maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

«Әлем» сөзінің құпиясы неде?

«Әлем» сөзінің құпиясы неде?

Әрбір сөздің астарында терең мән-мағына жатады. Мысалы, қазақ тілінде «әлем» деген сөз бар. Оның қазіргі мағынасы баршамызға түсінікті. Оны қазір «дүние жүзі», «ғалам»  деген мағынада ұғамыз. Енді бұл сөз әу баста қайдан шықты немесе қай тілден енді? Сөз астарына тереңірек үңілсек, сөздің шығу төркінінің жаратылыс құдіретімен астасып жатқанын көреміз.  

 

Араб тілінен енген «әлем» сөзінің тіліміздегі тікелей аудармасы «белгі», «нышан» деген мағыналарды білдіреді. Алла Тағаладан басқа жаратынды нәрселердің аты. Себебі, барша жаратылыс – күллі дүниені Жаратушының бар екенін білдіретін белгі (жеміс) іспетті. Олай болса, күллі болмыс Алла Тағаланың бар екенін, бір құдіреттің бар екенін білдіріп тұратын белгі.

Әлем – сансыз әлемдердің жиынтығы. Айталық, күн бір әлем, су бір әлем, тау да өзінше бір әлем. Тіпті адам жаратылысының өзін бір әлем десек, оның көзі, құлағы, тілі, он екі мүшесі – өз бетінше бір-бір әлем. Оның бәрі ақылы бар адамға Алланың бар екенін, бір екенін паш етіп тұрған айқын белгілер.

Баршамызға белгілі қасиетті Құранның беташары «Фатиха» сүресі де «Әлхамду лилләһи раббил аламин» - «Барлық мақтау мен мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға ғана тән» деген аяттан басталмай ма? Неге олай? Өйткені Алла Тағала Өзін құлдарына таныстыруды айналамыздағы ірілі-ұсақты әлемнен бастайды. Біздің көзімізге не көрініп, бес сезім мүшемізге не сезіліп тұрса, соның бәрі де белгі, яғни әлем. Мұсылман ғұламаларының айтуынша, Алла Тағала жаратқан ең алғашқы жаратынды дүниеден бастап ең соңғы жаратындыға дейінгілердің әрбірі – әлем.  

Енді ойлап көріңіз, қазірдің өзінде болмыста қанша миллиард жаратылыс бар? Өсімдіктер әлемі, жан-жануарлар дейсіз бе, құстар мен балықтар дейсіз бе, көк пен жердің ортасында қандай болмыс болсын – баршасы Жаратушы  туралы жарыса хабар беруде.  Олардың қай-қайсы да бірін-бірі қаталамайтын жаратылыс иелері. Оның барлығын да Алла Тағала жоқтан бар етіп жаратқан. Одан да тереңірек көз жіберем десеңіз, Ибн Аббастың аяттағы «әлемдер» деген сөз мағынасынан адамзат баласымен қоса, жындар әлемін және барлық періштелер дүниесін табатынын мысал етсеңіз болады.

Ақиқатында, осынау күллі әлемді жаратқан, жоқтан бар еткен, өмірлік нәсібін өлшеп, бәріне де ризық-несібесін берген, қарнын тойдырып, шөлін басып, қорғайтын кім? Жалғыз Алла Тағала!

Қарап отырсақ, әрбір барша әлем таң қалып, таңдай қағатындай ғажайып құбылыс саналады. Соларға қарап ақыл иелері: «Неткен  ғажап жаратылыс! Мұның міндетті түрде бір Жаратушы Раббысы болуға тиіс және олар бекер жаратылмаған» деп терең ойға шомуға тиіс. Содан соң осындай ұлы Құдірет  иесі менен нені қалайды, мені нендей мақсатпен жаратты деген сұраққа қарай ойысады. Міне, әлемдердің жаратылуындағы түпкі мән де осында жатыр. Мұны жақсы ұғынған жанның иманы да кәміл болады.

Әлемнің бәрі де кейіннен жаратылған. Демек, оның бәрі де бар етушіге, яғни Аллаға мұқтаж. Өздігінен және кездейсоқ бар бола алмайды. Ендеше, осынша әлемдердің бар екенін мойындасақ, оны Жаратушы Ұлы Құдірет иесі де бар деп илануымыз – шарт. Аллаға иман келтірген пенде Оның бізге жүктеген міндеттерін де орындауға тиіс. Бізге намаз оқуды, Рамазанда ораза ұстауды, малымыздан зекет беріп, шамамыз келсе қажылық жасауды бізге парыз еткен кім? Айнала қоршаған ғажайып ғаламның шексіз Құдіретімен Жаратқан Ұлы Алла Тағала.

         Сондай-ақ, сансыз көп әлемді көргенде Алла Тағаланың ешбір нәрсені мақсатсыз, бекер, босқа жаратпайтынын да еске алуымыз керек. Сол үшін Аллаға иман келтірген адам әлемге жай көзбен емес, ғибрат көзімен қарайды. Мысалы, адамның құлағы еттен, ал көзі сұйық майдан тұрады. Сонда сол бір жапырақ етпен есіттіріп, бірнеше тамшы маймен көргізіп тұрған Ұла Алланы қалайша бүкіл кемшілік атаулыдан пәктемейсіз?

Бүкіл әлем ішіндегі таң қаларлық үйлесімді де айтпай өтуге болмайды. Қасиетті Құранда айтылғандай, «Рахманның жаратқандарынан ешбір ақау, үйлесімсіздік көре алмайсың» (Мүлік, 3-аят). Бұл – Алла Тағаланың бар болуын сезінудің міндет екенін білдіретін айқын дәлел. Сондай-ақ, Алла Тағала: «Сондай-ақ әр нәрсені жаратып, оның өлшеуін белгіледі», - деп баян етеді (Фурқан, 2-аят).  Бұған күллі болмыстың ерекше үйлесімі де кіреді. Мұның бәрі Алла Тағаланың Құдіретті, Білуші, Естуші, Көруші,  Мәңгі Тірі деген көркем сипаттарынан хабар беріп тұр. 

Егер бір дәнді топыраққа тастасаңыз, ол ылғал топыраққа түскен соң ісінеді. Қатты ісінген кезде жарылады. Бір қызығы, дән екі жақтан, астынан және үстінен жарылады. Үстінен өсімдік көктесе, астыңғы жағынан тамыры өсіп, өнеді. Міне, осындай жаратылыстың иесі, құдіреті шексіз Алла Тағала әміріне жеңіл қарауға бола ма деген ой келеді.

Жаратылысты осылайша тану арқылы пенденің Аллаға құдіретін тану сезімі артып, иманы тереңдейді. Әлемдер туралы ойланады, ақылға салады, пікір етеді. Аспанда қалықтап жүрген құсты жерге құлатпай ұстап тұрған кім? Теңізде кеме жүргізген кім? Бұлардың барлығы да – «әлем» деген сөздің астарынан шығатын қорытынды-тұжырымдар.

Қорыта айтқанда, бүкіл әлем – Алланың бар, бір екенін білдіріп тұрған белгілер. Әлем туралы терең ойлау иманның күшеюіне себеп болады. Алла Тағала баршамызды иман байлығынан ажыратпасын!

 

Асылбек Әуезханұлы,

«Асыл сөз media» шығармашылық

бірлестігінің жетекшісі, ф.ғ.к., дінтанушы

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « «ЗІЛЗӘЛ» СҮРЕСІ Фатих сүресінің түсу тарихы »
Жоғарыға