maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Намаз көріністері жайлы хадистер 4

Намаз көріністері жайлы хадистер 4

Фатиханы оқыған соң, іштей «әмин» дейтін

عَن أبي هُرَيْرَة رَضِيَ اللَّهُ عَنْه أَن رَسُول الله  صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّم قَالَ : " إِذا قَالَ الإِمَام : غير المغضوب عَلَيْهِم وَلَا الضَّالّين ؛ فَقولُوا : آمين ، ف فَإِنَّهُ مَنْ وَافَقَ تَأْمِينُهُ تَأْمِينَ الْمَلاَئِكَةِ غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِه 

 Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етіледі: «Имам «Ғайрил мағдуби алейһим уа ладдооллин» десе, «әмин» деңдер, себебі кімнің әмин деуі періштелердің сөзіне сай келсе, оның өткен күнәлары кешіріледі»,-деді. Бұхари риуаяты. 1/190. Имамға ілесуші кісінің «әминді» жария айтуы жайындағы бап.

 

Бұл хадистен имамның «әминді» жария айтпайтындығын түсінеміз. Себебі «әминді» жария айту шариғатта болғанда, Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уа саллам имамға ұюшы кісінің «әминді» «уа ладдооллин» сөзінен кейін айтуын емес, керісінше имамның «әмин» дегенін естіген соң айтуын бұйыратын еді.

Имам Бұхари риуаят еткен мына хадис «әминді» жария айтуға дәлел болады:

عَنْ أَبِى هُرَيْرَةَ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ -صلى الله عليه وسلم- قَالَ :« إِذَا أَمَّنَ الإِمَامُ فَأَمِّنُوا ، فَإِنَّهُ مَنْ وَافَقَ تَأْمِينُهُ تَأْمِينَ الْمَلاَئِكَةِ غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ ».

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уа саллам: «Имам «әмин» деген кезде сендер де «әмин» деңдер. Себебі кімнің сөзі періштелердің сөзіне сай келсе, оның өткен күнәлары кешіріледі»,-дейді.

«Әминді» жария айту керек дейтіндер бұл хадисті былай түсіндіреді: «Бұл хадисте Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уа саллам намазда имамға ұйыған кісілер «әминді» имамның «әмин» дегеніне қосып айтатынын айтуда. Ал бұл артындағылар имамның «әминін» естігеніне дәлел болады».

Бұған былай жауап береміз:

«Негізінде көпшілік ғұламалар осы хадистегі: «Имам «әмин» деген кезде...» деген Пайғамбарымыздың саллаллаһу алейһи уа саллам сөзі ауыспалы мағынада қолданылып тұрғанын айтады. Мұнымен жоғарыдағы хадисті біріктіріп: «Имам «уа ладдооллиин» деген соң, «әминді» айтпақшы болса, деп түсінеміз»,-деген. Бұл Алла тағаланың Майда сүресінің 6-аятындағы:

...إِذَا قُمْتُمْ إِلَى الصَّلَاةِ...

«...намазда тұрған кездеріңде...» деген сөзіне ұқсайды. Мұнда намазды оқуға ниет қылсаңдар» деген мағына түсініледі.

Хафиз ибн Хажар рахматуллаһи алейһи «Фатхул Бәриде» былай дейді: «Ғұламалар екі риуаятты біріктіріп, Пайғамбарымыздың саллаллаһу алейһи уа саллам «Имам «әмин» деген кезде...» деген сөзі ауыспалы мағынада айтылып тұрғанын айтады».

Суюти рахматуллаһи алейһи «Тануирде» былай деген: «Көпшілік ғалымдар кейінгі сөзді алған, бірақ Пайғамбарымыздың саллаллаһу алейһи уа саллам «Имам «әмин» деген кезде...» деген сөзін тәуил қылған. Яғни, бұл сөзден мақсат имам «әмин» деуді қалаған кезде, онымен бірге ілесушілердің «әмині» бірге болады. Себебі «әмин» деулері бір-бірінің артынша айтылуы –мұстахап».

Бұл имамның «әминді» жария айтпау керектігін білдіреді. Біздің көзқарасымыз бойынша жасырын айту қуаттырақ. Себебі «әмин» дұға болып саналады, ал дұға іштей айтылуы керек. Алла тағала былай дейді:

ادْعُوا رَبَّكُمْ تَضَرُّعًا وَخُفْيَةً...

«Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер». Ағраф, 55.

Имам Бұхари да Атоның «Әмин – дұға» дегенін риуаят еткен. 

وقال عليه الصَّلاةُ والسَّلامُ : « دَعْوَةُ السِّرِّ تَعْدِلُ سَبعِيْنَ دَعْوَة في العَلاَنِيَةِ               

Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уа саллам: «Іштей жасалған дұға сырттай жасалған дұғаның жетпісіне тең»,-дейді. Бұның санады – сахих.

Ибн Хиббан «Сахихында» марфуғ түрде риуаят етеді:

«Дұғаның абзалы – іштей айтылғаны».

Сонымен қатар «әминді» айту «тағаууызды» айтудан жоғары тұрмайды. Себебі «тағаууызды» айтуды Алла тағаланың өзі бұйырған:

فَإِذَا قَرَأْتَ الْقُرْآنَ فَاسْتَعِذْ بِاللَّهِ مِنَ الشَّيْطَانِ الرَّجِيمِ

«Қашан Құран оқысаң, қуылған шайтаннан Аллаға сиын». Нахл, 98.

Солай екен Пайғамбарымыздың саллаллаһу алейһи уа саллам «тағаууызды» жария айтқаны айтылмаған. Демек, «әминді» іштей айту дұрысырақ болады. Себебі «әмин» сөзі Құран Кәрімде жоқ. Оны Фатиха мен қосымша сүренің арасында дауыстап айту қиясқа қайшы. Мұнда «әминді» сүренің бір бөлігі деп түсініп қалу мүмкіндігі бар. Қиясқа сай болғаны үшін де біз «әминді» іштей айту жайында келген хадисті жария айту жайлы келген хадистен күштірек деп есептейміз. Сахабалар мен табиғиндердің көпшілігі «әминді» жасырын айтатын болған.

Табари айтады: «Ибн Масғудтан (р.а.), Нахаи, Шафиғи, Ибраһим Тайми рахматуллаһи алейһимдардан риуаят етілгеніндей, олар «әминді» іштей айтатын».

 «Әминді» жасырын-жария айту жайындағы хадистер – сахих, екеуіне де ғұламалар амал еткен. Бірақ сахаба мен табиғиндердің басым бөлігі жасырын айтқан. Біздің жасырын айтуды абзал көретініміздің бір себебі де –осы.

 أَنَّ أَبَا هُرَيْرَةَ قَالَ : كَانَ رَسُولُ اللَّهِ -صلى الله عليه وسلم- إِذَا فَرَغَ مِنْ قِرَاءَةِ أُمِّ الْقُرْآنِ رَفَعَ صَوْتَهُ فَقَالَ : آمِينَ

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уа саллам «Уммул Құранды» оқып болған соң, даусын көтеріп «әмин» дейтін».

Бұл хадисті Дарақутни мен Хаким риуаят еткен. Дарақутни хадистің санадын хасан деген. Хаким екі шейхтің шартына сай сахих деген. Хадистің тізбегінде Яхя ибн Осман бар.

Ибн Әбу Хатим айтады: «Мухаддистер оны сөз еткен». «Әл-Жауһарун Нақи» 1/132.

Заһаби «Кашиф» еңбегінде айтады: «Оның сөзі қабыл етілмейтін тұстары бар. Оның шейхы – Исхақ Зубай.

Әбу Дәуід оны «Еш нәрсе емес» деген.

Насаи «шыншыл емес» десе, Химстың мухаддисі Мухаммед ибн Ауф оны «жалғаншы» деген.

Хадистің тізбегіндегі Исхақ ибн Ибраһим Ало Зубайди ибн Зибриқ деген кісі, екі шейх «Сахихында» және төрт «Сунан» иелері де одан хадис келтірмеген. Насаи мен Әбу Дәуід оны «әлсіз» деген. Мухаммед ибн Ауф оны «жалғаншы» деген.

Ажурри Әбу Дәуідтен риуаят еткен. Мухаммед ибн Ауф былай деді: «Исхақ ибн Зибриқтің жалғаншы екеніне күмәнім жоқ». Тахзибут Тахзиб. 1/216.

