maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Бала тәрбиесі және Құран үкімі

Бала тәрбиесі және Құран үкімі

(Бірінші бөлім)

 

Баланың тәрбиесі – маңызды істердің бірі. Перзент – ата-анаға аманат. Баланың жүрегі пәк, нәзік, аңқау және ешбір нақыш салынбаған таза гауһар тасы сияқты. Жүрекке қандай ою-өрнек салынса, ол соған ұқсап пішінделеді, оны иген тарапқа қарай иіледі. Егер бала жақсылыққа үйреніп, жақсылықты әдеттенсе, дүние мен ақыретте бақытын табады. Әрине, бұл сауапқа оның ата-анасы және тәрбиешісі мен оған тәлім берген адамдар бөленеді.

 

Егер балаға көңіл бөлінбей шетте қалып қойса, жамандықтың ортасында өссе, бақытсыздыққа душар болып, құрып кетеді. Бұл жағдайда күнәнің ауыртпалығы оны осы күйге түсіргендер мен ата-ананың мойынына артылады. Алла Тағала былай деп айтқан: «Ей, мүминдер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар» (Тахрим, 6).

Әке перзентін дүние отынан (азабы мен машақатынан) қаншалық сақтаса, ақырет отынан да сонша сақтауы лазым. Тәрбие жолында көркем мінездің, қасиеттерін үйрету және жамандықтан қайтару, бұзық құрбы-құрдастардан қорғау, жеңіл өмірге әдеттендірмеу, байлыққа махаббатын оятпау арқылы әке перзентін тозақ отынан сақтайды. Егер бала дүние құмарлығына бой алдырса, мәңгілік тұңғиыққа кетті деген сөз.

Перзент дүниеге келген күннен бастап, қамқорлыққа алынуы тиіс. Сондай-ақ шақалақты емізу және тәрбиелеу ісін тек діндар әрі таза әйелге сеніп тапсырылуы мүмкін. Себебі, арамнан шыққан сүтте береке жоқ. Егер ол сүттен сәбиге берсе, онда сәбидің қанына арам араласып, баланың табиғаты арамға икемді тұрады.

Жақсы-жаманды ажырату түйсігі балада көріне бастаған сайын оның бақылауын да күшейте түсу керек. Мұның әуелгі белгісі, балада ұят қасиетінің бастапқы нышанының көріне бастауы. Себебі баланың тартыншақтауы ұялу емес, бәлкім ақылдың нұры түсіп, бала кейбір істердің басқаларға қарама-қарсы екенін көреді, жаман деп таныған істерін жасаудан ұяла бастайды. Бұл – Алла Тағаланың оған берген сыны, мінезінің пәктігінен жүрегінің сол тазалағынан тура шыққан қуанышты белгі және ақылының кемелдікке жетіп жатқандығынан сүйінші хабар десе болады.

Ұяты бар баланы, қамқорсыз тастауға болмайды. Керісінше, оған ұят әдебін үйрету арқылы жәрдем көрсеткен дұрыс. Көп жағдайда баланың бойында тамаққа ашкөзбен ұмтылу сезімі басым. Бұл кезде тәрбие тамақ ішу әдебінен басталады. Мысалы, тамақты оң қолмен алу, «бисмилләһ» сөзімен бастау, тамаққа үлкендерден бұрын қол созбау, тамақты тек өзінің алдынан алу, тамақ жеп отырған адамның ауызына қарай бермеу, тамақты шашпау, жақсылап шайнап жеу, тамақты обығып жемеу, жеп отырған асты киімге тамызбау. Кейбір кезде қосымша тәттісіз құрғақ нан мен қара шайды ішуге үйрету.

Сондай-ақ, балаға шектен тыс тамақ жеу жаман әдет екендігін ескертіп, бұл әдеттің төрт аяқты жануарға тән ерекшелік екенін, әдепті бала тамақты кем жейтінін, барға қанағат қылатынын, тамаққа мұрын шүйірмейтінін айтса, бұл да – тәрбие.

Баланы түрлі түсті және жібектен тігілген киімдерге емес, әдеттегі ақ түсті киімдерге деген қалауын тудыру қажет. Түрлі түсті жібек киімдер әйелдерге тән екенін, ер кісіге мұндай нәрселер жараспайтыны туралы түсіндіріп үйретіледі.

Баланы үлде мен бүлдеге оранған, қымбат бағалы киімдер киіп өскен балалардан сақтап, рахат өмір қалауын оятатын нәрселермен араласуына абай болған жөн. Себебі, өсіп келе жатқан баланы қараусыз қалдырса, бұл көп жағдайда бала мінезінің бұзылуына мұрындық болады. Әйтпесе, бала есейгенде өтірікші, іштар, ұры, шағымданғыш, ұшқалақ, күлекеш, айлакер, сараң сияқты жағымсыз қасиетті адамға айналуы мүмкін.

Бұлардан сақтанудың жолы – көркем әдеби тәрбие, мектептегі дәріспен машғұл болу, Құран мен хадис тәлімін алу. Ізгі адам мен олардың өмірі туралы айтылған хикаялар баланың жүрегінде оларға деген махаббаты оятады.

Баланы ессіз махаббат және ғашықтық кейіпкерлері айтылған өлеңдерден, мұндай өлеңдер адам жанын нәзіктікке тәрбиелейді деп ойлайтын шайырлардың арасында қалып қоюынан сақтау лазым. Себебі бұл нәрселер баланың жүрегіне бұзықтық дәнегін себеді.

Баланың, бойынан көркем мінез, мақтауға тұрарлық бір әрекет байқалса, оны құрметпен бағалау, көңілін қуандыратын нәрсемен жігерлендіру, көпшілік арасында бұл әрекетті көрсету өте қажет. Кейбір кезде бір рет көркем мінезге теріс қылық жасап қалса, оны көрмегенсіп өту дұрысырақ. Себебі бала мұндай жағдайда артығырақ жазаға тартылса, жаза оған кері әсер етіп, айыбының ашылып қалуына үйреніп, қателікке жігерлі болып қалуы мүмкін.

Егер бала сіз өтірік байқамаған теріс қылықты тағы қайталаса, онда оған жалғыз қалғанда ескертіп, бұл істің салдары жаман болатынын айтып түсіндіресіз. Алайда ескертемін деп артық кетпеген жөн. Әйтпесе, баланың құлағы қатты сөздерге үйреніп, айтқан ізгі насихаттар жүрекке жетпейтін болып қалуы әбден мүмкін. Бала тәрбиесінде ересекетердің айтқан сөздері өте маңызды. Сондықтан ата-ана сөйлеген уақытта ойланып, сөздерін електен өткізеді. Ал ана өз кезегінде баланы «әкеңе айтам» деген шектеу сөздермен баласын жаман әрекеттерден тиып отырады...

 

Әбу Хамид Мұхаммед әл-Ғазалидің «Ихия-у Улум әд-Дин» (Дін туралы білімдердің қайта жандануы) кітабынан үзінді.

Араб тілінен аударған Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « Ғабаса сүресінің түсірілу тарихы БАЛА ТӘРБИЕСІ »
Жоғарыға