maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Исламда жан мен тәннің тазалығы тең

Исламда жан мен тәннің тазалығы тең

Жалпы жан мен тән мәселесі тек дін исламда емес, барлық діндер үшін басты орында тұрған дүние. Діннің басты мақсаты да – адам жанын бұл дүниеде қасірет пен қайғыдан, ал ақыретте тозақ азабынан сақтап қалу.  Тіпті антикалық дәуірдегі ойшылдардың өзі жанның тәннен жоғары тұратынын айтқан. Олар «жан тәнді билейді» деп топшылаған. Мысалы, Сократтың шәкірті Платон жан мен тән туралы былай деп айтқан: «Тән өлсе де жан өлмейді. Жан өлімсіз. Адамның тәні атарба болса, жан сол арбаның үстінде отырған адам, яғни жан, атарбаны жүргізіп отырған адам».

 

Расында да антикалық ойшылдар айтқандай ислам да адамның екі бөлімнен, яғни жан мен тәннен тұратынын алға тартады. Ислам іліміне сәйкес жан дүние адамның мәнін білдіреді. Сондықтан исламда, ислам мәдениетінде жан тәрбиесіне көп көңіл бөлінген – «нәпсі», «нәпсі тәрбиесі», «сопылық», «тақуалық», «жүрек дерті», «жүрек көзі» сияқты т.б. көптеген діни терминологиялық категорияларды сайып келтіруге болады. Бұлардың әрбіріне қатысты арналып жазылған том-том шығармалар жетерлік. Исламдағы бір ғана «ихсан» (Алланы көріп тұрғандай сезініп ғибадат ету, сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұр) деңгейінде құлшылық ету ұғымы біраз нәрсені аңғартса керек.

Ислам адамның жаны мен тәнін бір-бірінен айырып қарамайды. Діндегі тақуа адамның жүрегі де, тәні де таза болуы шарт. Мұнда «жүрек» деп отырғанымыз «жан дуниесі», ислам ғалымдары кейде «жүрек» сөзін «жан» сөзінің синонымы ретінде қолданып келген. Мысалы, ислам іліміне сәйкес жан дүниесі бос немесе рухани азған адамды «жүрек дертіне» шалдыққан деп атайды. Сондықтан мұнда айтылып отырған «жүрек дерті» медициналық  диагноз емес, адамның рухани жан дүниесі.

Ал енді тәнге келер болсақ, онда адам денесінің әрбір мүшесі арнайы бір іс үшін жаратылғаны мәлім. Біздің әрбір мүшеміздің орындайтын өз міндеті бар. Ол міндетті сол белгілі мүшеден артық әрі жақсы ешкім орындай алмайды. Дене мүшесі сырқаттанып қалған жағдайда, оның орындауы тиіс әрекеті іске аспай қалады немесе қажетті деңгейде орындалмайды. Мысалы, адам қолмен барлық амалды жасайды, егер оның қолы ауырып қалса, онда ол бұл амалдардың барлығынан мақұрым қалып, қолы дерттен сауыққанша қолмен жұмыс жасау қабілетінен айырылады.

Сол сияқты егер адамның көзі ауырса, онда оның көру қабілеті нашарлайды немесе мүлдем көруден қалады. Осыған сәйкес жүректің де мысалын келтіруге болады. Егер жүрек ауырса, онда адамның жаны ауыр дертке шалдығады. Бұған қатысты пайғамбардың (с.ғ.с.) айтқан мынадай әйгілі хадисі бар: «Адамның денесінде бір кесек ет бар. Егер ол сау (жақсы) болса, бүкіл дене сау (жақсы) болады. Егер ол ауырса (бұзылса), бүкіл дене ауырады (бұзылады). Ол – жүрек!» (Буһари, Мүслим).

Демек, егер адамның бойындағы бір жұдырық ет сау болса, онда адам да сау-саламатта жасайды. Егер дертке шалдықса, адам науқас атанады. Мұнда пайғамбардың (с.ғ.с.) жүрегі рухани дертке шалдыққан адамды ауру деп айтуы – адамның барлық амалы, іс-әрекеті оның жүрегіне байланысты.

