maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

«ЗІЛЗӘЛ» СҮРЕСІ

«ЗІЛЗӘЛ» СҮРЕСІ

Абдулла ибн Амр (р.а.) риуаяты: «Бір кісі келіп: «Уа, Алла елшісі! Маған барлығын бойына қамтыған бір сүре оқып беріңіз», – деп өтінді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жер сілкіндіріп қозғалған сәтте...» деп толығымен оқып шыққанда, әлгі кісі: «Сізді ақиқатпен пайғамбар етіп жіберген Алламен ант етейін, осыдан артығын істемеймін», – деді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мына жігіт мақсатына жетті (жақсылыққа жетті)», – деген екен.

 

Әнас ибн Малик (р.а.): Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жер сілкіндіріп қозғалған сәтте...» Құранның төрттен бірі», – деген.

«Зілзәл» сүресі – мәдиналық. Бірақ, тәсілі меккелік сүрелерге ұқсайды. Өйткені, бұл сүреде қиямет күннің қорқыныштары мен үрейлері жайлы айтылады. Қиямет күні болатын ауыр зілзәла жайы да баяндалады. Бұл зілзәладан заңғар таулар да жермен-жексен болады. Сол сәтте адам баласы қорқатын жердің сыртқа мәйіттерді шығарып тастау, алтын-күміс қазыналарының шығуы сияқты оқиғалар орын алады. Сондай-ақ, жер әрбір адамның жер бетінде істеген ісіне куәлік етіп: «Мына күні былай, былай істедің», – дейді. Мұның барлығы сол күннің үрейлі оқиғалары. Сондай-ақ, адамдардың махшар алаңынан жаннат және тозаққа бет алуы, бақытсыз бен бақытты болып бөлінуі баян етіледі.

بسم الله الرحمن الرحيم

إِذَا زُلْزِلَتِ الْأَرْضُ زِلْزَالَهَا

1.Жер сілкініп зілзәлә болған сәтте.

وَأَخْرَجَتِ الْأَرْضُ أَثْقَالَهَا

2.Және де жер ішіндегі жүгін сыртқа шығарған сәтте.

Қиямет күні сырнай үрленген кезде немесе одан кейін жер сілкініп, ішіндегі адам денесі мен қойнауындағы қазыналарды сыртқа шығарады.

وَقَالَ الْإِنْسَانُ مَا لَهَا

3.Адам баласы: «Бұған не болды?» – деген кезде.

يَوْمَئِذٍ تُحَدِّثُ أَخْبَارَهَا

4.Ол күні (жер) өз хабарын (жайын) айтады.

Мұның барлығын өз көзімен көрген кәпір қорқыныштан: «Жерге не болып жатыр?» – деп үрейленеді. Сонда жер Алла қалауымен өзінің жағдай тілімен жер бетінде жасалған жақсы да, жаман істің барлығын айтады.

بِأَنَّ رَبَّكَ أَوْحَى لَهَا

5.Раббыңның оған уахи етіп білдіруімен.

Алла Тағала әмір етуімен жер өз қойнауындағыны түгелдей сыртқа шығарып, барлығы жайлы хабар береді.

يَوْمَئِذٍ يَصْدُرُ النَّاسُ أَشْتَاتًا لِيُرَوْا أَعْمَالَهُمْ

6.Сол күні адам баласы топ-тобымен өз амалдары көрсетілу үшін шығады.

Адамдар қабірлерінен шығып есеп-қисап алаңына бет алады.

فَمَنْ يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ خَيْرًا يَرَهُ

7.    Сонда кім тозаңның түйірі салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді.

Дүниеде шаңның тозаңындай жақсылық істеген ақыретте оның сауабын алады. Әбу Хұрайра (р.а.) риуаяты: Бұл аят хақында пайғамбарымыз (ñ.ғ.ñ.): «Барлығын бойына қамтыған дара аят», – деген.

وَمَنْ يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ شَرًّا يَرَهُ

8.    Ал енді кім тозаңның түйірі салмағындай жамандық істесе, оны да көреді.         

Сағид ибн Жабир (р.а.): «Тамақты жақсы көре тұра міскінге, жетімге және тұтқынға жегізеді» аяты түскенде, мұсылмандар бұдан төмен амал үшін сауап берілмейді деген ойда болды. Ал, кейбіреулері өтірік, көз салу, кісі артынан сөйлеу сияқты жеңіл күнәлар үшін жазғырмайды, себебі: «Расында Алла Тағала үлкен күнәлар үшін тозақ деп ескертті», – деуші еді. Сонда осы екі аят түсті»,-деп риуаят етті.

Серікбай қажы ОРАЗ

Медиа

Жоғарыға