maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Бір сенім бірнешеге қалай бөлінді?

Бір сенім бірнешеге қалай бөлінді?

Адамзат ортақ сенімде болса, халық түрлі ағымдарға, топтар мен ұйымдарға бытырап бөлінбес еді. Тіпті екі адамның ажырамастай бауыр болуының өзі жүректегі сенімнің бір болуына тығыз байланысты. Алла Тағала қасиетті Құранда мұның сырын былай деп ашып береді: «Сондай-ақ Алланың өздеріңе берген нығметін естеріңе алыңдар.  Кезінде бірің мен бірің бітіспес дұшпан едіңдер, ал бүгін Алла жүректеріңнің арасын жарастырды. Сөйтіп, оның баға жетпес нығметінің арқасында біріңе- бірің бауыр болдыңдар...» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят). Осы аятта келтірілген жүректің жарасуы, ең алдымен, сенімнің бір болуын қажет етеді.

Сонымен, мұсылмандардың сенімі қалай бірікті, кейін уақыт өте қалай бөліне бастады? Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) көзі тірі кезінде, Алладан бүкіл ислами ілімдердің бастауы болған Құран аяттары түсіп тұрған кезде мұсылмандардың сенімдері, көзқарастары, дүниетанымдары бірдей болатын. Олар Құранда қалай бұйырылса, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қалай түсіндірсе, дәл солай әрекет етуге, дәл солай өмір сүруге тырысатын. Ол кезде бүгінгідей иман шарттары (Ақида) туралы кітаптың да, арнайы ғылымның да қажеті болмаған.  

Мұсылмандар арасында түсініспеушілік туа қалса, олар дереу Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға барып, мәселені шешіп, көңілдері тынышталып қайтатын. Мұсылмандар арасында бағынушылық  қасиет үстемдік құрған болатын. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін осы бағынушылық бірте-бірте әлсірей бастады. Мәселен, пайғамбардан кейін халифа сайлау мәселесі туындағанда, мұсылмандар бұрынғыдай бір көзқараста болған жоқ. Осы тақырыпқа қатысты неше алуан пікірлер ортаға салынды.  Міне, осы түрлі пікірлер біраз уақыттан кейін пайда болатын «Шиа» ағымының шығуына іргетас болып қаланып жатты. Содан біраз уақыт өткенде үшінші халифа хазрет Осман шейіт етілді. Жәмал оқиғасы, Сыффин шайқасы орын алды. Сол шақтарда жазықсыз адам өлтіру секілді үлкен күнә арқалағандардың ақиреттегі жағдайы қалай болады дегендей иманға, сенімге қатысты сауалдар туындады. Иман мен күпірліктің аражігі, шекарасы қай жерде? Адамда таңдау еркі бар ма, еркі болса, оның шегі қай жер деген секілді көптеген сұрақтар пайда болды. Осының нәтижесінде айтылған түрлі көзқарастағы пікірлерге қарай Муржия, Харижия, Қадария, Мұғтазила, Жәһмийә ағымдары пайда бола бастады. Бұлардың бәрі тек сенімге қатысты имани тақырыптарға негізделген діни ағымдар болатын. Міне, сенімдерге селкеу түсірген түпкі себептердің бірі осы еді.

Екіншіден, Ислам діні уақыт өткен сайын кеңейіп, қанат жая бастағаны да белгілі. Жаңа дін жаңа-жаңа мемлекеттерге тарала бастады. Ислам барған жерлерде бұрынғы мәдениет, бұрынғы дәстүр, бұрынғы сенімдер болған. Енді Исламның ұстанымдары осындай өзге тамырлы сенімдермен бетпе-бет келді. Мұның бәрі өз кезегінде сенім бойынша түрлі көзқарастардың туындауына себеп болғаны сөзсіз.

Кейбіреулер адам не істесе де тек өз қалауымен ғана жасайды деп тағдырды жоққа шығарды. Тағы біреулер Құранды жаратылыс деп Алла Тағаланың Кәлам – Сөйлеу сипатына ие екендігін жоққа шығарды. Тағы бір топтар жаратылысқа ұқсап кетеді деп Алла Тағаланың кейбір көркем сипаттарын жоққа шығаруға дейін барды. Қысқасын айтқанда, осы секілді сауалдар мұсылмандардың тек көзқарастарын ғана емес, жүректеріндегі сенімдерін де бытыратып, ажырата бастады. Әрине, мұның бәрі кездейсоқ, өзінен-өзі орын алған жоқ. Осылай болуына алдымен лағынеті шайтан, содан кейін мұсылмандардың біріккенін қаламайтын дін дұшпандары мүдделі болатын. Күні бүгінге дейін мұсылмандар арасына жік салу дәстүрі тоқтаусыз жалғасып келе жатқанын да айта кеткен жөн.

Адамдардың алтыбақан алауыз болғаны мұсылмандарға керек емес. Сол себепті бүгінгі мұсылмандар да сан түрлі діни ағымдарға, топтар мен ұйымдарға бөлінбей шынайы бауыр болуға талпынғаны дұрыс. Тозған қазды топтанған қарға жейді деген аталы сөз бар. Сол секілді мұсылмандар арасында бірлік болмаған жағдайда ешбір жақсылыққа қол жетпейтіні сөзсіз. Жүрек бірікпей, елге де ешбір ізгілік ілікпейді. Онсыз пайдалы білім де, мардымды жаңалық та жүзеге аспасы анық.

Алла Тағала мұсылман жұртшылығына тас түйін бірлік-ынтымақ нәсіп етсін!

 

Асылбек Әуезханұлы,

«Асыл сөз media» шығармашылық

бірлестігінің жетекшісі, ф.ғ.к., дінтанушы

 

Медиа

Жоғарыға