Ибн Мажа мен Ибн Жарир риуаят етіп «сахих» деген мына хадис жайында:

عن علي قال: كان النَّبِيَّ صلى الله عليه وسلم إذا قال: (وَلا الضَّالِّينَ) قَالَ : آمِينَ يَرْفَعُ بِهَا صَوْتَهُ

Әлиден (р.а.) риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уа саллам «уа ладдооллиин» деген кезде «әмин» деп даусын көтеретін». Сонымен бірге «Канзул Уммалда» да келтірілген. 4/210.

حَدَّثَنَا أَبُو بَكْرِ بْنُ أَبِي شَيْبَةَ حَدَّثَنَا حُمَيْدُ بْنُ عَبْدِ الرَّحْمَنِ حَدَّثَنَا ابْنُ أَبِي لَيْلَى عَنْ سَلَمَةَ بْنِ كُهَيْلٍ عَنْ حُجَيَّةَ بْنِ عَدِيٍّ عَنْ عَلِيٍّ قَالَ : سَمِعْتُ رسول الله صلى الله عليه وسلم إِذَا قَالَ : (وَلا الضَّالِّينَ) قَالَ : آمِينَ يَرْفَعُ بِهَا صَوْتَهُ

Бізге Әбу Бәкір ибн Әбу Шайба айтты, бізге Хумайд ибн Абдурахман айтты, бізге Ибн Әбу Ләйла айтты. Ол Салама ибн Кухайлдан, ол Хужайя ибн Адидан, ол Әлиден (р.а.) риуаят еткен: «Пайғамбарымыздың саллаллаһу алейһи уа саллам «уа ладооллиин» деген кезде «әмин» дегенін естідім». Ибн Мажа риуаяты 1/62.

Хадисте «даусын көтеретін» деген сөз жоқ. Естігенінің өзі жария айтқанына дәлел бола алмайды. Себебі әдетте жақын тұрған кісі іштей айтылған сөзді де естуі мүмкін.

Бір риуаяттарда Әли (р.а.)-дың «әминді» дауыстап айтқаны айтылған. Кейбір рауилер осы риуаяттар мен жоғарыдағы хадис бір-бірін қуаттайтынын айтады. 

Бірақ біздің сөзімізге Әли (р.а.)-дың ісі дәлел болады, оның «әминді» іштей айтқаны жайлы риуаяттар жеткен. Имамға жақын тұрған немесе оның жанында тұрған кісі имамның іштей оқығанын естуі мүмкін, бұл жария деп айтылмайды. Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уа саллам сахабаларға бесін намазын оқып бергенде, кейде Фатихадан кейінгі сүренің бір-екі аятын дауыстап айтып жіберетін. Жасырын айтудың ең шегі өзі және өзіне жақын тұрған кісінің есітуі екені белгілі. Егер бір немесе екі кісі есітсе, ол жария болып саналмайды. Біздің көзқарасымыз бойынша дауыстап айту жайындағы барлық хадистер «әминді» үйрету үшін айтылған немесе рауи кейбіреулердің естігенін жалпылама риуаят еткен.

Имам Термизи Уайл ибн Хужрдан радиаллаһу анһу риуаят еткен хадис жайлы:

عَنْ وَائِلِ بْنِ حُجْرٍ قَالَ سَمِعْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَرَأَ غَيْرِ الْمَغْضُوبِ عَلَيْهِمْ وَلَا الضَّالِّينَ فَقَالَ آمِينَ وَمَدَّ بِهَا صَوْتَهُ

Уайл ибн Хужр радиаллаһу анһу айтады: «Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уа саллам: «Ғайрул мағдуби алайһим уа ладдооллинді» оқып, «әмин» дегенін естідім. Бұл жерде дауысын созып айтты». 1/34.

Бұл – Суфиянның хадисі. Шуғбаның хадисіндегі «Бұл жерде дауысын төмендетіп айтатын» деген сөзіне қайшы келіп тұр. Шуғба хадис риуаят ету жағынан Суфияннан жақсырақ. Шуғбаның заманында хадис риуаят етуде оның теңдесі, одан артығырағы болмаған. Бұл оған нәсіп еткен. Мұхаммед ибн Аббас Насаи айтады: «Әбу Абдуллаһтан «Кім нақтырақ, Шуғба ма әлде Суфиян ба?» деп сұрадым. Ол: «Суфиян хафиз әрі ізгі кісі, Шуғба болса одан да нақтырақ әрі риуаят етушілердің ең абзалы»,-деді.

