаға шариғаттың аумағында қажеті түсетін барлық нәрселерді үйрету қажет.

Балаларды ұрлық, харам, қиянат, өтірік сияқты т.б. бұзық әрекеттерден сақтандырған жөн. Бала ержеткен сайын, денесіне сәйкес жақсы азықтанады. Бірақ ас ішуден мақсат, баршамызды жаратқан Алла тағалаға итағат ету үшін күш алу. Дүние, негізгі тұрақталатын жер емес, себебі мұнда мәңгілік жоқ. Өлім, дүние нығметін тоқтатады. Дүние, бар болғаны мәңгі өмірге апаратын өткел. Ақырет – уақытша тұрақтайтын орын емес, мәңгілік жер.

Өлім – тосыннан келіп қалуы мүмкін құбылыс. Бұл дүние де ақыреті үшін өз азығын жиған адам шын ақылды. Алла тағаланың қасында мұндай адамның дәрежесі үлкен, жәннаттағы несібесі де мол деп түсіндіріледі.

Егер баланың өсіп жетілуі жақсы болса, онда бұл сөз ол балиғат жасына келгенде пайдалы, әсерлі болары анық. Берілген тәлім оның жүрегінде тасқа түскен ою нақышы сияқты терең ізін қалдырады. Егер баланың ер жетуі керісінше қиын болса, онда ол ойын-сауыққа беріледі, бұзық істерге бейімделеді, тамаққа ашкөздік танытып, киім киісте оның зейнеттену мен мақтаншақтық сияқты қасиеттерге құмарлығы оянады. Сөйте келе жүрек ақиқатты қабылдамайтын болып қалады.

Бала тәрбиесінде, көңіл мейлінше кемімеуі тиіс әсіресе, бастапқы кезде. Өйткені бала табиғатынан жақсыны да, жаманды да сіңіріп алуға икемді тұрады. Ата-анасы оған осы екі тараптың біріне яғни, жақсы немесе жаман тараптардың біріне шығуына себеп.

Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген: «Әрбір бала ислам табиғатында туылады. Ата-анасы оның яһуди немесе насрани (христиан) яки болмаса мәжуси (отқа табынушы) қылады»...

 

Әбу Хамид Мұхаммед әл-Ғазалидің «Ихия-у Улум әд-Дин» (Дін туралы білімдердің қайта жандануы) кітабынан үзінді.

Араб тілінен аударған Жалғас Садуахасұлы

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « Бала тәрбиесі және Құран үкімі
Жоғарыға