maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Мешіт әдебін сақтау – мұсылмандық парыз

Мешіт әдебін сақтау – мұсылмандық парыз

Қазақ баласын қашан да (ұят, обал, сауап болады деп) мұсылмандық санамен тәрбиелеген. Баршамыз Алланың үйінде мүмкіндігінше құлшылық жасауға жиыламыз. Десек те, Алланың үйінде басшыға бағынбай өз білгенімен амал жасайтындар да кездесіп жатады. Көшеде кездестіретін бүлікшіл оқиғаларды кей парасын мешіттерден де көретін жағдайға жеттік.

 

Мұндай бүлікшіл оқиғалар негізінен сонау IX ғасырдан бері Ислам дінін қабылдап, Ханафи мәзһабын ұстанған қазақ елінің ауызбіршілігіне сызат түсіріп, ел арасында бүлік тудыруды көздейтін сәләфилік идеологиясына қатысты. Сәләфилік сана өкілдері мешітке келіп сүннет амалын жасаймын,  жандандырамын деп екінші бір сүннет амалын аяқ асты етіп, Құранға қарсы шығып жатқанын сезінбейтіні өкінішті. Мешіт тәртібін сақтау – әр мұсылман үшін де міндет. Осы сөзіміз қуаттау үшін төменде дәйекті дәлелдер келтіріп өттік.

Қасиетті Құранда: «Ей, мүминдер! Сендер Аллаға бойұсыныңдар, Пайғамбарға бойұсыныңдар әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де...»[1], - деп өз ортамыздан болған басшыларымызға бағынуды бұйырып отыр. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) осы аятпен ұштасқан «Тыңдаңдар, бойұсыныңдар, тіпті егер сендердің үстеріңнен басы мейіздей болған хабашилік құл билік жасаса да»[2] - деген сөзі де басшыға бағынуымыздың парыз екендігін ескертеді.

Келтірілген аят-хадистердегі әмір иесі, ол – әрине, Елбасымыз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы жолдауында: «Біз – мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз...»[3]- деп, Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатындығымызды еске салып отыр. Ендеше, басшымыздың осы сөзі қазақстандық мұсылмандардың баршасына қатысты.

Мешітте имам басшы ретінде Әбу Ханифа мәзһабымен құлшылық өтелетінін ескертсе де кейбір адамдар «рофилә ядәйни» бойынша парыздарын өтеуде. Ол адамдардың «Ибн Омар (р.а) рукуғқа барғанда және рукуғтан қайтқанда екі қолын көтермеген адамды көргенде оған тас ататын еді»[4] деген т.б. хадистерді дәлелге келтіреді. Бұл хадиске амал жасауда мұхаддистердің ережесіне сүйенеміз. Егер хадис Құранға қайшы болса, онда ол мәнсүһ (күші жойылған) болады. Демек амал етілетін хадис алдымен Құран аяттарымен ұштасуы қажет.

Жоғарыда келтірілген хадис «Мені еске алу үшін намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орында»[5], - десе Алла Елшісі(с.ғ.с.) «Неге сендер шыбындаған аттың құйрығына ұқсап қолдарыңды (қайта-қайта) көтеріп жатырсыңдар? Намазда тыныш тұрыңдар»[6], - деген аят пен хадиске қайшы келгендіктен мәнсүһ болады.

Мешітке келіп нағыз сүннетке амал жасап жүрміз деген бауырларымыз жоғарыда келтірілген Құран аяттарына, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистеріне, Құрандағы бағынуға бұйырылған басшының сөзіне қарсы амал жасап жүргенін сезінсе екен.

«Аз сөз алтын, көп сөз көмір» дегендей, әңгімені ұзақ созбай, осы келітірлген дәлелдеріміз ақылды әрі ынсаптыға жеткілікті деп ойлаймыз. Әйтпесе, Ханафи мәзһабының ғалымдарының әр мәселеге қатысты дініміздің негізгі қайнар көздері Құран мен сүннеттен келтірген дәлел-дәйектері көп-ақ.

 

Мұрат Мұстафаев, исламтанушы



[1]Ниса 4/59 аят

[2]Имам Бұхари хадистер жинағы

[3] https://infourok.ru/din-zhne-men-262680.html

[4]Имам Бұхари жинағынан

[5]Таһа 20/14 аят

[6]Муслим 27 бап 430 хадис

Медиа

Жоғарыға