maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Фатих сүресінің түсу тарихы

Фатих сүресінің түсу тарихы

Қасиетті Құранда «Әл-Фәтих» деген ғажап сүре бар. Әлбетте, Құранның әрбір сүресі, әрбір аяты ғажап қой. Бірақ бұл сүрені ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өте үлкен тебіреніспен қабылдап алған болатын.

Бір сапарда Омар ибн Хаттаб сүйікті Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) қатарласып келе жатады. Бір кезде Алла Елшісінен (с.ғ.с.) бір нәрсе сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жауап бермейді. Екінші рет сұрайды. Тағы үндемейді. Үшінші рет те ләм-мим деп жауап қайырмайды. Сонда Омар (р.а.) өзіне-өзі: «Анаң сені жоғалтып алғыр, Омар-ай! Алланың елшісіне (с.ғ.с.) бір сұрақты үш рет қойдың ғой...» Осыдан кейін болған оқиғаны хазірет Омар былай деп әңгімелеп береді: «...Осыдан кейін түйемді жылдам жүргіздім де, адамдардың алдына қарай шығып кеттім.

Бірақ ішімнен енді мен туралы Құран аяты түсер ме екен деп қорқып келе жатырмын. Көп өтпей-ақ бір жаршы менің атымды айтып шақырды. Оған да: «Ант етейін, мен жайлы Құран аяты түсе ме деп қорқамын» деген сөзді айттым. Сосын Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жанына келіп сәлем бердім. Ол (с.ғ.с.) маған: «Осы түнде маған сондай бір сүре түсірілді, ол мен үшін үстіне күн сәулесі түсетін барлық нәрседен де сүйкімдірек» деді де: «Міне, осылайша Алла сенің өткен һәм келешек күнәларыңды кешіреді, саған берер нығметін тамамдайды және сені тура жолға салады» («Фәтих» сүресі, 2-аят) деген аятты оқып берді». Міне, «Әл-Фәтих» сүресі осылай түсірілген болатын.

Сондай-ақ әйгілі сахаба Әнас (р.а.) былай деген: «Шүбәсіз, Біз саған (көптеген жеңістердің басы болған) ап-айқын жеңіс нәсіп еттік» («Фәтих» сүресі, 1-аят) деп басталатын сүре басынан аяғына дейін Алла Елшісі (с.ғ.с.) Һудайбиядан қайтып келе жатқанда түсірілді. Сол кезде ол: «Маған түп-түгел дүниенің бәрінен де артық көретін бір аят түсірілді» деген болатын. Расулуллаһ (с.ғ.с.) осы аятты оқып бергенде, сол жерге жиналғанда тұс-тұстан: «Құтты болсын, уа, Расулаллаһ!» деп құттықтауларын жаудырып жатты. Соны жұрт ішінен бір кісі тұрып: «Алланың Сізге не жасайтыны айтылыпты. Жақсы! Ал енді бізге не жасар екен?» деген уайымға толы сұрағын қойды. Осы кезде Жаратушы Иеміз аталмыш сүренің мына аятын түсірген еді: «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдерді ішінде мәңгі бақи мекендейтін, астынан өзендер ағып жататын жәннат бақшаларына кіргізу әрі олардың күнә-қателіктерін кешіру үшін Алла олардың жүректерін тыныштандырды. Міне, бұл – Алланың құзырындағы елеулі жетістік, орасан зор табыс!» («Фәтих» сүресі, 5-аят).

Ал, енді сүренің атауындағы (Фәтих) «жеңіс» қай жеңіс деген сауалдың айналасында әр келкі пікірлер айтылады. Мәселен, Әбу Жағфар Рази оны Мекке жеңісі деп түсіндіреді. Мүжаһид болса оны Хайбар жеңісі дегенге сайдырады. Алайда көпшілік ғалымдар оның «Һудайбия келісім-шартындағы» жеңіс екендігіне тоқтаған.

Бұл жердегі «фәтих» сөзінің қазақша мағынасы «жабық нәрсені ашу» дегенге саяды. Мекке мүшриктерімен Һудайбияда бейбітшілік келісімі болытын, болмайтыны белгісіз болатын. Алла Тағала осы белгісіздікті ашты делінеді.

Абдулуахид Мәлиһи Бәраның мына сөзін жеткізген: «Сендер жеңіске  дайындалып жатырсыңдар, жеңіске! Меккенің жеңісіне! Ал, біз болсақ,  Ридуан байғатының жеңісіне әзірленіп жүрміз. Һудайбия күнінде біз Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жанында 1400 кісі едік. Һудайбия деген – бір құдықтың аты. Біз сол құдықты тауыстық. Ішінде бір тамшы да су қалдырмадық. Бұл жағдай Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құлағына жетті. Сонда Ол (с.ғ.с.) құдықтың қасына келіп отырды. Сосын бір ыдыспен су алдырып, дәрет алды. Ауызына су толтырып алды да, дұға етті. Сосын ол суды құдыққа шығарды. Осыдан кейін бәріміз құдықтан алыстау жерге кетіп қалдым. Біраз уақыттан соң келгенімізде құдықта бізге және көліктерімізге жетерлік су шықты...». Бұл да бір Құдайдың құдіреті һәм 1400 сахабаға берілген Алланың жеңісі болса керек.

