maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

ОТҚА ТАБЫНАТЫН МӘЖУСИДІҢ ИСЛАМ ДІНІН ҚАБЫЛДАУЫ

ОТҚА ТАБЫНАТЫН МӘЖУСИДІҢ ИСЛАМ ДІНІН ҚАБЫЛДАУЫ

Қасиетті Құранда: «Алланың құзырында  қабыл болатын жалғыз хақ дін Ислам» делінген аят бар («Әли-Имран» сүресі, 19-аят). Дін деп адамзат баласын мәңгілік бақытқа жетелейтін ізгілік жүйесін айтамыз. Исламды араб, қазақ діні немесе славянның, еврейдің діні деген секілді ұлттарға, ұлыстарға бөліп қарауға болмайды. Ислам – барша адамзат баласына жіберілген дін.

 

Діннің анықтамасы өте көп. Кейбір ғалымдар оны ұлы құдірет иесі мен оған бағынатындар арасындағы байланыс деп түсіндірсе, кейбір ғұламалар адамның түпкі жаратылыс мақсатына қарай өмір сүруі және сол мақсатқа жеткізетін ереже-қағидалар жүйесі деп атайды.  Мұсылман ғұламалары дін деп ақыл иелерінің өз еркімен, қалауымен жүзеге асатын жақсылыққа, бақытқа жеткізетін жолды айтады. Иә, адам баласы Исламды өз еркімен қабылдайды, өз еркімен Алла Тағалаға бас иеді. Дініміздің тарихында осы сөзімізге дәлел болатын ғибратты оқиғалар өте көп. Соның бірі Ибраһим  (а.с.) Пайғамбардың қонақ күтуіне байланысты болған.

Шейх Саадидың «Гулістан бит-турки» деген ғибратқа толы кітабы бар. Сонда Ибраһим (а.с.) Пайғамбардың басынан өткен бір оқиға баяндалады. 

Ибраһим (а.с.) пайғамбардың үйінен қонақ үзілмейді екен. Қонақ келмесе, ас іше алмайды. Ондай кезде қырға, жотаға бір шығып, сайға бір түсіп, айналасына қарайлап, кім келіп қалар екен деумен жүреді екен жарықтық. Осылай жүргенде, бір апта бойы шаңырағына қонақ келмей қалады. Әрі күтеді, бері күтеді, қонақ жоқ. Сосын бұрынғы әдетінше, қонақ іздеуге шығады. Қырға шықса, сақал-шашы ақ қыраудай бір қарт кісі жүр екен. Сол кісіні үйіне қонаққа шақырады.

Екеуі үйге келіп, дастарханға отырады. Бір кезде үйдің іші «Бисмилләһ!» деп тамаққа кіріскенде, қонақтан ешбір дыбыс шықпайды. Соны байқаған Ибраһим (а.с.) Пайғамбар: «Оу, көпті көрген қария! Ақсақал деген дініне берік болмай ма екен? Аллаға жүрегі жанып тұрып дұға етпей ме? Сізде мұның бірі де жоқ! Неге үндемедіңіз? Асты ішерде «Бисмилләһ!» деу шариғаттың талабы емес пе?» - дейді. Сонда қонақ: «Пұтқа табынатын піріміз бізге олай үйреткен жоқ еді. Сондықтан естімеген нәрсемді жасай алмаймын», - деп жауап қайырады.

Ибраһим (а.с.) Пайғамбар оның отқа табынатын мәжуси екенін ұғынып, онымен бірге отырғанына қапа болып, үйінен қуып шығады.  Сол кезде бүкіл пайғамбарларға Алладан хабар әкелуші Жәбірейіл (а.с.) келіп, Жаратқан иеміздің мынадай пәрменін жеткізеді: «Уа, Ибраһим!  Мен ол адамды жүз жыл асырап, ризық-несібесін беріп келемін. Ол отқа табынса, саған одан не зиян? (Оның жазасын беретін сен емес қой...) Сен одан жомарт қолыңды неге тартып алдың?».

Алладан келген пәрменді ести сала, Ибраһим (а.с.) Пайғамбар әлгі кісінің соңынан жүгіреді. Қуып жетіп, одан кешірім сұрайды. Ақсақал мұның себебін білгісі келеді. Болған жайды есітіп, қаныққан соң әлгі кісі: «Мен секілді қартайған бір кісі үшін елшісіне пәрмен беретін қандай ұлы Құдай бұл! Ибраһимның діні қандай керемет дін!» деп бұрынғы дінін тастайды да, Исламды қабылдап мұсылман болады.

Міне, Исламнның хақтығын дәлелдейтін оқиғалардың бірі осы еді. Отқа табынатын кісінің бүкіл жан дүниесін өзгертіп жіберген не нәрсе еді? Алланың шексіз Мейірімі, шексіз жомарттығы, әділдігі. Қазіргі таңда бұл оқиғадан қандай сабақ аламыз? Не үйренеміз?

Қазір кейбір бауырларымыз адамдардың істеріне қарап қарым-қатынас жасайды. Әсіресе, намаз оқымау, ораза ұстамау, арақ ішу қарым-қатынасқа негіз саналатын сияқты. Қандай күнәһар болса да, Алла Тағала оған ризық-несібесін тоқтатып жатқан жоқ. Демек, біз де адамдармен солай араласуымыз қажет. Біз өзіміз де күнәсі көп пенде емеспіз бе? Сонымызға қарап бізбен де адамдар араласпай қойса, қалай болады. Мәселеге, осы тұрғыдан да бір қарап қойған мақұл. Алла бізге кеңдік, дархандық мінез нәсіп етсін!

 

Асылбек Әуезханұлы,

исламтанушы

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « ИСЛАМ ҰҒЫМЫНДАҒЫ ЖИҺАД ДЕГЕН НЕ?
Жоғарыға