maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Адам ашуы туралы хадистер – ұрпаққа өнеге

Адам ашуы туралы хадистер – ұрпаққа өнеге

(Бесінші бөлім)

 

Өткен мақалаларымызда хадистің адам өміріне ықпал ету ерекшіліктері жайында айтып, мүміндікше олардың ғалымдар айтып кеткен мағыналарын түсіндіруге тырыстық. Енді бұл мақаламызда сол әңгімені әрі жалғастырып, хадистің адамды көркем мінезділікке үндейтіні туралы айтуды жоспарлап отырымыз. Бұдан бұрыңғы мақалада тақырыпты ашу үшін Әбу һурайрадан (р.а.) жеткен төмендегі хадисті келтірген болатынмыз: Бір адам пайғамбарымызға (с.ғ.с.):

 

«Маған кеңес беріңіз», – деп өтінеді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ашуланба», – деді. Осыдан кейін әлгі адам (өз өтінішін) бірнеше рет қайталады. Бірақ, пайғамбарымыз әр жолы: «Ашуланба», – деуден танбады (әл-Бұхари).

Хадистегі «ашуланба» деген сөздің мағынасы: өзіңді ашуландыратын нәрседен аулақ жүргенің дұрыс және ашу-ызаға берілме. Ашуыңды шығаратын нәрсені істеме деген мазмұнды қамтиды. Кейбір риуаяттарда пайғамбарға кеңес беруін сұрап келген адамның Әбу Дарда (р.а.) екені айтылады.

Адамға көркем мінезді үйретіп отырған хадистің келесі мағынасы – ашу барлық жамандықтың тоғысқан жері, ашудан құтылу – жақсылыққа ұмтылу. 

Хадистен байқағанымыздай сахаба кеңес сұрап келеді. «Ашулануға болмайды» деген кеңесті қанағат етпеген ол, жәннатқа апаратын бұдан гөрі пайдалырақ нәрсеге мұқтажбын деп санап, тағы да ақыл-кеңес сұрайды. Бірақ, Алланың елшісі (с.ғ.с.) өз жауабын екі-үш рет, тіпті одан да көп рет қайталағанда да, оған еш нәрсе қоспады. Себебі «кеңес бер» деп айтқан сайын, егер осы сөздің мән-мағынасын түсініп, соған сәйкес амал қылсаң, сол саған жеткілікті дегенді ұқтырғысы келді.  

Сонда ғана әлгі сахаба пайғамбардың (с.ғ.с.) бір сөзді бірнеше қайталауына көңіл аударады, оның мән-мағынасын түсінеді, мақсатын ұғынады. Себебі, имам Ахмад келтірген бұл хадистің риуаятында ақыл-кеңес сүраған адам: «Пайғамбардың (с.ғ.с.) сөзінен кейін мен ойлана келіп: ашу – барлық жамандықтың тоғысқан жері екендігін түсіндім», – деген (Духа әл-Ислам).  

Расында да ашуын тежей білген адам – ашуланбайтын адам барлық жамандық атаулыдан құтылады, жамандықтан құтылған адам жақсылыққа ие болмақ. Бір кісі пайғамбардан (с.ғ.с.):

– Ең жақсы амал қандай амал? – деп сұрапты. Сонда ол: 

Жақсы мінез-құлық. Егер қолыңнан келсе, ашуланба, – деп жауап берген. Пайғамбардың (с.ғ.с.) бұл сөзі де Исламдағы көркем мінездің орнын, оның ішінде ашуды тежей білу қасиетінің маңызын аңғарта түседі. 

Хадистің келесі мағынасы – ашу дегеніміз әлсіздік, ал байсалдылық – күштілік. Ислам этикасында дене бітімі ірі, қайраты мол болғанымен тез ашуланып, өзін ашуға жеңдіретін кісі – әлсіз. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.): 

«Палуан күшті емес, ашуын жеңген адам – күшті», – деген (әл-Бұхари, Муслим). Себебі ашуын әрбір адам ұстай алмайды. Ашуын тежей білген адам – нағыз күшті адам.

Хадистің үшінші мағынасы – ашудың жиеркенішті жемістері бар екенін көрсетеді. Ашушаңдық – айыпқа лайық қасиет. Жаман мінез-құлық – адамды қасіретке жолықтыратын жол. Егер адам ашуға берілсе, алдымен өзіне, кейін өзін қоршаған қоғамға зиян келтіретін қатерлі әрі ықпалды күштің құрбаны болмақ. 

а) Ашу – адамның денсаулығына, рухани жан-дүниесіне, мінез-құлқына, рухының азығы – сеніміне зиян келтіреді. Ашу билеген адамның түрі өзгереді, қаны қайнап, желке тамыры адырайып, қолдары дірілдеп, қимылдары өзгеріп, қалшылдап, сөздері байланыспай қалады. Сондай-ақ, ашуына мінген адам әдепсіз сөздер айтып, істерге барады және т.б. 

ә) Ашулы адымның қоршаған қоғамға келтірер зияны туралы айтар болсақ, онда ашу-ыза жүреке кек, өшпенділік тудырады және мұсылмандарды масқаралап жәбірлеуге немесе олармен ара-қатынасын үзуге себеп болмақ. Достар арасында дұшпандық және өшпенділік пайда болады. Туыстық байланыс үзіледі, рухани азғындау тарайды, қоғам зардап шегеді.  

Ашу – адамның туа бітті қасиеті, бірақ нағыз мұсылман өзінің ашулануына себеп болатын нәрселерден сақтанып, ашу-ызасын білдірмеу арқылы, ашулана қалған жағдайда сабыр ету арқылы қорғанып, жамандықтың бетін қайтара алады.  

Ашу-ызаның себептері көп және олар әр түрлі. Олардың қатарына жаман мінезге тән мен-мендік, көкіректік, басқалардан жоғары тұруға ұмтылу, басқаларды келемеждеу, қорлау, ұялту, көп әзілдеу. Әсіресе, әзілдесуге ешқандай себеп болмаса да қалжыңдауға жақын тұру, өзіне қатысы жоқ істерге араласу, жанжалдасу, сондай-ақ жоғары дәреже мен басы артық байлыққа ұмтылу қасиеттерін жатқызуға болады. Ислам діні мұсылман баласын мұндай теріс қасиеттерден аулақ болып, одан биік тұруды үндейді.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « Хадис – көркем мінез негізі Хадис – ақылдың көзі »
Жоғарыға