 Танымал ғалым Зүһри былай деген: «Һудайбия келісімінен артық жеңіс жоқ! Соның себебімен Мекке мүшриктері мен мұсылмандар араласып бір-бірінің сөзін есітті. Жүректерге Ислам орнады. Үш жылдың ішінде талай кісі мұсылман болды. Сол арқылы мұсылмандардың қуаты артты».

Жалпы, оқиға былай болған. Алланың елшісі (с.ғ.с.) сахабаларымен бірге Қағбаны зиярат ету мақсатымен қасиетті Меккені бетке алып келе жатады. Ойларында соғысу ниеті атымен жоқ. Қолдарында қару да жоқ. Алайда меккелік мүшриктері көкейіндегі бұрынғы кек пен кірден, жаулық пен қастықтан әлі арыла қойған жоқ еді. Бәз баяғы надандық әдеттер әлі күнде жалғасып жатқан. Мұсылмандарды Һудайбия деген жерде алдарын бөгеп тоқтатып алды. Жолдарын кесіп Меккеге кіргізбей тұрып алды. Сол кезде Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) олармен бір келісім-шарт жасасады. Бірақ ол шарт бастан-аяқ мұсылмандардың зиянына шешілгендей болып көрінеді. Келешекті жақсы білетін Алла Тағала Елшісіне келер жылы мұсылмандардың Меккеге аман-есен кіре алатынын білдіреді. Осыны Алла жеңіс деп білдірген дейді бір топ ғұламалар.  Қандай мазмұндағы келісім болса да, өз отандарын 5 жыл бойы көрмей, өлердей сағынып келе жатқан сахабалар үшін бұл жағдай өте ауыр тиді. Құрбандық шаламыз деп өздерімен бірге жетпіз түйе де алған. Миқат сызығынан өтерде Ихрам киімдерін де киіп алған. Көңілдері әне-міне қауышатын қуаныштарына толып келе жатқанда, алдарынан мынадай бөгет шығады. Бұл, әлбетте, ешкімге оңай тимейтін жағдай еді.

Не керек, келісім жасалады, екі тарап қолдарын қояды. Бірақ сахабалардың көңілдері еш көтерілмей-ақ қойды. Наразылықтары Пайғамбардың көзінше де айтылып қалып жатты. Сол кезде Алла Тағала осы «Фәтих» сүресін түсіреді. Осы сүре мұсылмандардың жабырқау көңілдерін жадырататып жіберді. Өйткені келер жылы олар тек Умра жасап қана қоймай, Меккенің түгелдей мұсылмандар игілігіне өтіп, толықтай жеңіске жететінін өз көздерімен көретін болды.

Ал, енді кезінде Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бүкіл Меккеде жапа-жалғыз күй кешіп, жалғыз өзінің ұлы жолға шыққанын бір ауық еске алып көрейікші. Бір Алладан басқа ешкімі жоқ. Сол кезде мұңайып келіп жан жары Хадишадан: «Осы жағдайда маған кім иланып, кім иман келтіреді екен?» деп сұрап та қоятын. Дүние осыншалық кең? Адамдар осыншалық көп! Болып жатқан жағдайлар мұсылманшылықтан соншалық ұзақ! Не істемек? Қай жағынан бастамақ? Айтпаса естімейтін саңыраулар бар. Ашып көрметпесе көрмейтін соқырлар бар. Осы кезде ізгілік пен пәктікке, ақиқатқа құрылған хақ дінді, Алланың дінін бүкіл болмысқа жеткізу деген ұлы міндетті арқалап тұрып, өзінің бұл жалғанда жалғыздығын сезінуден артық мұң бар ма? Ол жүкті иығына артып көтерген адам ғана сезіне алса керек.

         Қасиетті Құранның «әл-Фәтих» сүресі осындай күйде жүрген Алла Елшісінің (с.ғ.с.) көңіліне қуаныштың ақ жауынын себелеп өткендей болды.

         Сөз соңында осы сүрені арабшасынан немесе аудармасынан толық оқып шығып, бір тұщынуға шақырамыз. Алла баршамыздың зейінімізді ашсын!

 

Асылбек Әуезханұлы,

«Асыл сөз media» шығармашылық

бірлестігінің жетекшісі, ф.ғ.к., дінтанушы

Медиа

Жоғарыға