Негізінде дін исламға сәйкес жүректің орындауы тиіс амалы – білім алу, адамдарға жақсылық жасау, өзгелерді ізгілікке шақыру және Аллаға құлшылық қылу. Өйткені, Алла тағала Құранда: «Мен жын мен адамдарды Өзіме құлшылық жасаулары үшін ғана жараттым», – деп айтқан (Зарият: 56).

Абай атамыз да жүректің адамға билік жүргізетіні жайында өзінің қара сөздерінде айтып отыр: «...Мен – адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тіршілік жоқ. ...мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады...». Бұл жерде жүректі адам денесінің патшасы әрі оны адамгершілік сипаттарының қайнар көзі, ұлы мекені деген танымды анық ұғынуға болады (Құнанбаев А. Аудармалар мен қара сөздер).

Егер жүрек дертке шалдыққан болса, онда ол осы аталған орындауы тиіс міндеттеріне немқұрайлы қарайды, дұрыс орындамайды немесе бұған мүлдем мойынсынбайды. Ондай адамның айтқаны өтірік, амалы бұзық. Басқаларды жамандайды, аманатқа қиянат жасайды, сөзінде тұрмайды, қатыгез болады. Сол себепті мұндай адамды дін исламда «жүрек дертіне шалдыққан адам», – деп атайды.

Мұсылман ғалымдары бір ауыздан «Жүрек ауруы – қатерлі дерт» деген тоқтамға келеді. Алла адамды мұндай дертке шалдырмасын. Себебі, жүрек науқастығының нәзіктігі сонша, адам бұл ауруға шалдыққанын сезбей де қалады екен. Ондай адам күнделікті өзінің ықтиярымен, қалау-жігерімен өмір сүріп жүргендей сезінеді.  

Ал енді ортағасыр ғалымы «жаррах әл-қалб» (жүрек дәрігері) Әбу Хамид әл-Ғазали айтқандай мұндай дертке шалдыққанын білген адам, бұл аурудан емделудің жолы ауыр және ол үшін көп машақатқа сабырлық танытуы қажет. Себебі, жүрек дертінің емі – нәпсіге қарсы күресу. Өйткені ол нәпсінің қалауы мен тойымсыздығына қарсы күндіз-түні  күресіп отырады. Кейбір діндар тақуалар мұндай емшараны жанның шығуымен теңеген. Өйткені, адамның жаны қалап тұрған нәрсеге (құмар ойнау, ұрлық жасау, былапыт сөздер айту, қиянат қылу, зорлық көрсету сияқты т.б. күнә амалдарға) қарсы сабырлық танытуы қиынның қиыны.

Қорыта келе ислам жоғарыда айтқанымыздай жән мен тәннің тазалығын бөліп қарамайды. Басқаша айтар болсақ, жаны таза адамның тәні де таза. Жаны таза адамның мінезі көркем. Ал көркем мінез пайғамбар (с.ғ.с.) айтқандай діннің жартысы. Өйткені көркем мінез пайғамбарларға тән сипат. Ондай жағдайға тақуа адамдар нәпсімен күндіз-түні күресу арқылы жетеді. Көркем мінезді адамға Алла Тағала разы болмақ.

Ал жаман мінезді ертедегі дін ғалымдары адамның барлық амалын жұтып жоқ қылатын умен теңеген. Ол адамды абыройсыздыққа ұшыратады, Раббысының разылығынан алыстатады.

Сондықтан «мен намаз оқимын» деп бірақ, өзінің жүріс тұрысына қарамайтын, сөйлеген сөздерін бақыламайтын, рухани дүниесіне назар салмайтын, үсті-басы кір-қожалақ адамның амалын толық деп айту қиын. «Мен намаз оқимын» деп бірақ, басқаларды алдаумен әлек болу, дінді жамылып талақты әдетке айналдыру, ұрлық жасау, зина қылу, аманатқа қиянат ету, ажырасқан соң балаларына алимент төлемей қашып жүру сияқты т.б. бұзық амалдар мұсылманға жат. Демек ондай адам жүрек дертіне шалдыққан, жаны мен тәтінің тазалығын тең ұстамайды деген сөз. Жастарымыздың жандары сау, тәндері таза болсын.

 

 

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ. Философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы.

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « АЛЛАНЫ ЖАҚСЫ КӨРДІК ПЕ?
Жоғарыға