maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) келер заман туралы сахабалармен сұхбаты

Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) келер заман туралы сахабалармен сұхбаты

Дана бабаларымыздың келер заманды болжайтын өлеңдері бар. Соларды оқып отырғанда бұл кісілер әлі болмаған замананың тынысын қайдан біледі деген ой келетін. Сөйтсек ол кісілер шариғат кітаптарындағы келешек туралы хабарларды жақсы талдаған екен ғой. Мысалы. Сондай өлеңдердің бірінде Бұқар жырау былай деп толғанады:

 

Ханға жауап айтпасам,
Ханның көңілі қайтады,
Қандыра жауап сөйлесем,
Халқым не деп айтады?
Хан Абылай, Абылай,
Қайғылы мұндай хабарды,
Сұрамасаң нетеді,
Сұраған соң айтпасам,
Кісілігім кетеді,
Енді айтайын тыңдасаң,
Маған қаһар қылмасаң,
Қарағай судан қашып,
Шөлге біткен бір дарақ,
Шортан шөлге шыдамас,
Балықтан шыққан бір қарақ,
Ойлама шортан ұшпас деп,
Қарағайға шықпас деп,
Күн батыстан бір дұшпан,
Ақырда шығар сол тұстан,
Өзі сары, көзі көк...

Осылай басталып талай-талай жағдаяттар айтылады. Солардың бәрін дерлік қазір көзімізбен көріп жүрміз. Ал, енді ардақты Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымызды келер заман туралы толғануынаа келейік. Алла елшісі (с.ғ.с.) бір күні сахабаларын қасына жинап алып оларға келешекте  бой көрсететін біраз қауіп-қатерлерді айта бастады. Сахабалар тып-тыныш отырып тыңдай берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сөздерін:  «Сол бір кезең келгенде, сендердің жағдайларың не болмақ? – деп бастады. «Ол кезде әйелдерің бас көтереді, жалаңаш денесі жалтылдап, ашық-шашық күйде көшеде жүреді. Жамандық атаулы жан-жаққа жайылып кетеді. Ақиқатты айту деген болмайды. Сол күні күндерің не болады?», – деп бір тоқтады.

Бұл сөзді тыңдап отырған сахабалар қайран қалды. Өйткені ақыл-саналарына мұндай нәрсены сыйғыза алмады. Олардың ойынша, бір елде жалғыз мұсылман қалса да, мұндай жамандыққа жол берілмеуі керек еді. Бет-жүздері түнеріп, күңіреніп отырып Пайғамбарымызға сауал тастады: «Уа, Расулаллаһ! Осы жағдай шынымен келе ме?», – деді.  Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жаным құдірет қолында болған Аллаға ант етемін, бұдан да жаманы болады», – деді.

Сахабалар одан да қатты қиналды: «Бұдан жаманы қандай болады сонда?», – деді. Екі дүниенің сәруары, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Барлық жамандықтарды жақсылық деп көретін, ал барлық жақсылықты жамандық деп көретін сол кезеңде сендердің көрген күндерің қалай болады екен?», – деді. Мұсылмандардың басына түсетін оқиғалар Пайғамбардың (с.ғ.с.) еңсесін түсіріп, уайымға батырды.

 Осы тұста хадисті тоқтата тұрып, айналамызға көз жүгіртіп көрейікші. Осы жағдайлар біздің басымызда жоқ па? Тақымдары  жалтылдап, емшектері салпылдап, жалаңаш денесін немесе тәніне жабысқан тар киіммен бары мен нарын көлденең көздің көрмесіне қойып жүрген қыз-келіншектеріміз жоқ емес. Мұсылман бола тұра, күйеуі әйеліне, әкесі қызына, ағасы қарындасына: «Мына түрің не, етек-жеңіңді қымтап ки! Абыройыңды көшеге көрсетпе!» деп айтудан қалса, аталмыш кезең бізге де келді демеске лажымыз жоқ.

Ал, енді арақ, темекі, сыраның жамандық екенін жұрттың бәрі біледі. Бірақ дүкендерде самсап тұр. Бір-біріне қой деп жатқан адам аз. Ішпейтін, шекпейтін кісіні тым сирек кездестіреміз. Ұрлық, зорлық, зина, пара кейде жақсылық секілді насихатталады. Жігіттер мен бой жеткендер күнәлі істерін жақсылық жасап жүрміз дейді. Тыңдайтын әндеріміздің көбі «күйем», «сүйем», «сенсіз дүние қараңғыға» ойысуда. Ата-ананы сыйлау, туыстық қатынас, көрші ақысы деген ұғымдар ескіліктің қалдығына айналуда. Енді осының бәрін ойлап отырғанда, сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «олар жамандықтың бәрін жақсылық көреді» деген сөзі қандай орынды дейміз.