Абдуллаһ ибн Ахмед атасынан риуаят еткен: «Шуғба бұл жағынан, яғни риуаят етушілер арасында өзі дара тұлға, оның хадисті қарауы, нақтылауы және (хадисті түрлі сипаттардан) тазалауы рауилердің пайдасына».

Хаммад ибн Зайд айтады: «Егер маған Шуғба сай келсе, оған қарсы риуаят еткендерге мән бермеймін. Ал бір істе маған қарама-қарсы келсе, оны алмаймын».

Әбу Дәуідке «Ол хадис риуаят ету жағынан Суфияннан жақсырақ па?» делінді. Әбу Дәуід: «Дүниеде хадис риуаят етуде Шуғба мен Мәліктен жақсырағы жоқ»,-деді.

Тағы бір Мажаның Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят еткен хадисі жайлы:

عن أبي هريرة قال ترك الناس التأمين وكان رسول الله صلى الله عليه وسلم إذا قال ( غير المغضوب عليهم ولا الضالين ) قال آمين حتى يسمعها أهل الصف الأول فيرتج بها المسجد

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етіледі: «Адамдар «әминді» тәрк етті. Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уа саллам «Ғайрил мағдуби алейһим уа ладдооллиин» дегенде «әмин» дейтін. Тіпті бірінші саптағылар оны есітетін, онымен мешіт жаңғырып кететін»,-деген. 1/62.

Бұл хадистің тізбегінде де, мәтінінде де нұқсан бар. Оның тізбегінде Бишр ибн Рафиғ деген рауи бар. Бұхари ол жайлы «Оның хадисіне сүйенілмейді» дейді.

Ахмед оны «әлсіз» деген.

Ибн Мағин: «Мункар (қайтарылған) хадистерді айтқан»,-деген.

Насаи «күшті емес» десе,

Хафиз «Тахзибут Тахзибта» айтады: «Ибн Абдулбар «Кунида»: «Әлсіз әрі хадисі қайтарылған»,-деген.

«Инсаф» кітабында былай дейді: «Хадис ғалымдары оның хадисі алынбайтындығына келіскен, оның риуаят еткен хадистерін қабылдамаған әрі дәлел ретінде алмаған. Мухаддистер бұл жағынан бір-біріне қарсы келмеген. Ибн Хиббан айтады: «Ол Яхя ибн Әбу Касирдан  бірнеше тақырыпта жалған риуаяттар келтірген. Бұны хадис іліміне аса жетік болмаған кісі де біле алады. Және де ол оларға сүйенгендей риуаят етеді». 1/449.

Хадистің мәтініне келсек, «Онымен мешіт жаңғырып кететін» деген сөйлем «Тіпті бірінші саптағылар оны есітетін» дегенге қарсы келуде. Себебі мешіт жаңғырып кетердей дауыстап айтқанда, оны тек бірінші саптағылар ғана есітпес еді. Бұл хадисті Әбу Дәуід Бишр ибн Рафиғтің тізбегімен «Онымен мешіт жаңғырып кететін» сөйлемді қоспастан риуаят еткен. Онда былай дейді: «Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уа саллам «Ғайрил мағдуби алейһим уа ладдооллиинді» оқыса, «әмин» дейтін. Тіпті бірінші саптағы оған жақын тұрған кісі еститін». 1/352. Аунул Мағбуд.

Исхақ ибн Рахауайх «Муснадында» риуаят еткен хадис жайлы:

حَدَّثَنَا النَّضْرُ بْنُ شُمَيْلٍ ، عَنْ هَارُونَ الأَعْوَرِ ، عَنْ إِسْمَاعِيلَ بْنِ مُسْلِمٍ ، عَنْ أَبِي إِسْحَاقَ ، عَنْ ابْنِ أُمِّ الْحُصَيْنِ ، عَنْ أُمِّهِ ، أَنَّهَا صَلَّتْ خَلْفَ النَّبِيِّ صلى الله عليه وسلم ، فَسَمِعَتْهُ وَهُوَ يَقُولُ :مَالِكِ يَوْمِ الدِّينِ ، فَلَمَّا قَرَأَ وَلا الضَّالِّينَ قَالَ : آمِينَ ، حَتَّى سَمِعَتْهُ وَهِيَ فِي صَفِّ النِّسَاءِ

Бізге Назр ибн Шамил айтты, ол Һарун Ағуардан, ол Исмайыл ибн Муслимнен, ол Әбу Исхақтан, ол Ибн Умму Хусейннен, ол анасынан риуаят еткен. Анасы Пайғамбарымыздың саллаллаһу алейһи уа саллам артында намаз оқығанда, Оның саллаллаһу алейһи уа саллам «Мәәлики  иаумиддиин» дегенін естіген екен. «Уа ладдооллинді оқып болған соң «әмин» деген, мұны тіпті әйелдердің сабында тұрып естіген екен». Зайлағи, 1/196.

