maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

ИСЛАМ ҰҒЫМЫНДАҒЫ ЖИҺАД ДЕГЕН НЕ?

ИСЛАМ ҰҒЫМЫНДАҒЫ ЖИҺАД ДЕГЕН НЕ?

Қазір дін десе шошитын заман болып қалды ғой. Оның себебі көп болса керек. Бірақ ең біріншісі, діни сауатсыздық.  Өмірінде діни кітап оқымаған, қасиетті Құранның бетін ашпаған адам жұрттың сөзіне, көпшіліктің ісіне қарап дінге қорқынышпен қарауы заңды да сияқты. Өйткені бүгін Ислам басқа, мұсылман басқа, Құран оқу басқа, Құранды терең ұғынып түсіну басқа болып қалды. Сондықтан бүгін діни бағытымызды мұсылманға  қарап емес, Исламға қарап түзеуіміз керек.  Шынында да, Ислам деген қандай дін? Құран деген қандай кітап?

 

Ислам – күллі жаратылыстың иесі Алла Тағаладан Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) арқылы келген дін. Ал, Құран – адамдық болмысын түгел қамтитын қасиетті кітап.

Құранды түсініп оқыған адам біреудің еңбегін пайдаланып, кісінің үстінен күн көрудің,  арақ ішіп, ақыл-естен айырылудың,  адам баласына зәредей қиянат жасаудың, азғындықпен айналысып, құмар ойындарына салынудың қаншалықты зиян екенін анық ұғады. 

Құранда зорлық-зомбылықтың барлық түріне тыйым салынған. Қасиетті Құранның түсіндіруінше, кез келген соғысқұмарлықтың бәрі жиһад емес. Қазір әлемде, соның ішінде таяу Шығыста айтылып жүрген «жиһад» ұғымы Құрандағы жиһадпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Қасиетті Құрандағы мына бір аятқа назар аударып көрейік: «...Егер мүшріктердің бірі сенен пана тілесе, оны қанатыңның астына ал. Сонда ол үшін Алланың сөзін есту мүмкіндігі туады (бәлкім, иман да келтірер). Содан кейін оны баратын һәм өзін қауіпсіз сезінетін жерге дейін аман-есен жеткізіп таста. Өйткені олар, расында да, иманның, хақ діннің не екенін білмейтін ақиқаттан бейхабар қауым» («Тәубе» сүресі, 6-аят).

Осы аяттың өзі Исламның қандай дін екенін, бұл дінде жиһадтың не екенін анық байқатса керек.  Мүшрик деген Аллаға серік қосатын, Исламнан мүлдем аулақта жүрген адам. Соның өзіне Алла Тағала жұмсақ қарым-қатынас жасауды бұйыруда. Өйткені нағыз Исламда адамды өлтіру емес, тірілту маңызды, адамды жоғалту емес, табу маңызды. Исламдағы жиһадтың бір мәнісі осында жатыр. Алла мен адамның арасында бір бөгет болса, жиһад сол бөгетті алып тастауға ұмтылу, сол үшін күресу. Дәл мына жағдайда бұл бөгет білімсіздік болып отыр. Бүгінгі қоғамда да күн тәртібі өзгерген жоқ. Қазір  де адамдардың арасын ала тайды бүлдіріп жүрген, адамдарды Алладан алыстатып тұрған ең үлкен бөгет – діни сауатсыздық.

Ендеше, бүгінгі жиһадты да осы «аймақтан» іздеген мақұл.  Адамды шынайы Исламнан бөліп тұрған нәрсе түрлі бүліктер болса, нағыз жиһад сол бүліктерді болдырмаудың амалын табу. Аталмыш аят адамдарды зорлап, қинап мұсылман етуге  шақырып тұрған жоқ. Олардың көкірек көзін ашуға бұйырып тұр. Қазір кез келген өзге дін өкілімен атқарылатын жұмыс та осы ұстанымнан бастау алуы керек.

Қазір әлем халқына нағыз Исламмен танысатындай жағдай жасау маңызды. Бірақ ол жағдайды құры сөзбен немесе, суық қарумен емес, ғылым-біліммен, пайдалы ісімізбен, көркем мінезбен, әдеппен тудыруымыз қажет.

Біреудің Исламды қабылдап, мұсылман болуы немесе болмауы Алладан. Бұл пендеге байланысты нәрсе емес. Пенденің ісі айту, түсіндіру, жеткізу, үлгі болу, ал әркімнің жүрегін ашып, оған иман нұрын құю – Алланың құзырындағы іс.

Жоғарыда келтірілген аятта пана сұраған мүшрік кісінің малына, жанына ешқандай зиян келтірмей, сұраған жеріне аман-есен жеткізу бұйырылып тұр. Әйгілі ғалым Хасан Басри осы аятқа қатысты: «Бұл үкім Қиямет күніне дейін өз үкімін жоймайды», -деген. Әйгілі тәпсірші Мужаһид те осы пікірды қолдайды.

Адамдар қасиетті Құранмен жақыннан танысса, мұсылмандардың көркем мінезіне қанықса, Ислам дінін жек көруі мүмкін емес. Өйткені Исламды жақыннан таныған адам еш уақытта одан бас тартқан емес. Керісінше, оны таныған сайын оған деген құштарлығы арта түүсері сөзсіз. Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзі тірі кезінде сырттан келген адамдар шынайы Ислам бойынша өмір сүріп жүргендерді көргенде, іштері жылып сала беретін болған. Тіпті кейбіреулер ағыл-тегіл көз жасына қалай ерік бергенін де сезбей қалатын болған. Өйткені Ислам адам табиғатына сай дін. Туфайл деген ақынның мұсылмандықты қабылдауы бұған анық айғақ бола алады.

Демек, Ислам діні сенім бостандығына қашан да құрметпен қараған. Бөтен діннің адамдарын өлтіру, зорлау, қинау кездеспеген. Қайта қастарында жүріп керекті жерлеріне дейін жеткізіп салған. Себебі, мұсылман болу әркімнің өз еркі. Көңіл қалауы. Оған зорлық жүрмейді. Егер шынымен, көп жұрттың мұсылман болуын қаласақ, онда өзіміз нағыз Ислам діні бойынша өмір сүруіміз керек. Өтірік, өсек айтпау, уәдені бұзбау, аманатқа адалдық, адамдарға мейіріммен қарай, таза жүріп, таза тұру секілді мұсылманның көптеген қасиеттері біздің бойымыздан табылып жатса, оны көрген жұрт онсыз да сондай жақсылыққа қарай ұмтылары анық. Алла Тағала шынайы Исламды түсініп, соған сай өмір сүруді нәсіп етсін!

 

Асылбек Әуезханұлы,

исламтанушы  

Медиа

Жоғарыға