maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Өз болмысымыздың сырын Құраннан іздесек...

Өз болмысымыздың сырын Құраннан іздесек...

Жаратылыс туралы ой өрбіткенде, күллі болмыстың өзегі адам баласы екенін көреміз. Жан-жануарлар, өсімдіктер әлемі, барлық табиғи құбылыстар адамзаттың игілігіне қызмет етуде. Қасиетті Құранның өзінде де ең алдымен адамның тәрбиесі мен өмірлік бағыт-бағдары қамтылған. Қай дәуірде болмасын, адам деген кім, ол не үшін жаратылған,  қайдан келген, қайда барады, оның жаны қандай нәрсе, тәнінде қандай ерекшеліктер бар деген сұрақтарға жауап ізделіп келген.

 

Алайда қанша көп жұмыс атқарылса да, тіпті заманауи технологиялар пайдаланылып жатса да, бұл сауалдардың құпиялары толық шешіліп болған жоқ.

Өзімізді-өзіміз жаратпаған соң, өз сырымызды да жан-жақты ұғына алмасымыз анық. Демек, адам табиғатын оны жаратушы Алладан артық білетін ешкім жоқ.  Қасиетті Құранда Алла Тағала былай деп баян етеді: «Жер жүзінде Аллаға айқын иман келтіргендер үшін көптеген аят-айғақтар бар. Сондай-ақ өз болмыстарыңда да! Сонда да көрмейсіңдер ме?» («Зарият» сүресі, 20,21-аяттар). Осы аят арқылы Жаратушы Иеміз бізді бір сәт өзімізге, нәпсімізге, дене-бітімімізге, ақылымыз бен жүрегімізге, ішкі жан дүниемізге, жүріс-тұрысымыз бен мінез-құлқымызға көзімізді ашып қарауға шақырып тұр. Өйткені көбінесе, өзімізге ой көзімізбен қарамаймыз.

Біле білсек, көзіміз, құлағымыз, тіліміз қандай ғанибет?! Бірі көреді, бірі естиді, ал енді бірі сөйлейді. Жүрекпен әр нәрсені сеземіз,  ойлай аламыз, пікір етіп ақылға сала аламыз. Бұдан басқа ағзаларымыз ше? Бәрі де Алла Тағаланың ғажайып нығметі емес пе? Осылардың қыр-сырына қаныққымыз келсе, қасиетті Құранды оқуға мәжбүрміз.

Иә, адам туралы Құраннан артық сыр шертетін ешбір кітап жоқ. Мәселен, қол-аяғымыздың не себепті дәл осылай жаратылғанын қасиетті Кітаптан білеміз. Осының бәріне көз жұма қарайтын болсақ, онда осыншама ғаламның күллі адамзат үшін жаратылғаны былай тұрсын, өзіміздің түп мақсатымызды да ұғынып жарытпаймыз.

Алла Тағала барлық нәрсені, соның ішінде адамды жаратқанда, оған белгілі бір өлшем берген. Алланың өлшемі берілмеген ешбір жаратылыс жоқ. Адамның әрбір әрекетіне дейін алдын-ала белгіленгенін байқаймыз. Мысалы, адамға сөйлеу, ұйықтау, күлу мен жылау, тамақ жеу, қуану мен қайғыру секілді қабілет-қарымдар берілген. Мұның бәрі – өлшемдер. Ал енді бұл қабілеттерді қалай қолданудың жөні Алланың шариғатында тұр. Көп сөйлеу, көп ұйықтау, көп тамақ жеу иманды әлсіретіп, шегінен шықса, жүректі қарайтып жіберетіні де айтылады.  Сөйлегенде, өтірік емес, туралықты айтамыз. Бұл да – шарғи өлшем.  

Қасиетті Құранда пенденің жаратылыстағы табиғи мінез-құлқына дейін қозғалған. Айталық, «Әнбия» сүресінің 37-аятында: «Адам баласы тым асыққыш, сабырсыз болып жаралған», - делінеді. Шынында да, сондай емеспіз бе? Пенде болған соң, асығамыз да жүреміз ғой.

Адамзаттың өте әлсіз жаратылыс екені де қасиетті Құранда баян етіледі: «...өйткені адам баласы өте әлсіз болып жаратылған» («Ниса» сүресі, 28-аят). Соған қарай Жаратушымыз бізге берген жүгін де жеңілдеткен. Білген адамға Алланың шариғаты қандай жеңіл! Алла пендесіне ауырлық қаламайды, жеңілдік қалайды. Бұл да қасиетті  кәламда айтылған қағида. Мысалы, ер адамның әйелдер қауымына қатысты әлсіздігі бар. Сондықтан Жасаған Иеміз ерлерге жұбайлар жаратып, олармен адал неке құруға шақырады.

Қасиетті Құранда «Инсан» (Адам) деп аталатын арнайы сүре де бар. Сол сүре былай басталады: « Заман ағымында сондай ұзақ дәуір өтті, ол дәуірде адамның аты-дағы аталмайтын еді. Шын мәнінде, біз адам баласын құрама тамшыдан жараттық. Сөйтіп оны сынау үшін еститін һәм көретін саналы тіршілік иесі қылдық. Оған тура жолды да көрсеттік. Енді, қаласа, шүкіршіл болар, қаласа рақметі жоқ кәпір болар...» («Инсан» сүресі, 1,2,3-аяттар). Бұл аятта адамның әр алуан элементтерден құралғанынан бастап, оның жаратылыс мақсаты да бар.

Алланың сөзі Құранда «фи ахсанит-тақуим» деп адам баласының ең көркем бейнеде жаратылғаны, «ләқад кәррамна бәни әдама» деп оны ардақтап жаратқаны баян етіледі. Бірақ пенделердің менменшілдігі, білімсіз надандығы, ұмытшақтығы, жауапсыздығы да айтылмай қалмаған.

Аталмыш аяттар Құранның адам баласына негізделген қасиетті кітап екенін ұғынуға жеткілікті дәлелдер болса керек. Түптеп келгенде, Құранның өне бойында басқаға емес, адамға бағытталған нұсқаулар тұнып тұрғанын аңғаруға болады.

Ендеше, адам баласы, соның ішінде өз басымыз туралы терең мәлімет алу үшін алдымен қасиетті Құранды оқуымыз қажет-ақ.

Алла Тағала парасат-пайымымызды кеңейтіп, зейінімізді күшейтсін!

 

Асылбек Әуезханұлы,

исламтанушы

Медиа

Жоғарыға