Бұл хадистің тізбегінде Исмайыл ибн Муслим Мекки бар. Ол – әлсіз.

Ахмед айтады: «Оның хадисі қайтарылған».

Насаи: «Ол – матрук (хадисі алынбайды),-дейді.

Ибн Мадини: «Яхядан естідім, одан Исмайыл ибн Муслим Мекки жайлы сұралды. Ол: «Ол әрдайым шатасады, бізге бір хадисті үш түрлі айтып берді»,-десе,

Ибн Мағин: «Исмайыл ибн Муслим Мекки ешнәрсе емес»,-деген.

Әли ибн Мадини: «Оның хадисі жазылмайды»,-дейді.

Сағди айтады: «Тым бос». «Мизан» 1/115.

Бұхаридың Атодан риуаят еткен толықтыруы жайлы:

عبد الرزاق عن بن جريج عن عطاء قال قلت له أكان بن الزبير يؤمن على أثر أم القرآن قال نعم ويؤمن من وراءه حتى إن للمسجد للجة

Абдураззақ ибн Журайждан, ол Атодан риуаят етеді, Ато айтады: «Оған: «Ибн Зубайр «Уммул Құранның» артынша «әминді» айтар ма еді?»,-дедім. Ол: «Ия, артынша «әминді айтатын, тіпті мешіт жаңғырып кететін»,-деді. Фатхул Бари 2/262. «Имамның «әминді» жария айтуы» жайындағы бап.

 عَنْ عَطَاءٍ قَالَ : أَدْرَكْتُ مِائَتَيْنِ مِنْ أَصْحَابِ النَّبِىِّ -صلى الله عليه وسلم- فِى هَذَا الْمَسْجِدِ إِذَا قَالَ الإِمَامُ (غَيْرِ الْمَغْضُوبِ عَلَيْهِمْ وَلاَ الضَّالِّينَ) سَمِعْتُ لَهُمْ رَجَّةً بِآمِينَ

Байхақи Атодан басқа түрде риуаят еткен. Ато айтады: «Пайғамбарымыздың саллаллаһу алейһи уа саллам сахабаларының екі жүзін осы мешітте кездестірдім. Имам «Ғайрил мағдуби алейһим уа ладдооллиин» десе, олардың «әмин» деп жаңғырғанын естідім».

Бұған айтар жауабымыз:

Мұндағы сахабалардың амалы басқа біршама сахабалардың амалы мен сөздеріне қарсы келгендіктен, дәлел ретінде ала алмаймыз. Жоғарыда Омар, Әли, Абдуллаһ ибн Масғуд радиаллаһу анһумдардың «әминді» іштей айтқанын келтірдік. Бұлар дәлел болуға жеткілікті. Табаридің айтуы бойынша: «Сахаба мен табиғиндердің көпшілігі «әминді» жасырын айтатын».

Қорытынды:

Жоғарыда талқылағанымыздай «әминді» іштей айту негізгі үкім болып саналады. Бұған қарсы дәлел келмегенше ол тәрк етілмейді. Жария айту жайында келген риуаяттардың барлығы жалпылай айтылмаған (барлық сахабалардың ісі емес), керісінше олар жекелеген істерді білдіреді (бір-екі кісінің іс-әрекеттерін жеткізген). Бірнеше мағына түсінуге болатын хадистер «әминді» іштей айту үкіміне қарсы құжат бола алмайды. Сонымен қатар ол дәлелдердің көпшілігінде ақаулар бар. Олардың сахих екендігі нақты  емес, ал нақтылары (тек бір ғана мағына түсінуге болатын хадистер) сахих емес. Сахабалардан жеткен асарлар әртүрлі, осыған байланысты қуатты дәлел деп негізгі үкім жайындағы хадистерді айта аламыз. Ал негіз жоғарыда айтып өткеніміздей «әминді» жасырын айту. Алла жақсырақ білуші!

Абышев Әскен

 

Медиа

Жоғарыға