Қала берді ар-намысқа, ынсапқа, адмгершілікке, жомарттыққа, қанағатқа келгенде, оған таласып жүргендерді көп көрмейміз. «Құран оқы, намазыңа мұқият бол, ғылым-білім ізден!» деген сөзге бүгін кейбіреулер күліп қарайды. «Қай ғасырда тұрып жатырмыз?» дейді. Ендеше, жақсылықтарды жамандық көреді» дегеннің де кері келіп үлгерді.

Осының жан жүректерімен терең сезінсе керек, сахабалар тағы да сұрады: «Уа, Расулалла! Шынымен, сондай бола ма? Жақсылықтарға тыйым салынып, жамандықтар насихаттала ма?», –деді.

Алла елшісі (с.ғ.с.): «Одан да жаманы болады», – деді тағы да.

– Бұдан артық не болуы мүмкін, уа Алланың елшісі? – деді  уайымға шомған сахабалар.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жамандық істер жасалып жатқанын көрсеңдер де, үндемей тұра беретін, сол арқылы оған қолдау көрсететін күнге жетсеңдер, жағдайларың қандай өкінішті!»

Міне, бұл да Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) талай ғасырдан соң  келетін істерді хабарлап, білідіріп кеткені еді. Бүгін біз жастарымыздың қандай да бір ұнамсыз істеріне тыйым салмайтын болдық. «Демократия» деген сылтаумен, «ұлға отыз үйден», «қызға қырық үйден» тыйым салатын дәстүріміз  қалып барады. Қоғамдық көліктерде, көпшілік орындарда, жалпы көшелерде қаракөз қыз-жігіттердің құшақтасып, аймаласып, білгенін жасап тұрғанын көрсек те, үндей алмайтын жағдайға жеттік. Үлкендер де қой демейді. Қайтіп тыйсын, егер өздері қартайған кемпір басымен шашын бояп, тар шалбар киіп, боянып сыланып жүрсе. «Өзіңе қарап ал!» десе, көмейге құм құйылады емес пе? «Менің балам емес қой, өзгенің перзентіне не қатысым бар» деген түсінік те елімізді жайлап барады. Егер осы бір немқұрайлық, немкеттілік деген қоғамдық дерттен тез арада арылмасақ, қоғам адамшылық пен мұсылманшылықтан кетері сөзсіз.  Мұның бәрі, негізінен, Алланы ұмытып, Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіне құрметсіздіктен кеп шығады.

Бұдан кейін сахабалардың дауысы бәсең шықты. Жүректері қысылып, көздерінен жасы ағып отырып: «Шынымен, осылай бола ма?», – деді. Амал қанша, Пайғамбарымыз тағы әлгі жауабын берді: «Бұдан да ауыр жағдайлар келеді» деді. Осыны айтты да, ант ете отырып, Алла Тағаланың мына сөзін жеткізді: «Ұлығыма серт! Осындай деңгейге түскен қоғамның ішіне Мен бүлік-бұзақылықты селдей ағызып жіберемін», – деді.

Міне, бұл хадистің бүгінгі қоғамға берері мол. Егер де қайсыбір қоғам мұсылмандыққа, имани құндылықтарға жеңіл қараса, адамның жаратылыс мақсатына мән бермесе, осыншалықты мол қиыншылық болады. Алладан сұрайтынымыз, еліміздің бетін бұдан аулақ етсін. Қайтадан етек-жеңімізді жинап алуды жазсын. Ғасырлар бойы мұсылман болып келген текті жұрттың бұған мүмкіндігі жетеді деген ойдамыз. Алла ел-жұртымызды жақсылығынан ажыратпасын, бүлік-бұзақылықтардан Өзі сақтасын!

 

Асылбек Әуезханұлы,

«Асыл сөз media» шығармашылық

бірлестігінің жетекшісі, ф.ғ.к., дінтанушы

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « Намаз көріністері жайлы хадистер 5
Жоғарыға